Қоғам • 14 Қазан, 2020

Карантин тәртібі қатаң қадағаланады

328 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Көптің көңілін екіұдай пікірдің елесі кезіп жүр. Оған себеп, әлем жұртшылығын әбігерге салған дерттің екінші толқыны елімізде орын ала ма, алмай ма деген сауал. Қайғы мен уайымды қатар алып келген індеттің қайталанбағаны абзал ғой, әрине. Дей тұрғанмен кезбе дерт кейбір елдерде екінші мәрте қылаң беріп жатқаны байқалады. Алысқа ауыз салмай-ақ елордамыздағы ахуалға тоқталып көрсек.

Карантин тәртібі қатаң қадағаланады

 

Қателіктер қатерлі дертті асқындырады

Денсаулық сақтау министрлігінің мәлі­метінше, елімізде Covid-19 жұқ­тыр­ған 108 901 адам тіркелген. Соңғы тәулікте 70 азаматтан ПТР арқылы ін­дет анықталды. Сондай-ақ 162 адам коро­­навирустан емделіп шықты. Жалпы жазыл­ғандар саны – 104 203. Өткен тәулік­те коронавирус белгілері бар пнев­мо­н­ияның 4 жағдайы және 2 өлім жағ­да­йы тіркелді. Оған қоса 10 адам ем­деліп шық­ты. 1 тамыздан бастап ауыр­ғандар 34 913 болса, оның ішінде 370 өлім жағ­да­йы тіркелді, ал жазылып шық­қан­дар­дың саны 27 709-ға жетті.

Жағдайдың тұрақтанғанына қара­мас­тан карантин шараларынан біз күткен нәтиже болмай отыр. Науқастар саны қай­тадан өсуде. Азаматтар санитарлық дәрі­гердің айтқан талаптарын орындамаса, тағы да қатаң карантин режіміне ора­луы­мыз әбден мүмкін.

Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық ден­сау­лық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратұлы ауру қайталанған жағ­дай­да елорданың медициналық да­йын­­дығы жоғары екенін айта келіп, ал­ғаш­қыдағы қателіктер қайталанбауы үшін жүйелі жұмыстар атқарылып жат­қа­нын алға тартты.

«Ең бірінші мақсат – алғашқы меди­ци­налық санитарлық көмек көрсету ұйым­дарының жұмыс сапасын арттыру. Бұл бағытта жұмыс іске асырылып жатыр. Егер адамның дене температурасы көте­рілсе, қызу, жөтел байқалса, бірінші емха­надағы медициналық көмекке немесе жедел жәрдем қызметіне жүгінеді. Осылайша осы екеуінің арасындағы өза­ра әрекеттесуді қамтамасыз ету үшін ар­на­­йы алгоритм бекітілді. Науқас осы екі кезеңде медициналық көмек­ке жүгін­ген кезде оның денсаулық жағдайына баға беру басты назарға алынады. Керек болса, оны ауруханаға жатқызу немесе алғашқы медициналық санитарлық көмек ұйымдарында медициналық көмек көр­се­ту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп, үй жағдайында емдеп шығу маңызды. Осындай шараларды қолданудың себебі неде? Бастапқыда науқасқа тиіс­ті медициналық көмек көрсетілмей, ауру­дың асқынуына жол берсек, біздің тара­пымыздан ұсынылған төсектік орындар, меди­циналық ұйымдарды қамтамасыз еткен медициналық жабдықтардың мәні болмайды. Біз олай медицина жүйе­сінің сапасын арттыра алмаймыз. Бүгін­де қалада коронавирус инфекция­сы­на арналған биоматериалдарды зерт­теуге арналған 13 зертхана бар. Зерт­ха­на­лар­дың жалпы қуаттылығы тәулігіне 7 мың сынаққа дейін жетеді. Қазіргі уақытта 423 мың зерттеу жүргізілді, оған қоса 162 мыңға жуық сынақ бар. Жалпы қуаттылығы тәулігіне 1 440 сынақтан тұ­ратын 9 изотермиялық зертханалық кешен сатып алу жоспарлануда», дейді бас­қарма басшысы.

1

 

Жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр

Коронавирус инфекциясы қайта­лан­ған жағдайда Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұ­мыс­тарын толықтай жүргізген.

