Бұл кезеңде ұйымдастырушылар Шымкент қаласы мен 14 облыстағы төтенше жағдай кезінде халыққа көмек көрсететін, волонтерлер қозғалысын дамытумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарды гранттар сайысына қатысуға шақырады. Бағдарламаның екінші кезеңі аймақтық бастамаларды қолдап, азаматтық қоғамның төтенше жағдайдағы әрекетін шыңдауға бағытталады. Қоғамдық ұйымдарға берілетін жалпы грант сомасы – 30 млн теңге. Жобалар мен шараларды жүзеге асыруға Осы жылдың 1 қарашадан бастап 2021 жылдың 30 сәуіріне дейін 6 ай уақыт беріледі.
Бөлінген қаражат ауыл-аймақтарда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен жоюға (4,4 млн теңгеге дейін); аймақтардағы халыққа төтенше жағдай кезінде ақпарат беріп, қолдау көрсетуге, аймақтық үкіметтік емес ұйымдардың төтенше жағдайда тиімді әрекет етуін пысықтауға, аймақтардағы еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған жобаларға (5 млн теңгеге дейін); азаматтық қоғамның төтенше жағдай кезіндегі әрекеті мен ұлттық деңгейде еріктілер қозғалысын дамытуға арналған онлайн ресурстарды қолдауға (9 млн теңгеге дейін) беріледі. Сайысқа қатысу үшін бағдарлама сайтындағы өтінімді 19 қазанға дейін толтыру керек. Ал нәтижелер бір аптаның ішінде белгілі болады.
Осыған дейін Нұр-Сұлтан жəне Алматы қалаларында жобаның бірінші кезеңінде 11 үкіметтік емес ұйым мен 7 БАҚ грант иегері атанған. Нәтижесінде, 1900-ге жуық әлеуметтік аз қамтылған отбасына көмек көрсетіліп, Алматы қаласы мен облысындағы провизорлық стационарлардың медицина қызметкерлеріне 2300 түскі жəне кешкі ас алынған. Одан бөлек 500 жеке қорғаныс құралдары таратылды. Мүмкіндігі шектеулі және есірткіге тәуелді жандарға 1500, шағын бизнес өкілдеріне 1400 консультациялық кеңес берілді. Сондай-ақ 100 еңбек мигрантына қолдау көрсетіліп, бизнесті дамытуға 300 жеке жоспар құрылды. Ал БАҚ-қа бөлінген гранттар COVID-19 туралы қазақ тіліндегі ақпараттың сапасын арттыруға бағытталған.