Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ
Тасадан тап беріп, жағасына жармасқанды, ожданына от бүркіп ошағын қиратқанды оңай жібермесі кәдік. Онда қаһарман халықтың тамырында бүлкілдеген қызба мінездің қиып түсер қылышына соқтықтым дей беріңіз. Ал бұл ойынның салты бөлек. Өмілдірігін үзердей алқынған аттар мен үзеңгісіне шірене отырып қиқуға қиқу қосқан балуан тұлғалы азаматтардың шабысты шағы. Әмбе мыңжылдықтарды мінбеге сүйреп, мысын басқан білекті де жүректі жігіттердің ерлігінің еленер сәтінен бір қойылым.
Ұлан-байтақ даланы уысында ұстап тұрғандай, тұяғынан будақ-будақ шаң төгіп қиқулаған сайын құстай қалықтаған тұлпар мен кедір-бұдыр жолда омақаса құлармын деген ойдан аулақ азаматтар. Алаң шетіндегі алаң-елеңге түскен жанкүйер көкпарға жарақтанған жігіттердің жанталасын, тебісінен теңселе топқа кірген баран аттың бабын аңдағанда, наркескен намыстың буына балқитыны анық. Рух пен жігерді ұштастырған алып күшті екпіні алыстан барлаған жанның арқасы қозары сөзсіз. Адуынгер алып күшке сүйенген сыралғы спортты бабалардың қалай ойлап тапқанына таңғалмасқа шара жоқ. Әлем халықтары киіз үйді көріп, жасалуы мен құрылуын зерттей келе қазақтың кемеңгерлігін еріксіз бағалаған еді. Ал көкпар ойыны әлемге таныла бастағанда, жағасын ұстап үріккендер мен таңданысын жеткізгендер де табылып жатты. Бұл батыр бабалардың бүгінгі ұрпағы үшін зор мақтаныш. Шындығында қазақ халқы көкпар ойынын қалай ойлап тапты деген заңды сұрақ туындайды. Тіпті сол додаға шыдас беретін тек серке екенін дөп тапқандары бүгінгілер үшін тынып жатқан тылсым дүние екені даусыз.
Әйтсе де бағзыдан із суытпай бізге бұйырған дәстүрлі де дәріпті мейрамымыздың көрігін қыздырар көкпардың шығу тарихы екіұшты. Салиқалы салтымызды сапыра келіп, қалам ұшында ой тербеген ғалымдар «көк-бөрте» қос сөзді қосақтап, яғни терісі жыртылмайтын серкеден өрбітіп «көкпар» атауы берілген деп тұжырымдауда. Көпше күмілжіп, кібіртектемей, бұл тұста біз де ақиық ақын Мұқағалиша «Жазылмаған тарихымның жолдарын, Ауызекі аңызыңнан іздедім» деп тереңге тартып, көкпардың шығу тарихына дендеп көруді жөн санадық.
Өрісі төрт түліккке толған елдің қыста қыстау, жазда жайлау жайлаған белгілі. Сол қыстаудағы шопан тірлігінің түлені – қызыл көз, қанды азулы қасқыр. Ай қораланған күні қорасындағы тамақталған қойын көрген шопандар ширығып, талағы тарс айырылған деседі. Барлық қойшының басындағы нәубет болған соң, іргелес отыруға бекініп, түз тағысына не істеу керек деген сауал тастайды. Сөйтіп тұрақтарын бір жерден сайлаған шопандар, қораға түскен қасқырды атпен омыраулата қуып, сілесі қатқанда тақымдап тартып, қолын қол, бұтын бұт етуге дағдыланады. Қайсар қазақтың арғы бабалары қасқырдан қасқыр қоймай тақымдап, қинап өлтіріп, бертін келе көксеркеге ауысқан деген деректер кездеседі. Осы айтылған аңыздың жаны бар іспетті. Мал баққан елдің жауының бірі қасқыр екені рас. Ал мылтықсыз заманда қазақ қойын қасқырға талатып қарап отырмағаны шүбәсіз шындық. Сондықтан да көкпардың шығу тарихы осы аңызға астар болатындай. Әрине, бұл да бір түйіп қояр тұжырым ғана.
Көкпар – көне ойын. Ауыл сыртында ат тұяғының дүбірі естілсе тыпыршып тұра алмайтын, бірден кермедегі тұлпарына тұрман салатын халықпыз. Ныспысы ұлттық ат спортына тартқанмен, ойынның мән-мағынасы тереңге тамыр жаяды. Жаугершілік заманда батырлық пен ептілікке бейімдеу, сарбаз жолдасы ысқырып жеткен оқтан опат болған жағдайда, ат үстінен өңгеріп алып, жат жерге, жау табанында қалдырмауға машықтанудың ең ыңғайлы әдісі десек те болады. Өйткені шайқаста шейіт кеткен ақсүйек немесе қолбасының сүйегін жау қолына беру, жалауының жығылғанымен тең. Сондықтан да көкпар тартып, майдан даласында орын алған тосын оқиғада тосылып қалмау үшін машықтанған секілді. Бұл біз білетін бір ғана сипат.
Әртүрлі деректердің басын қосып, көкпар ойынын түркі халықтарының ортақ мұрасына да балауымызға болатындай. Қазақ сахарасында ғана емес, көршілес қырғыз, моңғол, өзбек сынды елдерде де ойналады. Баһадүр бабалардан қалған ғажайып ойынымыз «дода көкпар», «сайыс көкпар» және «жалпы көкпар» болып үшке бөлінетіні атқа мініп, қазақы қанын тулатып жүрген жандарға белгілі. Ал аймақтықтан бастап халықаралық жарыстарға дейін өтілетін түрі «сайыс көкпар». Бұл әлемдік аренаға сұранып тұрған спорт түрі десек те болады. Десе де, ат үстінде қазақтай қасқайып отыратын халық жоқ болғандықтан: «Бұл ойын емес, жабайылықтың асқан шегі», деген сараң пікірге салынып жүрген елдер де бар. Ер қанаты ат деп білген қазақтың алты жасар баласы ат құлағында ойнап, додаға сексеннің сеңгіріне шыққан қарияның өзі тіксінбей тура кіреді. Бұдан кейін сіз көкпарды қазаққа телімей көріңіз.
Шыны керек, бүгінде бір туған қырғыз ағайындарымыз бізден шыққан ойын деп ортадан оңаша тартуда. Олар да атқа мініп, жамбы атқан жұрт болғандықтан таласқа түскісі келетіні заңды-ақ. Дегенмен Сүйінбайдан жеңілген Қатағанды өмірде болмаған, бізде ондай ақын жоқ деп өткенін өшіргісі келетін қырғыздардың қылығы қызық та бұзық. «Өркениет жоқ кезде өзгелерде, біздерде алтын, күміс, мыс та болған, темірін балқытып тұлпарына, үзеңгі соққан алғаш ұста қолдан», деп айтыскер Рүстем Қайыртайұлы айтқандай, әлемге шалбар кигізуді үйреткен қазақ еліне тән ойын екені даусыз. Сол себепті дәстүрін дәріптеп жүрген азаматтарымыз көкпарды насихаттау мақсатында үлкен-үлкен жарыстар ұйымдастырып, жүйелі түрде жұмыс атқаруда. Мұның өзі егемен елдің ертеңі мен бабалар аманаты жолында істелініп жатқан ғибратты іс. Біз өткенімізді дәріптеу арқылы болашаққа жол саламыз.
Аз-кем ақсақалдардың аузынан естіген әңгімемізді тарқатсақ. Әлқиса, сайыс көкпарға 25-30 кило серке тартылады екен. Бұл жарыстың есебі ашылу немесе қос команданың біреуі айқын басымдылықпен жеңіске жету үшін. Ал дода көкпарда 80 килоға дейінгі серке салынады. Бұл ат үстінде екі аяқпен жүргендей сезінетін қазақ елінің ұландары үшін ауырлық етпейді. Сайыс көкпардың жүлде қоры бүгінгі қомақты ақша болса, бұрындары дода көкпардың өтуі тіптен ерек болған деседі. Қос төбеде тұрған шенді-шекпенді бай-манаптар, жалпылай сынға түскен азаматтарға 1 түйе немесе басқа көлемдегі мал атап, серкені маған алып кел деп дауыстайтын көрінеді. Тойға жиылған небір сайыпқырандар топтасып емес, жалғыз тақымдап бай тұрған жерге лақты алып бару керек-ті. Жүз немесе мыңдаған тақымшының арасынан суырылып шығып, өзінің ептілігін көрсеткен жан бай атаған малды еншілеп кететін көрінеді. Бұл да қазақ халқының ерлігін паш ететін, азаматтың тұрқы бөлек толағайдай жан екенін даралап беретін көкпардың бір түрі.
Хош, қазақ халқының әрбір ұлттық ойынының астарына бойласақ, тылсым да тұнық, қаһармандық пен ерлікке, әдеп пен ибаға бастайтын небір сыр жатқандай. Тек соны бүгінгі ұрпаққа жеткізе білу лазым. Ал бүгінде атойламасақ та ат ойнатып жүргеніміз бабалар ізін жалғағанымыз болар. Рас, тақымында тұлпарын тулатқан, түркілердің айбынын асқақтатқан алты Алаштың азаматтары ұлттық ойынын ойнап, сәйгүліктің қадірін білмесе қиын-ақ. Алайда ел мерейін асырған шабандоздарымыздың саны жыл сайын артып, көкпар сайыс дәстүрлі түрде өтіп келе жатқандығына да шүкір. Жауын жер жастандырмай майдан даласын босатпайтын, атқа қонса атойлап алға шығар, тақымындағы тұлпары туласа талай елдің туталақайын шығарар жұрттың қанын қыздырып, жанын рахатқа бөлейтін көкпар ойыны әрқашан көздің қарашығындай қорғалып ғасырдан ғасырға жететіні ақиқат. Бұл – бабатанымның басты кредосы.