Оқиға Сайрам ауданының орталығында болған. Түнгі патрульдік қызмет атқару кезінде полиция қызметкерлері күдік тудырған «ВАЗ» автокөлігінің жүргізушісіне тоқтауды бұйырған. Алайда жүргізуші талапқа бағынбай, қашып құтылғысы келеді. Осы кезде учаскелік инспектор Дәурен Байхарашев көліктің жолына тұра қалған. Жүргізуші полицейді көлігімен қағып, жылдамдығын ұлғайта түсті. Бірақ Дәурен капотқа секіріп үлгерген-ді. Учаскелік инспектордың әріптестері тәртіп бұзған жүргізушіні қуа жөнелді. Полицейді сүйрей отырып, Алматы – Термез тас жолы бағытына шыққан жүргізуші көрші Қарабұлақ ауылына жетпей автокөлігін тастай қашады. Із жасырып үлгермеді. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында күдіктіні құрықтады. Учаскелік инспектор, полиция майоры Дәурен Байхарашев өз өміріне қауіпті болса да, құқық бұзушының қашып кетуіне жол берген жоқ. Осылайша, ол өз міндетіне адалдығын білдіріп, табандылық танытты.
Тәртіп сақшылары қандай жағдай болса да өзін лайықты деңгейде ұстай білуі, жағасына жармасып, жала жауып, айқай-шу шығарып, суық қару кезеніп, оқ атып, өмірлеріне қауіп-қатер төндіріп жатса да оңтайлы шешім, айла-тәсіл жасай білуі тиіс. Олар бәріне психологиялық тұрғыда дайын болуы керек. Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков қызметкерлеріне қойылатын бұл талаптың оңай еместігін, бұл орайда психологиялық сабақ өткізудің пайдасы көп екенін айтады. «Қазір осыған ерекше көңіл бөліп отырмыз. Себебі полиция қызметкері қандай жағдай болса да ашу мен қызбалыққа берілмей, барынша сабырлы болуы керек. Өктем сөйлеп, қызуқанды мінезін көрсетіп тұрған адамды да сабырға шақыра білуі тиіс. Психологиялық дәріс осы үшін қажет. Осы арқылы полиция қызметкерлері тұрғындармен тіл табысып жұмыс істеуге төселіп, команда болып әрекет етуге үйренеді. Сондықтан психологиялық сабақ қоғаммен байланыста жүрген тәртіп сақшылары үшін аса маңызды. Халыққа жақын болуымыз керек. Жұрттың көкейкесті мәселелерін тыңдаумен іс бітпейді, оны орындау керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Ең бастысы, дұрыс және әділ шешім шығару қажет». Сонда ғана халықтың бізге деген сенімі артады. Құқық қорғау органдары қорған болатынына көздері жетіп, күмән-күдіктері сейіледі. Бәрі әділетті болғаны жөн. Полиция қызметкері қылмысты ашу барысында істі тезірек жабуды ойлап, атүсті қарап, кінәсіз адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартса, бұл біздің жұмысымызға абырой әпермейді. Сан қуалаудың қажеті жоқ. Ең алдымен азаматтардың құқығы мен бостандығына нұқсан келмеуі тиіс. Егер бұған жол берсек, онда полицияға деген сенімге селкеу түседі. «Полицейлердің бәрі осындай» деп көпке топырақ шашылады. Тірнектеп жинаған абыройың айрандай төгіледі. Халық полициядан аулақ жүруге тырысады. Сондықтан бұған бірінші кезекте өзіміз, тәртіп сақшылары жол бермеуіміз қажет», дейді департамент бастығы. Сондай-ақ полиция генерал-майоры тұрғындардың құқықтық сауатты болғанын, алаяқтарға алданбағанын қалайды.
Алаяқтарға алданып, бармағын тістеп отырған тұрғындар бүгінде аз емес. Мәселен, Жетісай ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, отбасымен алаяққа алданып қалғанын айтып шағымданған. Жәбірленушінің айтуынша, оған танысы кәсіпкерлікке қолдау көрсету мақсатында мемлекеттен қайтарымсыз 500 мың теңге ақша шығарып беремін деп сеніміне кірген. Жәбірленуші 200 мың теңге жинап берген. Ал танысы болса ақшаны алғаннан кейін бой тасалап, уәдесін орындамай, не тиесілі ақшасын қайтармай, әбден әбігерге салған. Полицейлер жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басын анықтап, оны аудандық полиция бөліміне жеткізеді. Анықтай келе белгілі болғаны – күдікті жұмыссыз жүрген, бұрын тонау, алаяқтық бойынша сотты болған жергілікті тұрғын екен. Тергеу барысында полицияға арызданған жәбірленушілерден басқа ұсталған жігіттің тағы да бір әйелден 50 000 теңге алғаны белгілі болады. Алаяқ жігіт алдау жолымен алған ақшаны қажетіне жаратып жібергенін толығымен мойындаған.
