Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Өргебас және Фирдоуси ауылдарын аралап, қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Үй-үйді аралап, жергілікті тұрғындармен жүздесті. Халықтың көкейіндегі мәселелерін тыңдады.
Өргебас ауылының тұрғындары мемлекет тарапынан бөлінген 17 млн теңге қаражатқа үй салуда. Елді мекенде ауызсу жүйелері жаңартылып, жолдар жөнделіп жатыр. Су шайып кеткен облыстық маңызы бар 10 шақырым автожолдың осы ауылдағы 4,9 шақырымын құрайтын 4 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 200 орындық жаңа мектеп салынып, ескі мектеп ағымдағы жөндеуден өткен. Сонымен бірге, қосымша мектептің жылыту қазандығы қойылып, фельдшерлік-акушерлік бекет салынуда.Ал, Жаңа жол ауылдық округіне қарасты Фирдоуси елді мекенінде 327 үйдің зардап шеккен 308-і бұзылып, жаңадан бой көтерді. 600 орындық мектеп жөнделіп, жылыту қазандығын табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ Өмірзақ Естайұлы дәрігерлік амбулатория құрылысында болып, Мырзакенттегі жаңа шағынауданды аралады. Жаңадан салынған кәріз жүйесі стансасының жұмысымен танысты. Жеңіс, Достық, Жаңатұрмыс елді мекендері үшін 70 гектар жер телімін құрайтын жаңа шағынауданда 1200 орындық мектеп пен балабақша, дәрігерлік амбулатория құрылысы жүргізілуде.
Түркістан облысы