Білім • 13 Қазан, 2020

Басым бағыт – білімге

685 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында білім саласын одан әрі дамытып, халыққа сапалы білімді қолжетімді ету үшін кешенді жұмыс атқарылуда. Бұл Президенттің биылғы Жолдауында айтылған тапсырма болатын.

Басым бағыт – білімге

 

Биыл облыста 6 мектеп жа­ңадан салынып жатыр. Оның құрылысына 8 млрд теңге бө­лін­ген. Бұған қоса Орал қа­ла­сы мен аудандарда мем­ле­кет­тік бағдарламалар аясында 4,5 млрд теңгеге 33 білім беру ме­ке­месі күрделі жөндеуден өту­де.

Мемлекеттік маңызы бар бұл іске қазір жеке инвесторлар да тартыла бастапты. Мәселен, осы күндері «Қаз-Холл» компаниясы Орал қаласының №31 мектебінің ғимаратын, «Нұр­капстрой» мекемесі №52 мек­теп­тің құрылысын жүргізуде.

Өңірде мектепке дейінгі ұйымдарда 30 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100 пайыз жолға қойылған. Ал 1 мен 6 жастағы балалар 70% қамтамасыз етілген.

Пандемияның себебінен бол­ған өзгерістер, қашық­тан оқу мәселесі алға шық­қа­­нымен, ұстаздар қауымы жаңа жағдайға тез бейімделді. Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақса­тында отбасылық, турис­тік, эко­ло­гиялық, техни­ка­лық ба­ғыт­­тағы шаралар қа­шық­тан ұйым­­дас­ты­ры­лып, оған 50 мың­нан астам оқушы қам­тылды.

Шыңғырлау ауданының ме­то­дикалық кабинеті рес­пуб­ликалық «Үздік аудан­дық, қалалық мето­ди­ка­лық ка­би­нет» сайысында жеңімпаз атанды.

Ал облыстық білім беруді дамыту методикалық орталығы рес­публикалық сайыста жүл­де­лі 2-орын алып, үздік шықты.

Облыстың 35 оқушысы рес­публикалық және халық­ара­лық олимпиадалар мен ғылыми сайыстардың жүлдегері болған.

– Өскелең ұрпағымыз да табыстарымен қуантып келеді. Облысымыздың 29 оқушысы дарынды балаларының «Ай­қа­нат» байқауының жеңімпазы атанып, Тұңғыш Президент қорының грантына ие болды. Бұл көрсеткіш бойынша республика бойынша бірінші орындамыз. Біздің балалар Бурабайда орналасқан IQanat High School of Burabay мектебінде оқуын жалғастыруда, – деді облыстық мәслихат депутаттары алдында есеп берген өңір басшысы Ғали Есқалиев.

Облыста білім сапасымен қатар, білім ордаларының ин­фра­құрылымын дамытуға мән берілуде.

Мысалы, 2020 жылдың ба­сында облыста оқушының көп­­тігінен үш ауысымда сабақ беретін 7 мектеп және ғи­ма­раты апаттық жағдайда тұр­ған 7 мектеп бар еді. Жыл бойы жасалған жұмыстың нәти­жесінде қазір 5 мектепте үш ауысымдылық жойылды. Қалған 2 мектептің мәсе­ле­сін өңір басшылары келер жылы шешуге уәде беріп отыр. Жақында 450 орындық мектеп пайдалануға беріліп, оған эстетикалық бағыттағы гимназия көшірілді.

Сондай-ақ биыл апатты жағ­дайда тұрған екі мектеп жаңа ғимаратқа көшеді. «Қал­ған мектептердің мәселесі де 2021-2022 жылдары ше­ші­ле­ді» дейді облыстық білім басқар­ма­сының басшысы Айгүл Мың­баева.

Биыл республикалық физика-математика мектебі Батыс Қазақстан облысында мұғалімдердің біліктілігін арттыру және қосымша білім беру орталығын ашуды жоспарлап отыр. Ал 2021 жылдың жаңа оқу жылында 1-6 сынып оқушыларына арналған «Fizmat Academy» мектебі жұмысын бастамақ.

– Елбасының бес әлеу­мет­тік бастамасына сәйкес студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында жеке инвесторлар есебінен 2020 жылы Махамбет Өтемісұлы атын­дағы Батыс Қазақстан университетіне 500 орындық жатақхана және колледждерге жалпы қуаттылығы 200 орынға арналған 2 жатақхана құрылысы жүріп жатыр, – дейді Ғали Есқалиев.

Бұдан бөлек, индус­триал­дық колледждің жатақханасы қа­зір күр­делі жөндеуден өтуде. Жөн­деу аяқталған кезде студент­терге арналған 300 орын­дық жатақхана пайда­ла­ну­ға берілмек.

Биыл 1 қыркүйекте Батыс Қазақстан жоғары медицина­лық колледжінде 144 орындық жатақхана тапсырылған болатын.

Соңғы жылдары жас түлек­тер­ге тегін білім беру үшін облыстық бюджеттен арнайы грант беріліп келеді. Биыл 100 грант бөлінді. Бұл гранттың 37-сі – өңірге аса қажетті ме­дициналық мамандыққа беріл­ген екен. Сондай-ақ 9 студент – педагогика, 4 студент теология саласы бойынша «әкім грантымен» білім алуда.

Мемлекет басшысының тапсыр­масы бойынша өңір­де­­гі барлық мектеп пен бала­бақ­ша­ны бейнебақылау жүйесімен қамту және санитарлық талап­тар­ға сәйкестендіру жұмысы қолға алынған.

 

Батыс Қазақстан облысы