Ахмет Байтұрсынұлы • 13 Қазан, 2020

Бестамақта жазылған беймәлім мақала (Ахмет Байтұрсынұлының тағы бір мақаласы табылды)

5413 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ жұртының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының бүгінге дейін беймәлім болып келген тағы бір мақаласы табылды. 1896 жылы «Тургайская газета» басылымында орыс тілінде жарияланған. Мақаланың толық атауы – «Корреспонденция (от нашего корреспондента) Бистамакская волость, Актюбинского уезда» деп аталады. Әдетте, Ахаңның қаламынан тамған әр тамшы сыяға қазақ тағдырының қилы кезеңдерінің бір сәті сыйып жатады. Қайраткер тұлға бұл мақаласында сол кездегі Ақтөбе уезіне қарасты Бестамақ болысында шешек індетіне қарсы екпе жасайтын фельдшерлік мекемелердің пайда бола бастауын қуана құптап, қазақ­тың сауатты әрі тиімді дәрігерлік көмекке көптен мұқтаж екенін тілге тиек етеді.

Бестамақта жазылған беймәлім мақала (Ахмет Байтұрсынұлының тағы бір мақаласы табылды)

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, EQ

Құнды мақаланы А.Байтұр­сынұлы атындағы Қостанай уни­верситеті филология ғылым­да­рының докторы, профессор Ал­мас­бек Әбсадық Орынбор ар­хи­вінен тауып алған. Ғалым был­тыр сәуір айында Қостанай университеті ұйымдастырған «А.Байтұрсынұлының ізімен: Орынбор кезеңі» атты ғылыми-танымдық экспедицияға жетек­шілік жасап, мұрағат көмбесінде көміліп жатқан Ахаңның «Қазақ­тардың ырымдары мен мақал-мәтел­дері» («Киргизские приметы и пос­ловицы») атты тырнақалды туын­дысын тауып, оны дәстүрлі және электронды басылымдар ар­қылы жұршылыққа жария еткен еді. Осылайша ұлы қай­рат­кердің кешегі кеңестік дәуір­дегі ұрпақ пен бүгінгі қазақ оқыр­манына белгісіз болып келген ма­­қа­ласының толық түпнұсқалық мазмұны алғашқы жарияланған уақытынан124  жыл өткен соң оқыр­манмен қайта қауышып, рухани мұрамызды толықтыра түс­кен құнды қазыналар санатына қосыл­ған.

Міне, араға бір жыл салып ға­лым тағы да олжалы болып отыр. Оның А.Байтұрсынұлы туралы ізденістері биыл да жалғасын тауып, ұлт ұстазының 1896 жылы аталмыш басылымда жарияланған кезекті бір мақаласы архив тоза­ңынан аршылып, оқырманға жол тартып отыр.

–  Мұрағатта жұмыс істеген ғалым­дарға әлдебір мәселе жөнін­дегі ізденіс жолында түрлі қиын­дықтар кездесетіні таныс. Кейбір дерек сәтін салып, тез қолға түс­се, енді бірі ұзақ ізденістердің, қазбалаудың арқауына айналады. Ал кейбірі судан шапшыған балықтай жалт беріп көрініп, демде жым-жылас болып жоғалып та кетеді. Ахаңның Орынбор қала­сынан шығып тұрған «Тур­гайская газета» басылымымен шығар­машылық байланыста болғаны ғылыми ортаға таныс. Осы газетке жарияланған Ақтөбе уезі Бестамақ болысынан жолдаған мақаласын қолға түсірудің жолы «жалт еткен» құбылысқа пара-пар болды. Ол қолымызға «Қазақтардың ырым­дары мен мақал-мәтелдері» сияқты «ә дегеннен» ілікпеді. Діт­теп барсақ та, дөп тимедік. Көп күту­ге тура келді. Оның арты пандемия лаңынан келген карантинге ұласты. Айларға созылған карантин мен локдаундар арасында жылт еткен «жылымықты» пайдаланып, мақаланының түпнұсқасын көзбен көріп, көшірмесін қолымен ұстадық. Осыдан 124 жыл бұрын басыл­ған жарияланым бүгінгі таң­­да пандемияға байланысты әлем жұрт­шылығын алаңдатқан, қазақ жұртының басшысы мен қос­шысын, ел-жұртын әбігерге салған денсаулық мәселесіне арналған екен.

Мақала жарияланған 1896 жылы Ахмет Байтұрсынұлы – 24 жастағы жас жігіт. 1895 жы­лы Орынбор мұғалімдер мек­тебін тәмамдаған соң, ұстаздық қызметке араласқан. Мақаланың өн бойындағы жас азаматтың қалам тартысы арқылы өрнектелген мазмұнда ұлттың қамын тұтас ойлайтын қайраткердің бейнесі там-тұмдап белгі береді...