Өңірде мал ұрлығы өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Биылғы тоғыз айда 214 мал ұрлығы тіркелген. Осы ұрлықтың ашылуы 75-тен 76,5 пайызға жоғарылапты. Полиция қызметкерлері қырағылығының нәтижесінде жыл басынан бері мал ұрлығымен айналысқан 18 қылмыстық топ қолға түсті, 58 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Тұрғындар малдарын қараусыз қалдырмау мақсатында өңірде «Мал иесі – жергілікті атқарушы орган – бақташы» деген үшжақты келісім бойынша 7759 келісімшарт түзіліп, іске асырылуда. Департамент бастығы мал ұрлығын болдырмау, азайту үшін тұрғындар малды таңбалап, сырға салуға жүрдім-бардым қарамауы керек деп есептейді. Полиция департаментінің дерегінше, бүгінгі күні облыс көлемінде сырғаланған және таңбаланған төрт түлік саны – 6 339 483. Оның ішінде сиыр 800 мыңнан, жылқы 340 мыңнан, ұсақ мал 5 миллионнан асады. Ал түйенің 26 мыңнан астамы таңбаланған. Сырғаланған және таңбаланған малдарды іздеп табу таңбасы жоқ төрт түлікке қарағанда жеңілірек. Тұрғындардың қора-қопсының есік-терезесін, төбесін жақсылап бекітуге мән бермеуі де, жайылымдағы қараусыз мал да ұрыларға үлкен мүмкіндік.
Өңір тұрғындарын алаңдатып отырған өзекті мәселенің тағы бірі – жол-көлік оқиғалары. Кейде ешқандай кінәсі жоқ жолаушылар жол-көлік оқиғасынан зардап шегіп, тіпті мерт болып жатады. Тәртіп сақшылары көп жағдайда жүргізуші кінәлі екенін айтады. Жылдамдықты шектен тыс асыратындар, не болмаса қарама-қарсы жолаққа шығып, апаттық жағдай жасайтындар азаймай тұр. Жол-көлік оқиғаларына көбіне мас жүргізушілер де себепкер. Облыста жыл басынан бүгінгі күнге дейін мас күйінде көлік жүргізген 600-ден астам жүргізуші анықталған. Ішімдік ішкен жүргізушілердің кінәсінен 11 жол апаты орын алып, 16 жолаушы жарақаттанды. Бір адам қара жолдың бойында ажал құшты. Бұл жағдай бүгінде полиция қызметкерлерінің қатаң бақылауына алынған. Патрульдік полиция қызметкерлері жол апатының алдын алу мақсатында облыстың тұрғындарына арнайы жадынамалар таратуда. Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларын азайту үшін облыс аумағында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы өтті. Оған күшейтілген тәртіпте қызмет атқарған жергілікті полиция қызметінің және басқа да құрылымдардың 700-ге жуық қызметкері жұмылдырылған. «Олар үш күндік рейд барысында 4525 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегін тіркеді. Оның ішінде қоғамдық көлік жүргізушілері де бар. Олар – 423. Бұл аз емес. Қаншама адам қоғамдық көлік жүргізушілеріне сеніп, басын қатерге тікті. Отыз жүргізушінің мас күйінде көлік жүргізгені анықталды. Тіпті жүргізуші куәлігінен айырылған екі адамның көлік тізгіндеп жүргені белгілі болды. Көлік құралын басқаруға құқығы жоқ адамдарға байланысты 92 дерек анықталды. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 127 автокөлік айыптұрағына қойылды. Көліктің қауіпсіздік белдігін тақпайтын, техникалық байқаудан өткізуге мән бермейтін жүргізушілер де көп. Айта кету керек, жол қозғалысы ережесін бұзатын жаяу жүргіншілер де аз емес. Рейд барысында 726 адамның тәртіп бұзғаны анықталды», дейді полиция генерал-мойоры Қайрат Дәлбеков.
Айта кетелік, бүгінде Түркістан облысы полиция басқарма, бөлімдерінің басшылары онлайн режімде халықпен кездесулер өткізуде.
Түркістан облысы