Пікір • 14 Қазан, 2020

Ұлттың жаңа болмысын қалай қалыптастырамыз?

862 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы Жолдауын ұлттың жаңа болмысы мәселесімен қорытындылағаны кездейсоқ емес. Өйткені ел тағдыры үшін аса қажетті осынау маңызды құжаттың алғашқы тарауларында қарастырылған салалардың шын мәнінде орындалуы түптеп келгенде осыған тікелей байланысты. Оған біздің өткен тарихымыз дәлел бола алады.

Ұлттың жаңа болмысын қалай қалыптастырамыз?

Көшпелілердің табиғатпен тығыз байланысты болғаны, көш­пелілер мәдениетінің табиғатпен үйлесімді дамуы, тіптен онымен біте қайнасып, оның бір бөлігіне айналып кеткендігі белгілі. Олар өздерін ешқашан табиғатқа қарсы қойған емес, сондықтан адам мен табиғаттың тепе-теңдігі сақталды. Табиғат көшпелі үшін өз үйі іспеттес болды. Ол үнемі көшіп жүріп, жаңалыққа құмартып, табиғатты бағалап қана қоймай, оның тілін де түсінген. Ал жануарларды қолға үйретіп, жер шаруашылығының пайда бола бастаған кезеңінен кейін көшпелілердің табиғатқа деген көзқарасы мүлдем өзгерді. Бұдан былай ол қоршаған әлеммен тұтаса бірігіп кетті.

Міне, осын­дай ортада әлеу­меттену үдері­сінен өткен адам жан-жақты дамып, әлеуметтік тұрғыда үлкен тәжі­рибе жинақтап, құрыштай болып шынықты. Яғни, таби­ғат­тың әсерін күнделікті өз жан дүниесімен сезініп отырған көш­пелілер соған сәйкес өзде­рінің өмірлік қажеттіліктері мен рухани ұстанымдарын да ай­қын­дап отырған. Ендеше, көшпелілерді қоршаған табиғат, оның әде­мілігі мен үйлесімділігі, бай­лығы мен тепе-теңдік сипаты және мәні, өз кезегінде, тиіс­ті орта қалыптастырды. Сон­дық­тан ғасырлар бойы үздіксіз жал­ға­сын тауып отырған әлеумет­тік практиканың, ұлттың болмы­сы­ның тамыры тереңде жатқаны тарихи шындық.

Бұл әлеуметтік практиканың негізі түптеп келгенде – мәдениет. Яғни, мәдениет небір кедергілер мен жағымсыз саяси үрдістерге қарамай, өз қозғалысын тоқтатпай, үздіксіз даму үстінде болады. Керісінше, сол әлеуметтену тә­жі­рибесінің нәтижесі ретінде ол қоғамдық қатынастарды рет­теуде елеулі рөл атқарады. Өйт­кені жаңағы әлеуметтену үдері­сінің өзі мәдени қарым-қаты­насқа негізделеді. Мәдениет адам тәжірибесін жинақтап, сақтап және оны ұрпақтан-ұр­пақ­қа, дәуірден-дәуірге таратып, жеткізеді. Ол адамзаттың әлеу­меттік жадына айналып, адамды тұлға қылуға, оларды біріктіріп, қо­­ғам­ның бірлігін нығайтуға ық­пал ете бастайды.

Осындай әлем байырғы адам­дардың болмысын, көзқа­ра­сын қалыптастырған. Осылай­ша мә­дениет адам әлемін қалып­тас­тыруға ықпал етіп, Ұлы дала құн­­ды­лықтарының мәнін түсінуге жетеледі. Сөйтіп көшпелі өмір сал­ты­мен тығыз байланысты әлеумет­тік институттар пайда бола бастады. Олай болса, мәде­ниет ұғымын «жанды жетіл­діру» тұрғысында да қарауға болады екен. Оның үстіне көш­пелілердің дәстүрлі экологиялық мәде­ниеті табиғат пен адам әлемі­нің әу бастан-ақ етене байланыс­та болғандығына негізделіп таби­ғатты сақтамаса, адамзат бала­сының да жойылып кететін­дігін жақсы түсінді. Олар сол үйле­сім­ділік пен сұлулықты бағалап, оны қорғай білуге тәрбиеленді.

Адамның табиғатпен байланысы тек қана табиғи-эко­ло­гиялық тұрғыда емес, ол сол сияқты салт-дәстүр, әдет-ғұрып­тарда, ою-өрнекте және шежі­реде бедерлі түрде көрініс тапты. Осыған сәйкес өмір салты мен мінез-құлқы адамның сана­­сына анасының құрсағында жат­қанынан бастап, оның сүтімен, әрі қарай жөргекке оралып, бесік­ке салынғаннан кейінгі оның салт-санасын қалыптастыруға байланысты жүргізілетін әртүрлі әдет-ғұрыптық, ырым-жоралғылық рәсімдер үлкен рөл атқарды.

Міне, қазақ қоғамының осы табиғи-тарихи даму үрдісі Кеңес дәуірінде үзілді. Қазан төң­ке­рісінен кейін күштеп отырық­шылыққа көшіру кезінде қазақ халқы адам айтқысыз қасіретті басынан кешірді. Солақай саясаттың кесірінен қазақ көптеген ұлттық құндылықтарынан айырылып, мәдениеті күйзеліске ұшырады. Қазақ халқы үйреншікті орта және көшпелілік әлемінен қол үзіп, бейтаныс шындықпен, дүдәмал болашақпен бетпе-бет келді. Табиғатпен үйлесімді өмір кешіп, үнемі қозғалыс пен даму үстінде жүрген қоғам бір сәтте қатаң қыспаққа түсті, әлеуметтік өрісі тарылды. Өйткені бұл процесс эволюциялық жолмен емес, рево­­­лю­циялық күштеу тәсілдері арқы­лы іске асырылған үлкен саяси науқан еді.

