Аймақтар • 12 Қазан, 2020

Киіктің 632 мүйізімен ұсталды

781 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері жеңіл автокөлікпен 632 дана киік мүйізін үш қапшыққа салып, алып келе жатқан адамды ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Киіктің 632 мүйізімен ұсталды

10 қазан күні сағат 16.30. шамасында Орал қаласының Зашаған кентінде Экстремизге қарсы іс-қимыл және криминалдық полиция қызметкерлері күдікті көрінген «Nissan Maxima» автокөлігін тоқтатқан. Көлік иесі – 1989жылы туған Қазталов ауданының тұрғыны екен. Салонда аузын шымшып байлаған үш қапшықтың іші текшелеп жинаған киік мүйізі болып шықты. Санап көргенде, бұл қапшықтарда 632 дана мүйіз бар екені анықталды.

«Осы факті бойынша Қазақстан РеспубликасыҚылмыстық Кодексінің 339-1 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп, тексеру басталды. Күдіктіге «жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз қолға түсіру, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау немесе жою» деген айып тағылып, уақытша ұстапу изоляторына қамалды» делінген Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Бізге жеткен дерекке қарағанда, ұсталған адам 2019 жылы «заңсыз аңшылықпен айналысқаны үшін» жауапқа тартылған екен. Осы жолғы қылмысы дәлелденсе, ол 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында Қылмыстық кодекстің 339-1 бабы бойынша 39 факті тіркелген. Ал өткен жылдың 9 айында мұндай қылмыстың саны 11 болған.

 

Батыс Қазақстан облысы