Қоғам • 13 Қазан, 2020

Отбасы істері жөніндегі басқарма неге жабылды?

371 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан облысының Қазығұрт ауданында орын алған қатігез әкенің балаларын ұрып-соғу оқиғасы әлеуметтік желіде жария болған соң ғана тиісті шаралар қолданылуда. Бүгінде мұндай оқиғаның алдын алуға болатындығы айтыла бастады. Яғни мемлекеттік органдардың міндеті – алдын-ала жұмыс істеу екені ескертілуде. 

Отбасы істері жөніндегі басқарма неге жабылды?

 

Отбасындағы озбырлықтың алдын алу үшін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия Түркістан облысында «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» қанатқақты жобасын іске асыруды бастаған болатын. Жоба аясында облыста Отбасы істері жөніндегі басқарма және 15 ауданда Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі құрылған. Бірақ әкімдік өз шешімімен облыста бұл жобаны жүзеге асыруды тоқтатып, басқарманы жауып тастады. Сондай-ақ қанатқақты жоба бойынша әр ауданда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін «Дағдарыс орындары» құрылады деп жоспарланған болатын, бұл мәселе де шешімін тапқан жоқ. Ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанованың басшылығымен Түркістан облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия мүшелерінің және өңірлік үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен онлайн-кеңесте осындай деректер келтірілді. «Бүгін біз әйелдер мен балалар құқығын қорғау мәселесін шешуде барлық құзырлы органдардың өзара үйлестіру жұмысының қажеттілігін айтып отырмыз. Көпбалалы аналар мен зорлық-зомбылық құрбандары мемлекеттік қызметшілер мен полицияның артынан жүгірмеуі, түрлі құрылымдардан қолдау іздемеуі тиіс. Мәселеге жедел жауап бере алатын, ең бастысы алдын алу үшін жұмыс жүргізе алатын бірыңғай жүйе қажет. Бұл мәселе шешілмесе, біз осындай фактілер туралы тек әлеуметтік желілерден білетін боламыз», деді кеңесте Ләззат Рамазанова.

Иә, кезінде алдына жақсы мақсаттар қойылған жоба шеңберінде құрылған Отбасы істері жөніндегі басқарманың неге жабылғаны кеңесте айтылмады. Бәлкім, оның экономикалық тұрғыда тиімсіздігі, құқық қорғау орындарына деген сенім де себеп болған шығар. Ал облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өңірде әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің 2019 жылы 29,6%-ға, балаларға қатысты 7,4%-ға төмендегенін атап өтті. Қазығұрт ауданындағы соңғы оқиға әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында ғана анықталған, дегенмен балалардың анасы полицияға агрессивті жұбайына шағымданған екен. Бұл орайда Сәкен Қалқаманов: «Ер адам ұсталып, қамауда отыр, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер әйелмен және балалармен жұмыс істеуде. Сонымен қатар учаскелік инспектордың өтініш бойынша уақтылы жұмыс жүргізбеуіне сәйкес тексеру тағайындалды», деді.

Ләззат Рамазанова қазіргі уақытта көпшілік алдында мұндай фактілердің жариялануы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін мәселені шешудің соңғы мүмкіндігі және қоғамда осындай фактілерге «нөлдік төзім­ділікті» қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Қазіргі кезде Пар­ламент депутаттары отбасылық-тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заң жобаларына бас­тама жасапты, олардың негізіне Ұлт­тық комиссия іске асырып отырған «Отба­сындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының тетіктері салын­ған. Сондай-ақ онлайн-кеңесте облыс­тағы отбасылық және гендерлік саясат­ты іске асыру мәселелері, тұжырым­дамада бекітілген нысаналы индика­тор­ларға қол жеткізу бойынша нәтижелер, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мәселелері қаралды.

Өңірде биліктің атқарушы және өкілді органдарында шешім қабылдау деңгейіндегі әйелдердің үлесі – 22,5%. Сонымен қатар Nur Otan партиясының праймеризіне облыс бойынша 353 әйел қатысқан. Ләззат Рамазанова түрлі салаларда еңбек ететін әйелдерге, оның ішінде праймеризге қатысқан әйелдерге жан-жақты қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ осы жұмыстың үйлестірушілері болатын өңірлік комиссиялардың қызметін жандандыру қажеттілігі айтылып, бұл орайда бірқатар нақты ұсыныстар берілді.

 

Түркістан облысы