Десек те, қазақ мәдениеті осындай аласапыран замандарды басынан өткеріп, әртүрлі тауқыметті көріп, тарихи сынақтардан өтсе де тарихи сахнада өзін сақтап қалды. Бірақ ол халқымыз үшін тым қымбатқа түсті: халқымыз қансырап, жойқын күшке қарсы тұра алмай, қуғын-сүргінге ұшырап, қаншама арыстарымыз «халық жауы» ретінде қырылып, соның салдарынан ұлттың болмысы дағдарысқа ұшырады. Таптық көзқарас пен ымырасыз күрес, қолдан ұйымдастырылған аштық, шектен тыс партиялық-идеологиялық қыспақ, жеке басқа табынушылық, әсіре интернационализм, сөз бен істің алшақтығы өз дегенін істеді. Осындай қос стандартты және екіжүзді саясат ақыры келіп Кеңес Одағының түбіне жетіп тынды.

Қазақстан тәуелсіздігін ал­ғаннан кейін жетпіс жыл бойына халықтың құлағы мен бойына «тәптіштеп» тұрып сіңіріліп кел­ген «кеңестік болмысты» қай­тадан түбегейлі өзгерту қажет бол­ды. Халық не істерін білмей «есеңгіреп», «капитализмді» түсі­не де алмай, қабылдай да алмай дал болып, біреулері КСРО-ны аң­саса, екіншілері солтүстікке көз тікті. Халықтың болмысы опы­ры­лып, ол тағы да «сынақ алаңы­на» айналды. Оларға бір әлеу­меттік-экономикалық фор­мация­дан екіншісіне өту, яғни социа­лизмнен нарықтық қаты­нас­тарға негізделген, демо­кра­тия­лық қоғам құруға бағыт алған тәуел­­сіз мемлекеттің азаматы болу таң­­дауын шешіп, өзі­нің сана-сезі­мі мен болмысын сәй­кесін­ше жаңарту керек болды. Бас-аяғы жүз жылдың ішінде бүкіл Қазақ­станды дүр сілкіндірген «тү­бе­­гейлі өзгерістердің» ізсіз өтуі, әри­не мүмкін емес еді. Оның сар­қын­шақ­тары халықтың сана­сында әлі де болса сақталып отырғаны да белгілі.

Сонымен Президент Қ.То­қаев­­­­тың ұлттың жаңа болмы­сына қа­тысты айтқандарына осы мәсе­лелердің тікелей қаты­сы бар. Қалай болғанда да, биыл­ғы Жол­даудың ерекшелігі мен ма­­ңы­зы ретінде қоғамның таби­ғат­­­пен үйлесімді дамуы және со­­ған сәйкес келетін ұлттың жа­ңа бол­­мысын қалыптастыруды атар едім. Өйткені әңгіме хал­қы­­мыз­дың жаңа болмысы мен тұ­тас ұлт сапасын арттыру ту­­ралы болып отыр. Ол үшін адам­­­дар­дың күнделікті өмірлік ұста­­ным­­­дарының өзгеруі шарт. Оны шешу жолында алдымен эко­ло­­гия мен биоалуантүрлілікке, ден­сау­лық сақтау мәселесіне пәр­мен беріп, теңдестірілген аймақ­тық­ дамуды қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығының деңгейін көтеру керек. Өйткені бұлар табиғатпен, жалпы тір­шілік әлемімен байланысты, оның күретамыры. Біз өмір сүріп отыр­ған ортақ үйіміз – Жер-Ананың, жерден өсіп-өнетін бір үзім нан­ның қадір-қасиетін, еңбектің, тір­ліктің, адамгершіліктің, ата-ана­ның қадірін біліп өсер едік. Мұның бәрін бізге құр сөз бен жа­лаң ұрандар бере алмайды. Ол соны­сымен маңызды және қазіргі жаңа ұлттық болмысымызды қа­лыптастырудағы бірден-бір тиімді және оңтайлы ұстаным ре­тінде қарастырылғаны қажет-ақ.

1

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Сонымен бірге қазір қазақ қоға­мына мәдениетке деген көз­қарасты қайта қарау, тіптен өзгертуі қажет сияқты. Жаһан­дану заманында халық қойна­уында жатқан ұлттық құндылық­тар­дан қол үзе бастаған, тек «фольк­лорлық», «жансыз» сипат­қа ие болып бара жатқан берекесі кеткен мәдениеттің еңсесін XXI ғасырдың көшіне ілесе алар­лықтай етіп көтерген жөн.

Сөйтіп бұлардың бәрі нақты, нәтижесін көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын салалар. Осы нәтижелерді көріп өскен жас ұрпақ қана қоғамдағы экологиялық және мәдени құндылықтарды, олардың әлеуметтік жадылық мә­нін бағалай білуге үйренеді, ол іске өздері де тікелей араласып, жақсы мен жаманды ажыратып, болмысын өзгертіп, әділдік пен әділеттілік, еңбекқорлық, тия­нақтылық пен адалдық жолына түседі. Нәтижесінде, ол жаң­ғырған қоғам құру жолында ысырапшылдық пен даңға­залық, жауапсыздық пен нем­құ­райлылық, бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық сияқты қоғам мен адамның абыройын төгіп, бүкіл елді қасіретке ұшы­рататын жат әдеттерден арылады. Міне, сонда ғана Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаев айтқандай: «... елімізде «Жауапты мемлекет – жа­уапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек».

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

саясаттанушы