Кино • 13 Қазан, 2020

Ресейде сақталған «алтын қорымыз» елге қашан оралады?

621 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ киносының інжу-маржаны саналатын халықтық мұра­лар­мен қайта қауышатын күн алыс емес. Нақтырақ айтқан­да, Ресейдің мемлекеттік фильмдер қорында жатқан Кеңес өкі­меті жылдары түсірілген ұлттық фильмдеріміздің түпнұсқасын цифр­лы форматқа көшіруге әзірлік жұмыстары басталып кетті.

Ресейде сақталған «алтын қорымыз» елге қашан оралады?

КСРО-ның кино өндірістік заңды­лығына сәйкес, Кеңес Одағы республикаларында түсі­рілген барлық фильмдердің түп­нұс­қаларын Мәскеу облысында орналасқан Ресейдің Мем­ле­кеттік фильмдер қорына өткізуге міндетті болатын (Домодедово қаласы, «Белые Столбы» ауда­ны). Сондықтан 1925-1993 жыл­­дар аралығында түсірілген қазақ­стандық фильмдердің таспалық түпнұсқалары аталған мекемеде сақтаулы. Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қорда мыңнан астам түрлі жанрдағы туынды сақтаулы, карти­на­лардың ішінде Сұлтан Қожы­қов, Абдолла Қарсақбаев, Вик­тор Чугунов сынды өзге де қазақ ки­носы классиктерінің шығарма­лары бар.

Талайдан бері көтеріліп келе жатқан өзекті мәселенің оң ше­шімін табуы бүгінгі көрермен ғана емес, осы салада жүрген мамандарды да қуантқан үлкен жетістік болды. Өйткені архивтегі таспада сақтаулы жатқан дүниеге екінің бірінің қолы жете бермейтіні анық. Ал біздегі қолданылып жүрген азғантай көшірмелер әлдеқашан кетеуі кетіп, ескіріп, қайта көшіруге жарамсыз болып қалған.

Жуырда ұзақ жылдан бері кино саласында еңбек етіп жүрген ерлі-зайыпты кинематографистер Тоқтар мен жұбайы Майра Қарсақбаевтар Прези­дент Қасым-Жомарт Кемелұлы­на­ ашық хат жазып, кино саласындағы он­даған жылдар бойы шешімі табыл­маған мәселелерге жеке-жеке тоқ­талып, көмек сұраған еді. Ізінше қор­дағы төл туындыларымыз­дың көшір­мелерінің толық тізбесін сатып алу, сондай-ақ таспа­ланған көшір­мелерді сандық форматқа көші­­ру жұмыстарын біріздендіру бойын­ша Мә­де­ниет және спорт министр­лігінің қолдауы­мен атал­ған жұ­мыс­тардың қолға алынған­дығы турасында сүйінші хабар кешікпей жетті.

1

Суретте: продюсер Майра Қарсақбаева мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовпен бірге. Сурет жеке архивтен алынды.

– Хатымыздың Прези­дент­ке жете қоя­ты­нына сен­беген едік. Бірақ ашық хатымыз жолданған соң Мәдениет және спорт министр­­лігі тарапынан на­зарға алынып, министр Ақтоты Райымқұловамен кез­дестік. Қазір жо­балау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ке­зінде бұған талай ақша да бөлінген, бұл бө­лек әңгі­менің жүгі, – дейді Майра Қарсақ­баева.

Оның айтуынша, қазір «Қыз-жігіт» (реж. Павел Боголюбов, 1955), «Менің атым Қожа» (реж. Абдолла Қарсақбаев, 1963), «Тақиялы періште» (реж. Шәкен Айманов, 1968), «Қыз Жібек» (реж. Сұлтан Қожықов, 1970), «Арқамызда Мәскеу» (реж. Мәжит Бегалин, 1970) сынды көркем фильм­дер іріктеліп, цифрлы көшірмесін жасау бойынша жұмыстар пысықталып жатыр. Аталған мәселе былтыр «Egemen Qazaqstan» газетінде де (2019 жылғы 16 тамыз) көтеріліп, Майра Қарсақбаеваның газетке берген сұхбатында қазақ киносының цифр­лы топтамасын тездетіп жасақтап, Ресей Федерациясы кинофильмдерінің бас архивінде сақтаулы тұрған қазақ фильмдерінің түпнұсқасын алу керек­тігі айтылған еді.

