Экономика • 14 Қазан, 2020

Цифрлы таңбалау – нарықтың талабы

405 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері нарыққа 8 млн қорап темекі заңсыз енгізілген. Ал былтыр 5 млн қорап шылымның «көлеңкелі айналымда» жүргені анықталды. Мұндай заңсыз әрекеттерді тыюдың тура жолы – цифрлы таңбалауды міндеттеу.

Цифрлы таңбалау – нарықтың талабы

Осы жылдың 1 қазанынан ­бастап ел аумағында темекі өнім­дерін міндетті таңбалау енгі­зілгені белгілі. Әзірше бұл талап фильтрлі темекіге ғана қо­йылып отыр. Өнімнің басқа түр­лерін (сигара, қыздырылған темекі және т.б.) таңбалау 2021 жыл­дың 1 сәуірінен басталмақ. Онда­ғы мақсат – нарықтағы ашық­­тық­ты қамтамасыз ету және ха­лықты жасанды, жалған өнім­дерден сақ­тандыру.

Қаржы министрлігінің ха­бар­лауынша, нарық ойыншыла­ры­на қойма мен дүкендердегі таң­баланбаған темекi өнiмдерi­­нiң қалдықтарын сатуға бір жыл уақыт берілген.

«Темекі өнімдерін таңбалау тауар айналымының ашықтығын арттыру, адал бәсекелестікті қол­дау, нарықты заңсыз өнімдерден қорғау, «көлеңкелі экономика» кө­лемін азайту, зияткерлік меншік құқығын сақтау және бюджетке салықтық түсімдерді ұлғайту үшін керек. Таңбалау тауарларға Data Matrix кодын қолдану арқылы жүр­гізіледі. Осының нәтижесінде тұтынушыға сатып алынған тауар туралы толық ақпарат алуға және өзін жалған өнімнен сақтандыруға мүмкіндік беріледі», делінген министрліктің ресми хабарламасында. 

Республика аумағында өнді­рілген темекіні таңбалауды өн­ді­руші жүзеге асыруға тиіс. Елі­мізден тысқары жерлерде шы­ға­рылатын темекі өнімдерін таң­балау импорттаушыға жүктеледі.

Сонымен қатар 2020 жылдың 31 желтоқсанында алкоголь өнім­дерін таңбалау бойынша қол­ға алынған қанатқақты жоба аяқ­талады. Бұл саладағы таңбалау келер жылдың басында міндетті нормаға айналмақ. Одан кейінгі кезекте аяқкиім өнімдері тұр. Сондай-ақ 2021 жылдың сәуірін­де дәрі-дәрмекті таңбалау бастала­ды. 

– Цифрлы таңбалау – «кө­лең­келі экономикамен» күресудің бір жолы. Жаңашылдық нарықтағы заңсыз сатылатын тауарлардың жолын кеседі. Осылайша, кә­сіпкерлерге адал бәсекелестік ор­на­туға мүмкіндік туады. Жалпы, Еуразиялық экономикалық одақ­қа мүше бес ел 2015 жылы тауар­ларды міндетті цифрлық таң­балау туралы келісімге келді. Содан бері бірнеше тауар бойынша қанатқақты жобалар жүзеге асырылды. Қазір әр мемлекет осы бағытта жұмыс жүргізуде. Әсі­ресе, Ресейдің қарқыны жо­ғары. Олар 2024 жылға дейін таң­балауға жататын тауарлардың тізі­лімін жариялады. Қазақстан да бұл бағыттағы жұмысты жандандыра түсті. Беларусь, Армения және Қырғызстан мемлекеттері де тиісті жобаларды жүзеге асыруда, – дейді Цифрлы экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева.

Белгілі болғандай, таңбалау ту­ралы келісім бес мемлекетке ортақ болғанымен, әр ел таңба­лауға жататын тауарларды өздері анықтайды.

– Аяқкиім өнімдері де таңба­ланады. Бұл нарықта «көлеңкелі» айналымның бары рас. Сондық­тан жаңашылдықты өндірушілер де, импорттаушылар да бірден қолдады. Олар аталған нарықты жарыққа шығару арқылы жаңа мүмкіндіктердің пайда болатынына сенімді, – дейді орталықтың бас директоры.

Қазақстанның киімді таңбалау тұрғысынан жинаған тәжірибесі бар. Осыдан төрт жыл бұрын тері өнімдерін таңбалау жүргізілген болатын.

– Бұл жоба әлі де жалғасуда. Әуелде қанатқақты жоба болды. Қазір қалыпты дүниеге айналды. Нарық та бұған үйренді. Жаңашылдық саладағы «көлең­келі» айналымды азайтты. Ше­телден заңды түрде әкелінетін тауар­дың көлемі артты. Мәселен, 2018-2019 жылдары импорттық өнімнің үлесі 189 пайызды құ­рады. Осыдан-ақ бұған дейін айналымда қаншама өнімнің заң­сыз жүргенін есептеуге болады, – дейді Б.Құрманғалиева.

Жоғарыда айтқанымыздай, келер жылдан бастап алкоголь өнімдері де таңбаланады. Ма­мандардың пікірінше, аталған на­рықта да «көлеңкелі» айналым­ның үлесі көп. Деректерге сүйен­сек, былтыр 6,2 млн литр алкоголь өнімі тәркіленген. Биылғы шілде айының өзінде сапасыз алкогольдің салдарынан 23 адам қайтыс болған.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, былтыр алкоголь өнімдерінен бюджетке 56 млрд теңге акциздік салық түскен. Таңбалау енгізілген соң аталған сома 10 млрд теңгеге дейін өседі деген болжам бар.

«Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­­лер палатасының басқарма төр­­ағасы Евгений Больгерттің айтуын­ша, Қазақстан үшін сүт өнім­­дерін таңбалау өзекті мәсе­леге айналып отыр.

– Нарықта ортақ келісім жоқ. Өндірушілер, экспорттау­шылар сүт өнімдерінің тез бұзылаты­нын, бұл процесс онсыз да Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Техникалық реттеу комитеті та­­ра­пынан қатаң қадағаланып, рет­­телетінін алға тартуда. Ал Ресей сүт өнімдерін таңбалауға қатысты жұмысты үдете түс­ті. Көрші ел 2021 жылдың қаң­та­рынан бастап таңбалауды айна­лымға енгізеді. Демек, одақтағы өзге мемлекеттер осыған жауап беруге тиіс. Ендігі мәселе Қа­зақстан ішкі нарықты түгелдей таң­балауға көшіруі керек пе? Әлде нарықтағы өз орнын жоғал­тып алмас үшін тек экспорттау­шыларды ғана міндеттей ме? Бізге соңғысы тиімді. Ал тұтас саланы таңбалаудан ұтарымыз шамалы. Мұны сарапшылар да дәлелдеп берді. Сүт өндірісіндегі «көлеңкелі» экономиканың үлесі онсыз да көп емес. Сондықтан нарық ойыншылары таңбалаудың қажеті жоқ деген ұстанымды алға тартуда, – дейді Е.Больгерт.

Осы орайда, цифрлы таңба­лау өнімнің қымбаттауына жол ашуы мүмкін деген болжамдар да айтылуда. Бірақ оның қан­­ша­лықты дәлелді, дәйекті дү­ние еке­ні толық айтылмау­да. Де­ген­мен кәсіпкерлердің таң­балау құ­рыл­ғыларын алу үшін белгілі бір мөл­шерде қаржы шығын­дайтыны анық.

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20