Газет «өз тілшіміз» деп айдар таққан автор арнайы медициналық білімі бар дәрігерлердің қыз­мет­тері қазақ арасына фельд­шерлік пунк­ттер арқылы орныға бастауы қазақ жұртын шарлатан бақсы-балгерлердің сауатсыз ем-домы­нан құтқарады және қалалық жерлерден өте алыс далалық елді мекендерде тұратын қазақ жұрты үшін дәрігерлік мекеменің жақын болғандығы үлкен жақсылық екенін сүйсіне жазады. Сондай-ақ автор сауатыз, алаяқ бақсы-балгерлерді сын садағына алып, ресми фельдшерлік емдеу меке­мелерін көбейту арқылы ғана ел ішінде қаптап кеткен малтабар дүмше бақсы-шарлатандардан құтылуға болатынын меңзейді, дейді Алмасбек Әбсадық.

А.Байтұрсынұлы негізінен орыс жұрты қоныстанған қалалық және селолық елді мекендерде арнайы білімі бар дәрігерлердің қызметі жақсы жолға қойылғанын және науқастанған кісі жедел түр­де дәрігер көмегіне қол жет­кізе алатындығын, ал далалық өлкені жайлайтын қазақтарға бұл қызметтің жол алыстығына байланысты қолы жетпейтіндігі, осыған байланысты шарлатан бақсы-балгерлердің ем-домы үстемдік құратынын қынжыла баян­дайды. «Қазақтың басына түсіп отырған ең басты қиыншылық һәм қолайсыздық – ауыл мен қаланың алшақтығы: орыс дәрігерлері науқасты алдымен қарап, тексеріп алмай ешқандай дәрі бермейді, ал ауырып жатқан адамды жер түбінде жатқан ауылдан қалаға апару аса қиын, тіпті мүмкін емес. Қазақ ауыра қалса, не болатынын осыдан-ақ білуге болады. Бейбақ науқасқа ешбір көмексіз жату өте қиын. Ал дәрігерлік білімнен мүлде сауаты жоқ бақсыға жүгіну одан да қауіпті. Емдеудің орнына олар керісінше зиян келтіріп, адам өлтіруге дейін барады немесе ауруды асқындырып жібе­реді. Бақсыдан кейін дәрігерге қаралған науқастың айығып кетуі екіталай», деп арнайы білімі жоқ надан  бақсы-балгерлер науқасты дұрыс емдемей, уақыты озған дерт асқынып, көбіне, кеш келген білімді дәрігердің көмегіне қарамастан,  науқастың өліміне апарып қайғылы жағдаймен аяқталатынын жазады.

Мақалада автор негізінен орыс халқы мекендейтін қалалық, селолық жердегідей дәрігерлік қызметтің алыстағы қазақ аулына жеткендігіне разы бола отырып, өзі тұратын Бестамақ болысының  №4 ауылында ашылған фельдшерлік пункттің жұмысында орын алған көріністі сипаттайды. Мұнда пункт ашылысымен тұрғындар бақсы-балгерлердің ем-домына жүгінуді қойып, фельдшерге қарай ағылғанын, екінші ай ғана жұмыс істеп тұрған дәрігерлік мекемеге 200-ден астам науқас көмек сұрап келгендігін жазады және осы жұмысты жолға қойған әкімшілікке ризашылық білдіреді.

– Бестамақ болысындағы №4 ауыл, 1902-1903 жылдардағы анықтамалық деректерде «Арын­ғазиев ауылы» деп аталады. Мұн­дағы болыстық мектепте 1902 жылы Чутаев (Шотаев) деген азамат, ал 1903 жылы Мамбет Айжарықов деген азамат ұстаздық еткен. Қазір Қостанай қаласында патша тұсында сұлтандық құрған Шотай Бақтыкереевтің ұрпағы Марат Шотаев деген дәрігер тұрады. Ол кісі  шыққан жеріміз Бөкей Ордасы еді деп атайды. Бірақ Бестамақта ұстаздық еткен Шотаев туралы ешбір дерек білмейді.

Ақтөбелік өлкетанушылар №4 ауылды, яғни «Арынғазиев ауылын» тапса, А. Байтұрсынұлы 1896 жылы ұстаздық қызмет еткен елді мекен белгілі болар еді. Әзірге белгілісі:  ұлы ұстаз Ақтөбе-Ырғыз өңірінде біздің шамалауымызша 6 жыл қызмет еткеннен кейін, 1898-1903 жылдары Қостанай төңірегінде ұстаздық қызмет атқарады. Бұл жылдары ол Аманқарағай болысының №2, яғни Әулиекөл ауылдық мектебінде, одан кейін Қостанай қаласындағы екі кластық мектеп жанынан ашылған педагогикалық курста, Орынбаев (Урунбаев) мектебінде сабақ береді. Орын­баев мектебінің  Меңдіқара мен Желқуар болысының қайсысында орналасқаны әлі анық емес.  1904 жылы Ахаң Омбыға, А.Алекторов­тың жанына қызмет ауыстырады. Бұлар енді мазмұны бөлек әңгіме, – дейді Алмасбек Әбсадық.

 

Қостанай облысы