– Иә, «Egemen Qazaqstan» газеті арқылы бұл мәселені қозғадық. Мұны бір мен ғана айтып жүрген жоқпын, бұл – қазақ киносына жаны ашитын талай қазақтың талап, тілегі. Бір жағынан фильмдерімізді шашау­ шығармай сақтап келген Ресейдің архивіне алғыс айтуымыз керек. Егемендік алған жылдары фильмдерді қайтарып та алуымызға болатын еді, бірақ оны сақтайтын бізде мүмкіндік те, орын да жоқ. Нұрмұхан Жантөриннің  бобинасын (кино тас­пасын) қоқысқа лақтырып жатқанды көргеннен кейін, мұның қадіріне жететін мамандардың бізде бар екеніне күмәнді, – дейді ол.

Ал жобаға нақты қанша қаржы бөлінетіні әзірге белгісіз, өйткені  фильмдерді қайта өңдеп, заманауи бейнетасымалдағыштарға жүктеу бір күннің шаруасы емес.

«Мысалы, «Менің атым­ Қо­жа» фильмі таспа­сы­ның ұзынды­ғы 1600 метр шамасында. Өзге фильм­дердің де ұзақтығы осыған па­ра-пар. Бір фильмнің көшіру шығынын есептеген соң барып қана нақты айтуға болады. Таспадағы әр кадрды мұқият қарап, кескін түсін өңдеу сынды жұмыстар жүргізу керек болады. 30 жыл шыдап келдік қой, тағы аз күте тұруға болады», деп жымиған продюсер  кемі 50 фильмді сандық жүйеге түсіруді жоспарлап отырғанын жет­кізді. Сондай-ақ ол кинотарихымызды елге қайтару сын­ды абыройлы міндетке атсалысуда қазақ кино­сын көтерген қайраткер Олжас Сүлейменовтің ық­палы зор болғанын, биік беделімен-ақ көптеген ұйым­дастырушылық және өндірістік мәселелерді сапалы және нәтижелі шешуде аянып қалмағанын жеткізді.

«Президентке хат жазған соң мәтінді әуелі Олжас Омарұлы Сүлей­меновке көрсеттім. Толы­ғы­мен қол­дайтынын айтқан ағамыз, тиісті орын­­дарға хабарласып, мәселені реттеу қажет­тігін тапсырды. «Майра, ендігісі өз  қолыңда. Фильм­дерді әкелу жағын өздерің жүргізіңдер», деді. Ол кісі бұ­рын­нан біздің кез келген жобамызға айрықша ықы­ласын танытып келеді», дейді Майра Қарсақбаева.

Осынау отандық кино тарихын­дағы елеулі оқи­ға­дан шет қалмай, нағыз жанашырға айналған Олжастай ағамыздың өзімен тілдесіп, пікірін есту мүмкін болмады. Әйтсе де «Қазақфильм» кино­сту­диясының сценарисі, сонан соң сценарийлер алқа­сының бас редакторы қызметіне келген шағында «Қазақ киносы деген шөл далаға келдім. Егер сол шөл­ді теріммен суарып, жаңа қазақ киносының бір­неше шыбығын өсірсем, міндетім орындалар еді», деген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, кино­драматургтің батыл мәлімдемесін тағы бір жаң­ғыр­тып, еске алуды қош көрдік.

2006 жылдары «ТұранӘлем» банкінің қол­дауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ки­ностудиясы мен «Хабар» агенттігі «Белые Столбы» архивінде жатқан 30 қазақ фильмінің қай­та өңделіп, елімізге қайтарылуына мүмкіндік жа­сағаны есімізде. Қазір әлемдік кез келген кинотуындыны интернеттен, өзге де ашық дереккөздерден қиналмай-ақ тауып, қалаған уақытыңызда көруге болады. Ұлттық жауһарларымызды шашауын шығармай түгендеп, көрермен қауымды сүйікті фильмдерімізбен қайта қауыштыру сияқты орайлы сәт бізге де туып тұр екен. Сондықтан қазақ киносының  қалыптасуы мен  өркен­деу жолындағы дәстүрлі мектеп есебіндегі тарихи картиналарды кері қайтару кезек күттірмейтін һәм мұқият жауапкершілікті қажет ететін аса маңыз­ды шаруа екенін тиісті тарап қаперінде ұстаса дейміз.