Аймақтар • 13 Қазан, 2020

Оралда қаржы пирамидасының жетекшісі заң алдында жауапқа тартылмақ

608 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының экономикалық тергеу департаменті қаржылық пирамида құрып, 2 мыңнан аса адамның 68,5 млн теңгесін жинап алған алаяқ әйелге қатысты тергеу ісін аяқтады деп хабарлайды Egemen.kz.

Оралда қаржы пирамидасының жетекшісі заң алдында жауапқа тартылмақ

Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті Қылмыстық кодекстің 217-бабы - "қаржылық пирамида құру" фактісі бойынша бірнеше қылмыстық істі тіркеп, тергеу жүргізуде.

Соның бірі "Лидер" және "Алтын Тұмар" қаржылық пирамидаларын ұйымдастырған азаматша Ч.-ға қатысты іс. Бұл алаяқ әйел "тез арада байып кетесіз" деп уәде беріп, ақшаны екі есе көбейтіп қайтаратынына сендіріп, сенгіш азаматтардан 68 567 056 теңгені жинап алған. Бұл "қаржылық пирамидаға" 2 мыңнан астам адам қатысқан.

"Жақында Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Бұл азаматша істеген ісі үшін сот алдында жауап береді" делінген экономикалық тергеу департаменті таратқан баспасөз парағында.

Биыл ақпан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдары мен қаржы құрылымдарының басшыларымен кездесуінде «қаржы пирамидасын» ұйымдастырған кейбір қаржы ұйымдарының заңсыз әрекеттеріне назар аударған болатын.

"Құқық қорғау органдары болған жағдайды егжей-тегжейлі тексеріп, азаматтардың құқығы бұзылуына жол бермеу үшін тиімді шаралар қабылдауы тиіс" деген еді Президент.

Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау үшін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті "қаржылық пирамидаларға" қарсы іс-қимыл бойынша аумақтық экономикалық тергеу департаменттерінің жұмысын ерекше бақылауға алған.