Қазақстан туристік қауымдастығының өкілі, Экотуристік ақпараттық-ресурстық орталығының үйлестірушісі Алина Дәулетбақованы Алматы қаласынан арнайы шақырған – Бөрлі ауданының әкімдігі екен.
"Бүгінгі семинар-тренингте туристерге қонақжайлық үй қызметін көрсететін ауыл тұрғындарына өте пайдалы кеңестер айтылды. Соның ішінде Алматы облысына қарасты Көлсай көлдерін тамашалаушы туристерге тиімді қызмет көрсетіп, пайдаға кенеліп жүрген Саты ауылының тәжірибесі талқыланды. Қонақ қабылдайтын үйге қойылатын талаптар, қызмет сапасы, тамақ мәзірі, баға саясаты секілді нақты кеңестер семинарға қатысушы ауыл тұрғындары үшін өте маңызды болды деп ойлаймын", дейді осы шараны ұйымдастырушы Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының жетекшісі Айболат Құрымбаев.
Елімізде соңғы жылдары туризм саласын дамытуға ерекше мән берілуде. Биылғы қыркүйек айында Қазақстан халқына жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Ел ішіндегі экологиялық туризм мәдениетін барынша дамыту – өте маңызды іс" деген болатын.
Семинарда "Қонақжай үй және оның сапа стандарттары", "Туристке барынша джайлы болу үшін не керек?", "Тағам мен сусын, үстел жасауы, дастархан мәзірі", "Қонақ күтудің ең керекті талаптары", "Мәзірді есептеу, бағасын қою", "Туристік тағамдардың жаңа түрін табу" және басқа тақырыптарда қызықты сабақтар өтті. Әсіресе ауыл туризмінде кеңінен қолданылатын табиғи өнімдер, ұлттық-тарихи тұрмыс-салт дағдылары, әр ауылдың өзіне тән ерекшеліктерін тиімді пайдалануға қатысты нақты ақыл-кеңес берілді.
Батыс Қазақстан облысында туризм саласын дамыту мақсатында жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Айболат Шамұратұлы дәл осындай семинарды Бөкей Орда ауданындағы Хан Ордасы ауылында, Теректі ауданындағы Сарыөмір ауылында өткізуге ұсыныс тастаған екен. Өкінішке қарай аудан басшылары тарапынан қолдау таппаған.
"Біз Қазақстан туристік қауымдастығымен бірге шалғай ауылдарда шағын және орта бизнесті дамытып, әлемде кең тараған Community Based Tourism (СВТ) жүйесінде пайда табуға баулығымыз келеді. Бұл істе туриске қызмет көрсету мәдениеті, өңірдің ұлттық дәстүрі мен дастархан мәзірін көркем түрде ұсына білу өте маңызды. Бүгінгі семинар-тренинг ауыл тұрғындарын осыған үйретеді", дейді Айболат Құрымбаев.
Бөрліде өткен семинар қорытындысында өзара әріптестік жөнінде келісім-шарттарға қол қойылып, Бөрлі ауданында ішкі туризмді дамыту, бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру туралы уағдаластық жасалды.
Батыс Қазақстан облысы