Қоғам • 13 Қазан, 2020

Ұландықтар елордада ардагерлерге арнап кішігірім парад ұйымдастырды

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» атты Тағзым эстафетасының негізгі атрибуты Петропавлдан елордаға жеткізілді. Кеңес Одағының Батыры генерал-майор И.В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесін табыстау салтанаты өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұландықтар елордада ардагерлерге арнап кішігірім парад ұйымдастырды

Айтып өту керек, елдегі пандемиялық ахуалға байланысты 16-наурыз күні Петропавл қаласына жеткен эстафета тоқтатылып, Жауынгерлік Ту көшірмесі Ұлттық ұланның 6637 әскери бөлімінің музейіне уақытша табысталған болатын.

Эстафета аясында ұйымдастырушылар Елордада тұратын ҰОС ардагерлері – Әбдірахман Сафаров пен Павел Сергеенконың үйіне барды.

Ұландықтар қарт майдангерлерге күтпеген тосын сый жасады. Ардагерлер тұратын үйдің ауласында кішігірім парад өткізіліп, олар үшін Жауынгерлік Ту көшірмесі әкелінді. Ал, әскери оркестр өнерпаздары соғыс жылдарындағы әндерді орындады.

Әскери қызметшілер ардагерлерге Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың және Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың атынан алғыс хаттар табыс етті.  28 панфиловшы бейнесіндегі парадтық топ жеңімпаздар үшін салтанатты маршын паш етті.

Аталмыш эстафета ағымдағы жылдың 5-ақпанында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е.З.Тұрғымбаевтың шешімімен Ұлттық ұланда бастау алған болатын.

Аталған эстафетаға Полиция, Төтенше жағдайлар, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері, Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтары, әскери бөлімдері мен бөліністері, ІІО мен ҰҰ ардагерлер ұйымы, сондай-ақ орта мектеп оқушылары мен әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, студент жастар, құқықтық тәртіп әскерінің әскери бөлімдері орналасқан қалалардағы жергілікті қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Эстафета басталғалы панфиловшылар дивизиясы Жауынгерлік Туының көшірмесі Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының 16 елдімекенінде болды.  

Эстафета барысында кешенді іс-шаралар, атап айтсақ соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесулер, ҰОС ардагерлері тұратын мекен-жайларда шағын парадтар, жас өскіншектермен ерлік сабақтары, мұражайлық көрмелер өткізілді. Ұлттық ұланның әскери-үрмелі оркестрлері елдімекендер мен әскердің жекеленген бөліністерінде концерттер қойды.

Тағзым эстафетасының жабылу салтанаты 14 қазан күні сағат 11.00-де Үркер шағынауданында (Ильинка кенті) орналасқан 5573 әскери бөлімінің алаңында 8-гвардиялық Панфиловшылар дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесін – И.В.Панфиловтың немересі Алуа Байқадамоваға салтанатты табыстау шарасымен аяқталатын болады.

Шара басталғанға дейін бас шаһардағы Панфиловшылар Аллеясына гүл шоқтарын қою рәсімі жоспарланып отыр.