Аймақтар • 12 Қазан, 2020

Өмірзақ Шөкеев: Жаңа технологияларға міндетті түрде көшуіміз керек

219 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысының диқандары тікелей себу әдісімен 168 мың га алқапқа күздік астық егуді бастады, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өмірзақ Шөкеев: Жаңа технологияларға міндетті түрде көшуіміз керек

Бразилиядан алынған дән сепкіш құрылғының көмегімен, масақты дақылдардың түсімділігі 2 есе артқан. Ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологиялардың пайдаланылуы жайында Қазығұрт ауданы, «Шарбұлақ» ауылдық округінде өткен семинар-кеңесте кеңінен айтылды. Ашық аспан астында өткен басқосуға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, агробизнес өкілдері, аудан, қала әкімдері мен шаруалар қатысты.

Сүр танапта қалдырмай тікелей себу әдістерін әлемнің дамыған елдері, атап айтқанда АҚШ, Канада, Бразилия, Аргентина елдерінің шаруалары кеңінен пайдаланады. Соңғы жылдары көп елдерде нөлдік технологияны пайдалану арқылы өсірілетін егістіктің көлемі артып келеді. Айдалмаған жерге дақылдарды тікелей себу Қазақстанның солтүстік аймақтарында да, әсіресе шөлейтті, су және жел эрозиясына ұшыраған жерлерде, дәнді дақылдарды нольдік технологиямен өсірудің тиімділігі дәлелденді.

"Жаңа технологияларға міндетті түрде көшуіміз керек. Өйткені мына бәсекелестік заманда дәстүрлі технология алысқа апармайды бізді. Біз кірісейік енді осыған. Нольдік технологияны өте белсенді қолға алып жатқан шаруа қожалықтары бар. Бұл жерде батылдық керек. Бізде бір жақсы жері 5 мың гектарлық алқаптар, ол үлкен емес. Елімізде алды миллион гектарға дейін егетін облыстар бар", - деді Өмірзақ Естайұлы.

Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов Қазақстандағы мақтаны сатып алу бағасының бекітілуін жариялады. Өңірдегі 18 мақта өңдейтін кәсіпорын шитті мақтаның тоннасын 130 мың теңгеден қабылдауды бастады. Іріленген агроқұрылымдар үшін шитті мақта бағасы әлі де өседі деп күтілуде.