Пікір • 12 Қазан, 2020

Ұлт қасиетін қастерлеу өнегесі

195 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тарихта әр заманда ұлт пен мемлекет келбетін жарқын да жасампаз идеяларымен айқындайтын тұлғалары болған.

Ұлт қасиетін қастерлеу өнегесі

Қазақ елі тарихында сондай тұлға – Абай Құнанбайұлы. Тәуелсіздік бас­тауында Елбасы: «Абай – қазақ хал­қының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болуы жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер. Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға» деп ақынның жаһандық аядағы құбылысына нақты бағасын да берген болатын.

Елбасы «Абай аманаты» атты та­ғы­лым мен толғанысқа толы  мақала­сында ақын мұрасын халық пен мем­лекет үшін ортақ мақсатқа жұмыл­дыр­ған темірқазық құндылық сана­тын­да айрықша айтылуы заңды дүние.

Қазіргі таңда өркениеттер гене­зи­сінде, мәдениетаралық диалогта ой бәйгесінің орны айрықша. Халыққа жол сілтер кемел ой айт­қан, заманынан озып парасат пен көр­кемдік биігіне көтерілген,  шығар­ма­шылық мұрасы қай уақытта да өмір­шең­дігін жоғалтпайтын алыптар – ұлт­тың мақ­танышы мен тірегі. Ұлы ақы­ны­мыз Абай  да осындай әлемдік деңгейдегі асқар биікке айналып отыр. Өлеңдерінің ауыздан, кітап­тары­­ның қолдан түспей келе жатқа­ны­на да бір ғасырдың жүзі болыпты.

Абай осы уақыттың ішінде ұл­тымыздың бірден-бір рухани ұстазына айналды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың  мақаласында өте ма­ңызды дүниелерді зерделеп айт­қан. «Абай мектебінен» өту,  «Ақын шығар­маларына бойлау» де­ген терең мағыналы бағыт-бағ­дар арқылы қоғамда, әсіресе өскелең ұрпақ бойында жасампаз идея­ларға ұмтылдыратын қасиетті қа­лып­тастыру жолын да көрсетіп отыр.

Елбасының «Абай аманаты» ма­қаласында «Шын мәнінде, Абайдың иек артып, тәу етіп баратын астанасы да жоқ еді. Елдікті аңсаған, бірлікті көксеген данышпан үшін мұнан артық қасірет табылмас» деп салмақты ой салатын сөзі бар.

Ұлы ойшылдың өзегін жарған елдік идеясы өткен ғасырдың 90-жыл­дары «Тәуелсіз елміз» деген қасиетті ұғыммен ұласты, ал XXI ғасыр­дың алғашқы ширегінде Елбасы қа­лып­тастырған, жаһандық кеңістікте өз орны мен беделі бар «толық мем­лекетке» айналдық. Елімізде жалпы­халықтық мызғымас бірлік пен татулық моделін қалыптастыруды ту еткен ұстанымын: «Тәуелсіздігіміздің тұғыр­лы болуы жолында мен әрбір сөйле­ген сөзімде ел бірлігі, ұлт тату­лығы мәселесін ұдайы еске салып отыратыным сондықтан», деп Елбасының тұжырымдауы мемлекетіміздің баянды болу факторын көрсетуде.

Ұлы ақын, дана ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық ме­рей­тойының шарықтау төрінде ғибратты ой-толғауларымен өрілген Елбасы ұстанымының өзегі – Абай қағидасы.

Ақынның заманының ой биігінен айтқан қағидаттарын өз өмірімен және  халқымен ұштастыра үйлестірген Елбасының мемлекетімізді бүгінгі адамзат дамуының көшіне қосқан ерен қайраткерлік қызметін бүкіл мақаланың өн бойынан, әрбір жолынан айқын аңғардық. Абай армандаған кемелдікке терең ақыл мен тегеурінді қайрат қана апаратын ақиқатты Ел­басы берік ұстанымымен жүзеге асыр­ған Тұлға ретінде халқымызға өнегелі жол салды.

 

Ерлан САЙЛАУБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры