Ғасырға жуық уақыт бойы өңіріміздегі барлық емханалар мен ауруханаларға орта және кіші медицина қызметкерлерін даярлап келе жатқан оқу орнының 85 жылдығымен ардагер дәрігерлер, мәслихат депутаттары құттықтап келді. Мәншүк мүсінінің ашылу салтанатында жұртшылықты Алматыдан Мәншүк Мәметованың немере туысы Шолпан Мәметова мен Ресейдің Псков облысы Невель ауданының дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Елена Воронкова онлайн-форматта құттықтады.
1935 жылы ашылған Ақтөбе медицина училищесі қабырғасында осы кезге дейін 20 мыңнан астам маман даярланған. Өңірдегі іргелі оқу орнын құттықтап келген облыс әкімі Оңдасын Оразалин адам өмірін құтқаруда орта және кіші медицина қызметкерлерінің еңбегінің өлшеусіз екендігін атап өтіп, қай кезде де елге қадірлі мамандар даярлап келе жатқан оқытушылық құрамға алғыс айтып, студенттеріне сәттілік тіледі. Алматы мемлекеттік медицина университетінде оқып жүргенінде майданға баруға өз еркімен арыз жазып аттанып, теңдессіз ерлік көрсеткен Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың атын иелену осы оқу орнының ұжымына орасан зор жауапкершілік жүктейтінін де атап өтті облыс әкімі. Айта кету керек, 1943 жылдың 16 қазанында Қаратай көлінің жағасында жаумен бетпе-бет қалып, ерлікпен қаза тапқан 100-атқыштар бригадасының пулеметшісі Мәншүк Мәметова мен мерген Ыбырайым Сүлейменов Невель қаласының түбінде қатар жерленген. 360 фашисті винтовкасымен жойған мерген Ыбырайым Сүлейменовтің ерлігі де осы кезге дейін айтылмай келеді. Ол қаза тапқанда, Жуалы ауданында әйелі мен бір қызы қалғанын жазған еді Әзілхан Нұршайықов.
Қазіргі уақытта фельдшер, медбике, тіс технигі мамандықтары бойынша 1500-ден астам студент білім алып жатқан Ақтөбе жоғары медицина коледжі 2017 жылы Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың есімін иеленді. Бұл істе колледждің бұрынғы директоры Вадим Югай марқұмның еңбегі зор. Ол 2006 жылы Мәншүк Мәметованың есімін беруді Үкіметке жазып, оның жауабын он жыл бойы күтті. Вадим Югай мен еңбек ардагері Ғалымжан Байдербес 2017 жылы осы оқу орнында Мәншүк Мәметова мұражайын жасақтады.
АҚТӨБЕ