Жыл санап елордадағы волонтерлер саны да көбейіп келеді. Жағдайы қиын жандарға қолұшын созып, көмегін аямайтын жастардың қатары қалың екендігі қуантады. «Астана жастарының» өзінде 2,5 мыңнан астам ерікті бар. Олар волонтерліктің бір реттік шара емес, күнделікті өмірдің біріне айналғанын айтады.
«Бүкіл әлемде еріктілер қызметіне ерекше назар аударылады. Шетелдік ЖОО-ға оқуға түсу кезінде волонтерлік тәжірибенің артықшылығы бар. Басқаларға көмектесуге дайын, қамқор азаматтарымыздың көп екеніне қуаныштымын», дейді волонтер Мирас Мұратов. Ол бұл қызметте қариялардың батасын алу ең үлкен құрмет екенін жеткізді. «Өзім қатысқан алғашқы үлкен шарада бізді бір күштің біріктіргенін сездім. Ол бірлік еді. Қыста және көктем келгенде жеке тұрғын үйлердің аумағын қар мен мұздан тазарту үшін қыздар мен ұлдар болып көмекке жиі баратынбыз. Көбіне көмекке жалғызбасты қарттар мұқтаж. Топтың ең кішісі болған соң үнемі үйлердің шатырын қардан тазартуға мені жіберетін. Кейбір әжелер бізді естен шығармай, қар тазалағаннан кейін шайға шақырады. Мен үшін волонтерліктен алатын ең құнды нәрсе – адамдардың шынайы алғысы», дейді Мирас.
«Астана жастары» волонтерлерді қатарына қабылдамастан бұрын оларды арнайы мектепте оқытады. Биыл 300-ге жуық волонтерді оқытуды жоспарлап отыр екен. Ұйымда волонтер болғысы келетіндер үш кезеңнен тұратын оқудан өтуі керек. «Алдымен бастапқы дайындық курсынан өтеді. Онда алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйретеді, түрлі психологиялық тренингтер де бар», дейді Нұр-Сұлтан әкімдігінің «Астана жастары» басшысы Шыңғыс Тілеулин.
Бастапқы дайындық шамамен он сабақтан тұрады. Одан кейін мамандандыру курсы өтеді. Волонтерлер бағыттарға бөлінеді. «Төтенше жағдайлардағы көмекке қатысқысы келетіндер мамандармен бірге даярлықтан өтіп, оқу-жаттығу жиындарына барады. Сонымен қатар халықаралық еріктілер мен әлеуметтік еріктілерге арналған тренингтер өткізіледі. Әрі қарай тікелей акциялар кезінде практикалық сабақтар болады», деді «Астана жастарының» басшысы.
Ұйымда 2014 жылдан бастап 2 мыңнан астам волонтер даярлықтан өтіпті. Олар Арыс қаласын қалпына келтіруге көмектесті, пандемия кезінде мұқтаждарға көмек көрсетіп, маскалар таратты және бұған дейін Қазақстанның астанасында өткен халықаралық іс-шараларға да белсене қатысқан.
Жақында қалалық волонтерлер штабы Алматы ауданы әкімдігімен бірлесе отырып, аудандағы 50 қартқа әлеуметтік көмек көрсеткен. Жалпы, егде жастағы тұрғындарға көмек беру – елордалық жастардың жылдағы дәстүрі. Қыркүйек-қазан айларында да көмекке мұқтаж жандардың ауласын, үй-ішін тазалап, 30-ға жуығына арнайы азық-түлік себеті жеткізіледі. Ал ардагерлерге қандай көмек қажет екені туралы ақпаратты аудандық Ардагерлер кеңесі беріп отырады.
«Жыл басынан бері жүзден астам қарттың ауласын қоқыстан тазартып, үй-шаруасына көмектесу, азық-түлік алып келу секілді жұмыстарды атқарып келеміз. Жеңістің 75 жылдығына арнап ардагерлердің ауласында Мемлекеттік академиялық филармониясымен бірге шағын концерттік бағдарлама да ұсындық. Тұрмысқа қажетті әлеуметтік себеттер де таратылды. Қорғаныс министрлігімен бірігіп, тыл ардагерлеріне медальдарын табыс етумен де айналыстық. Себебі карантин кезінде қарттардың сыртқа шығуы қауіпті еді. Сонымен қатар дәрі-дәрмектер мен вирустан қорғану құралдарын жеткізіп бердік», дейді Нұр-Сұлтан қалалық Жастар саясаты басқармасының бөлім басшысы Ақұлан Тастемір.
Бүгінге дейін аз қамтылған 150-ден астам қартқа азық-түлік себеті табысталған. Көмек қажет ететін егде жастағы азаматтар 109 IКomek орталығына өтініш берсе де болады.