Аймақтар • 13 Қазан, 2020

Түркістанда саяси партия ауруханаларға 31 жасанды тыныс алу аппаратын тапсырды

158 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы пандемияға қарсы «Өмір» және «Шипа» жобаларын жүзеге асырып келеді. Түркістан қаласында жобалар аясында ауруханаларға 31 жасанды тыныс алу аппараты және 200 мұқтаж отбасына дәрі-дәрмек қорапшалары жіберілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістанда саяси партия ауруханаларға 31 жасанды тыныс алу аппаратын тапсырды

Бұған дейін де «Өмір» жобасы бойынша ауруханаларға 21 аппарат, ал «Шипа» арқылы 400 отбасына дәрі-дәрмек тапсырылған болатын. Яғни, партияның үйлестіруімен тапсырылған жасанды тыныс алу аппараттарының саны 52-ге жетіп отыр. Елімізде коронавирус індеті шарықтап, ел қиналған сәтте партия тарапынан «Біз біргеміз» акциясы шеңберінде облыста 43 мыңнан астам отбасына азық-түлік берілсе, 34055 отбасына 50 мың теңгеден берілді. Таяуда тағы 4852 отбасына 50 мың теңгеден беріледі деп жоспарланып отыр. «Облыстық мәслихат депутаттары, партия мүшелері және өзге де кәсіпкерлердің көмегімен «Өмір» жобасы бойынша 52 жасанды тыныс алу аппараты сатып алынды. Сонымен бірге «Шипа» жобасы арқылы аз қамтылған 600 отбасы дәрі-дәрмекпен қамтылды. Ел азаматтарына, кәсіпкерлерге, «Jas Otan» жастар қанаты мен «Jas Turkistan» еріктілер клубына алғысымыз мол», дейді Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев.

Жалпы «Өмір» және «Шипа» жобаларына атсалысқан кәсіпкерлер мен «нұротандық» депутаттар тарапынан қаражат жиналған. Солардың қатарындағы Нұралы Әбішов, Мағауия Тұрысбеков, Алмас Салимов, Қайнар Абасов және Жаңабай Ағабеков бастаған бір топ азамат елге көмектесуге әрқашан дайын екендіктерін айтуда.