«Індеттің күзгі-қысқы кезеңінде алдын алу және емдеу бойынша іс-шаралар жос­пары бекітілді. Симптомсыз және COVID-19 жеңіл түрде өтетін және олар­мен байланыста болған адамдардың денсаулығын қашықтан басқару жұмыс­та­ры емханаларда жалғасады. Сондай-ақ біз мобильді бригадалардың санын 207-ге дейін жеткіздік. Жедел рес­пи­ра­торлық аурулармен ауыра­тын нау­қас­тарды қабылдауға арнал­ған филь­тр бөлмелер, алғашқы меди­ци­на­лық-сани­тарлық көмек деңгейінде нау­қас­тарға медициналық көмек көрсету алго­ритмі әзірленді және ол ЖРВИ, КВИ науқастарды кезең-кезеңімен бағыт­тау­ды қамтиды. Жасалған алгоритм са­ла­лық ресурстарды ұтымды пайда­ла­ну және бірінші толқын кезінде туын­да­ған келеңсіз жағдайларды болдыр­мау­­ға мүмкіндік берері сөзсіз», деді Т.Мұратұлы.

Ауырлық дәрежесі бойынша аза­мат­­тардың ағынын жіктеу мақ­са­тын­да Қалалық жедел жәрдем стансасы базасында ахуалдық орталық ұйым­дас­тырылған. 103 пультіне түскен қоңы­рау­лар­ды бөлу механизмі 103-тің Chatbot жүйесі (Telegram) арқылы қоңырауларды қабылдау жұмысы жалғасып келеді. Барлығы 2,5 мыңнан аса қоңырау түскен, пан­демияның шарықтау уақытында тәу­лі­гіне 200 қоңырау болған.

Қажет болған жағдайда қызмет көр­­сететін жедел жәрдем бри­га­да­ла­ры­­ның санын БМСК ұйымдарында 70 бригадаға дейін, станса деңгейінде 100 бригадаға дейін (барлығы 170 бри­гада) арттыру ойластырылған. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен Қоғам­дық денсаулық сақтау басқармасы коро­на­вирустың мүмкін деген екінші толқынының күзгі-қысқы кезеңіне да­йын­­дық жұмыстарын толықтай жүргі­зіп жатыр. Осылайша коронавирус ин­фек­циясымен күресудің 3 ке­зеңді жос­пары құрылды. Бірінші ке­зеңде медициналық ұйымдар база­сын­да 1 645 төсектік орын орналас­ты­ру жос­парлануда. Сонымен қатар көп­салалы медициналық ұйымдар шұ­ғыл және жос­парлы түрде емдеу­ге жат­қы­зылатын науқастарды қабылдауды жалғастырады. Екінші кезең бірқатар республикалық клиникада қосымша 1 919 кереует орналастыруды қарастырады. Үшінші кезеңде 2 500 төсектік орнымен инфекциялық ауруханалардың жүктемесін қарастыру (70%): 2 090 төсектік орынға арналған қосымша нысан тартылады. Мұның барлығы 5 600-ге дейін жұқпалы төсектік орын орналастыруға мүмкіндік береді, оның 441-і реанимациялық болып қо­лданылады. Бүгінгі таңда аурухана­лар өкпені жасанды желдету аппа­ра­ты құрылғыларымен (434 желдету құрылғысы) толықтай қамтылған, сон­дай-ақ 19 компьютерлік томограф, 27 рент­ген аппараты, 583 оттегі концентра­то­ры және шамамен 1 584 оттегі нүктесі бар.

Қазір елордада сақтық шараларына барынша көңіл бөлініп, жер-жерде тиісті талаптардың орындалуы қатаң қа­да­ғалануда. Осы ретте балалардың аман­дығы үшін мектептердегі жағдай да жіті назарда тұр. Жақында Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Жанна Пралиева елорда мектептеріне жүргізілген мониторингтің нәтижесін жария етті.

Оның айтуынша, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау депар­та­­менті білім беру нысандарында ка­­ран­­тин шараларының сақталуына мони­­торинг жүргізді. Қалада барлығы 91 жалпы білім беретін мектеп, оның ішін­де 78 мемлекеттік, 12 жекеменшік және
1 мамандандырылған мектеп бар. Оның бәріне түгел монито­ринг жүр­­гі­зіл­ді. Мониторинг барысында 31 мектепте (34,0%) ереже бұ­зу­шы­лықтар анық­талды. Мектеп ди­рек­­торының өзі және оқы­тушылар құ­­ра­мы, сондай-ақ оқу­шы­лар­дың ата-ана­лары маска тағу талаптарын сақ­­тамаған. Мектептердің бірінде ди­рек­­тор әкімшілік жауапкершілікке тар­­тыл­ды.

