Аймақтар • 12 Қазан, 2020

Таразда карантин қайта күшейтілді

956 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша Тараз қаласының әкімдігіқалада эпидемиологиялық талаптарды сақтау және қызметін бастауға дайын кәсіпорындарда тексеру жұмыстарын жүргізу шаралары күшейтілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Таразда карантин қайта күшейтілді

Алдағы уақыттарда Тараз қаласының аумағында коронавирустық инфекцияны таратпау, азаматтардың жеке қорғаныш құралдарын пайдалану және жұмыс режимін сақтау, дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз ету және профилактикалық жұмыстарды жүргізу мақсатында 12 мобильді топ құрылатын болады.

Аталған мониторингтік топ барлық кәсіпорындарда санитарлық шаралардың сақталуы бойынша тексеру жұмыстарын жүргізеді. Қала әкімдігінің мәліметінше, санитарлық талаптарды өрескел бұзу дерегі анықталған жағдайда мониторингтік топ әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жасау үшін құқық қорғау органдарын шақырады. Эпидемиялық талаптар сақталмаған жағдайда айыппұл заңды тұлғалар үшін 600 мың теңгеден астам қаражатты құрайды.

Сонымен қатар, қала әкімдігі қалада санитарлық талаптарды сақтамаған кәсіпкерлік нысандардың, оның ішінде тойханалар мен кафелердің жабылатынын хабарлайды.

«Мейрамханалар, кафелер, түнгі клубтар және басқа да кәсіпкерлік мекемелер санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс. Егер де, ескерту жасалғаннан кейін қайталап талаптарды бұзу жағдайлары орын алса, кәсіпкерлік нысандарын жабатын боламыз. Ал, қала тұрғындары міндетті түрде маска режимі мен арақашықтықты ұстану керек», делінген әкімдік хабарламасында.

Аталған мәселе бойынша Тараз қаласында 10-11 қазан күндері күндізгі және түнгі рейд жүргізілген болатын. Рейд барысында 49 нысан тексеріліп, карантин талаптарын бұзғандарға хаттама толтырылды. Оның ішінде, облыс орталығындағы «Гранд роял», «Ыдырыс», «Севинч», «Бақ береке» тойханалары да бар. Сонымен қатар, облыс аудандарында да мобильдік топтар күндізгі рейдте 100-ден астам нысандарды аралап, түнгі рейдте 80-нен астам кәсіпкерлік нысандарын тексерді.

Оның ішінде мейрамханалар, кафелер мен дүкендер де бар.

 

Жамбыл облысы