Алматы қаласында әуежай мен қоғамдық орындарда бақылау талаптары күшейіп, тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес берілді.
"Коронавирус инфекциясының жұқтыру көзі оның сырттан келетінін және оның қала ішінде таралатынын ескере отырып, Алматы қаласының әкімдігі көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша кешенді шаралар қабылдап жатыр. Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін Алматы халықаралық әуежайында тұрақты түрде елімізге шетелден келетін азаматтарға тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Мақсат – ұшып келгендер арасында коронавирус инфекциясын анықтауға арналған тесттен өткені туралы анықтамасы жоқ азаматтарды анықтау және сәйкес диагностиканы жүргізу үшін жедел оқшаулау", дейді департамент өкілі.
Бұдан бөлек, ауру жұқтыруды болдырмау, қала аумағында карантин шараларының бұзылу фактілерін анықтау және қауіпсіздіктің санитарлық-эпидемиялық талаптарын одан әрі орындалуын қамтамасыз ету мақсатында 26 мониторингтік топ қызмет етіп жатыр.
12-13 қазан аралығында карантин талаптарының сақталуы бойынша 243 тексеру шаралары жүргізіліп, 27 нысанда тәртіп бұзушылық анықталған. Ал бетперде режімін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 425-бабының 1-тармағы бойынша 5 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 15.08.2020 жылғы № 56 қаулысындағы талаптарды бұзған нысандар анықталды.
"Соның ішінде Мақатаев көшесі, 53 мекенжайындағы (Медеу ауданы) "Шанс" бинго клубы, Розыбакиев көшесі, 49 мекенжайындағы (Бостандық ауданы) "Сансабиль" дәмханасы, Бөкейханов көшесі, 44 А мекенжайындағы "King Beer Halal Burgers" дәмханасы, Федоров көшесі, 24 мекенжайындағы (Жетісу ауданы) "Луна" дәмханасы, 6 шағын аудандағы 3Б үй мекенжайындағы "Дуэль" компьтерлік клубы, 6 шағын аудандағы 11 үй мекенжайындағы (Әуезов ауданы) "Монстр" компьютерлік клубы бар", дейді Әсел Қалықова.