Сонымен қатар бас санитар коро­на­вир­усқа қатысты талаптар сақталмаса, онда қатаң карантиндік шаралардың қай­та қабылдануы мүмкін екенін еске салды.

«Есепті кезеңде фармацевтикалық ком­паниялар қызметінің мониторингі нәти­желері бойынша 102 субъект тір­кел­ме­ген дәрілік препаратты сату және дәрі-дәрмектерге белгіленген шекті рұқсат етілген бағадан асып кету фактілері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған дейін дәрігерлер мен мамандар бірнеше рет тұрғындарды маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, адамдар көп жиналатын жерлерге баруды шектеу туралы қарапайым талаптарды орындауға үндеу жасады. Бірақ бәріміз көріп отырғанымыздай, бұл талаптар еленбейді және сақталмайды. Егер осылай жалғаса берсе, жалпы қала бойынша КВИ ауруының өсуіне әкелуі мүмкін. Біз белгілі бір қызмет түрлерін тоқтата отырып, қатаң шектеу және карантин шараларын қайта енгізуге мәжбүр боламыз. Осыған байланысты тағы да қала тұрғындары мен қонақтарын шыдамдылыққа, санитарлық ережелерді сақтауға шақырамын. Себебі вирустың таралуы жалғасуда», деді елорданың бас санитары.

 

Сақтыққа селқос қарағандарға айыппұл салынуда

Елордада карантин режімін бұзған­дар­ды анықтау үшін полиция және тауарлар мен көрсетілген қызметтердің қауіпсіздігін бақылау басқармасы қыз­мет­­керлерінің қатысуымен мобильді топтар рейд өткізеді. Соның нәтижелері бойынша бас санитарлық дәрігердің қау­лы­сын сақтамаған фактілер тіркелді.

Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа ауданында «Дәулет» сауда үйінде мониторингтік тексеру кезінде термометр мен дезинфекциялық кілемше болмаған, ал жалға алушылар маска тағу режімін сақтамаған. «Забава» дүкенінде де термометр болмаған. Осы сауда нысандарына түсіндіру жұмыстары жүр­гізіл­ді.

Байқ­оңыр ауданының бірнеше компью­­­терлік клубтарында, жөндеу пункт­­терінде, дүкендерінде, моншалары мен кафелерінде осындай бұзушы­лық­тар анықталды. Олардың ие­ле­ріне түсі­нік­­темелер беріліп, айыппұл салынды.

«Байқоңыр ауданы басқармасында күнделікті рейдтер жүргіземіз. Кейбір субъектілер екі-үш рет жауапқа тартыл­ды. Нәтижесінде олардың жұмысы тоқтатылды. Күн сайын біз 10-нан аса құқықбұзушылықты анықтаймыз, құ­жат­тар жинаймыз, түсіндірме аламыз және СЭС-ке жібереміз. Екі-үш күн ішінде олар тәртіп бұзушыларды ша­қы­­рады, хаттамаларды толтырады және айыппұл салады. Мұндай рейдтер таң­ғы 4-5-ке дейін жалғасады. Жүр­гі­зіл­ген жұмыстар арқылы бүгінде құ­қықбұзушылықтар саны азайды», деді Байқоңыр аудандық полиция бас­қар­ма­сы бастығының бірінші орынбасары Құрбан Таңғышбаев.

Полицейлер карантин тәртібін бұзу­шыларды анықтап, оларды жа­уап­кер­шілікке тарта отырып, кәсіп­кер­лік субъектілері бойынша күнделікті түнгі және күндізгі рейдтер жүргізеді. Соны­мен қатар демалыс күндері полицейлер азаматтармен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда.

Бір тәулік ішінде Нұр-Сұлтан қала­сы­ның полиция қызметкерлері тауар­лар мен көрсетілетін қызметтердің са­пасы мен қауіпсіздігін бақылау бас­қар­­масының өкілдерімен бірлесіп, 141 кәсіпкерлік объектісін тексеріп, 70 карантин бұзушылықты анықтады. Барлық тәртіп бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ елордада коронавирус инфекциясының таралуын бол­дыр­мас үшін халықпен жұмыс жүргізілуде. Барлық азамат маска тағу, санитайзерлерді пайдалану және әлеу­мет­тік қашықтықты сақтауы қажет.

Иә, бас шаһарда карантин шара­ла­ры­ның сақталуын қадағалау күшейтіліп жатыр. Талаптарға сәйкес келмеген шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері жабылуы мүмкін. «Мейрамханалар, кафелер, сауда орталықтары және басқа кә­сіпкерлік субъектілері мен ШОБ са­нитарлық нормаларды сақтамаған жағ­дай­да, біз карантинді қайта енгізуге мәж­бүр боламыз», деп хабарлады әкімдік.

Мобильді топтар сауда және ойын-сауық орындарына күнделікті рейдті күшейтті. Елорда тұрғындары мен қо­нақ­тары маска тағу тәртібін қатаң сақ­тау­ы керек. 5 шілдеден бастап карантин тәртібін бұзған елорда тұрғындары мен кәсіпкерлерге жалпы сомасы 128 665 848 теңгеге 587 айыппұл салынды. Оның ішін­де жеке тұлғаларға – 12 809 358 теңге мөлшерінде 267 айыппұл, кәсіпкерлік субъектілеріне – 115 856 490 теңге мөл­шерінде 320 айыппұл. Карантинді өрескел бұзушылар – негізінен тыйым салынғанына қарамастан өз қызметін жүзеге асырған тамақтану орындары, азық-түлік дүкендері, түнгі клубтар иелері. Ең өрескел бұзушылар – «Алуа» кафесі (Мұстафина к-сі, 38), Dorffman сыра клубы, «Текила» лаундж-бары (Жеке батыр к-сі, 49), сондай-ақ сұлулық салон­дары мен азық-түлік дүкендері.

Сонымен қатар 102 фармацевтикалық компа­нияның қызметіне жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша тіркеуден өтпеген дәрі-дәрмектерді сатқаны және дәрі-дәрмек бағасының шектеулерін бұзғаны үшін 29 фармацевтикалық компания жауапкершілікке тартылып, сотта айып­пұл салынды. Айыппұлдың жалпы сомасы 13 864 998 теңгені құрады.

Сондай-ақ қалада шағын және орта бизнес субьектілеріне күнделікті рейд жалғасуда. Өткен демалыс күндері полицейлер, СЭС және әкімдік өкілдері базарлар мен басқа да нысандарды аралады. Белгілі болғандай, кейбір ШОБ өкілдері карантин режімі күшейгеніне қарамастан тәртіп бұзуын тыяр емес. Мысалы, базарлардың бірінің иелері демалыс күндері жұмыс уақытын сақтамағаны үшін үлкен айыппұл төледі. Тағы бір орында тексерушілер кіреберісте санитайзерлер орнатылмағанын анықтады.

«Сауда үйлері демалыс күндері жұмыс істемеуі керек, тек дәріханалар, қоғамдық тамақтану орындары болса ғана жұмыс істеуге құқылы», деп түсіндірді Байқоңыр ауданы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Ықыласова.

Мамандардың айтуынша, қазіргі кездегі негізгі бұзушылықтар – жұмыс режімін сақтамау, қоғамдық тамақтану орындарында келушілер санының көп болуы, сатып алушылар мен сатушылар үшін масканың болмауы, әлеуметтік қашықтық сақтамау, нысанның кіре­бе­рісінде антисептиктердің болмауы, кей жерлерде келушілер мен қыз­меткерлердің термометриясы жүр­гі­зіл­мейді. Сондай-ақ жиі кездесетін бұзу­шылықтар қатарына бұқаралық отба­сылық іс-шараларды, кездесулерді, жиын­дарды өткізу жатады.

9 қазандағы жағдай бойынша бар­лы­ғы 1 240 рапорт келіп түсті. Оның 627-сі қаралып, 133 766 808 теңге көлемінде әкім­шілік айыппұл салынды. Оның ішін­де 509-ы бойынша 110 196 325 теңге өн­дірілді. Төрт материал соттың қарауына жібе­рілді.

Егер құқық бұзушылық анықталған жағдайда, жеке тұлғаларға 30 АЕК (83 340 теңге), заңды тұлғаларға – 230-дан 1600 АЕК-ке дейін (4 млн 445 мың теңгеге дейін) айыппұл салынады. Кі­нә­сін мойындаған жағдайда, айып­пұл 7 күн ішінде 50% жеңілдікпен тө­ле­не­ді. 7 күн ішінде төленбеген немесе кінәсін мойындамаған жағдайда, әкімшілік айыппұл туралы қаулы толығымен шығарылып, 30 күн ішінде төленеді.

1