Аймақтар • 14 Қазан, 2020

Жаңғырған Жақсы келбеті

225 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қиян шеттегі Жақсы ауданына жолы түскен адамның көзіне өзгерген өңірдің сәні мен салтанаты бірден түсер еді. Биыл мем­ле­кеттік бағдарламалар арқылы ауданда бірқатар білім ошақ­тары мен әлеуметтік-тұрмыстық мекемелер жөнделіп, өзге­ше өңді кейіпке енді.

Жаңғырған Жақсы келбеті

Ұзақ жылдар бойы шешімін таппай тұрған мәселе аз емес еді. Қаржының жоқтығы, демеудің кемдігі алға ұмтылған адамның адымын тарылтып, қолын қыс­қартып келген болатын. Биыл «Ауыл – ел бесігі» және «Жұ­мыс­пен қамтудың Жол картасы» бағдарламалары арқылы қиын түйінге айналған күрделі мә­се­лелер біртіндеп шешімін тауып жатыр. Оңынан оралған оң­тай­лы істің игілігін ел көруде. Мемлекет қамқорлығына айтылып жатқан алғыс та аз емес. Шы­райы кірген елді мекендердің тұр­ғындары өздері көптен бері жол азабын, ауыз судың тақ­сы­ре­тін тартып келсе, енді міне, көрген түстей ұмытыла бас­­тады. «Агро Жер-1» серіктестігі он бес жыл бойы электр энергия­сы­на зәру болып келген болатын. Бұл мәселені жаңа заманғы жасыл технологияның көмегімен шешіп, көп-көрім жақсы болып қал­ды. Дала қосы орналасқан жер­де шаруашылықтың сан алуан тех­ни­касын жөндеуден өткізіп, жауын мен желден паналататын орын, астық қоймалары, серік­тес­тік жұмысшыларына жа­тақхана, асхана мен монша бар. Міне, осының бәріне күн сәу­лесі арқылы өндірілетін 3 ки­ло­­ватт, жел электр стансасы өнді­ре­тін 2 киловатт энергия қуа­ты жетіп тұр.

1

Жақсы ауылындағы ұзақ жылдан бері қаңырап бос тұр­ған орта­лық аудандық ауру­­хана ғимараты биыл 8 пә­тер­­лік тұрғын үйге лайық­та­лып, қайта жаңғыртылды. «Пав­лодар Энергомонтаж» серік­тес­тігі қаусап қалған көне ғима­ратты тап-тұйнақтай етіп жөн­деп, пайдалануға бермекші. Жер­гілікті бюджеттен құрылыс жұ­мыс­тарын жүргізуге 106 млн-нан астам қаражат бөлінді. Қайта жаңғырту алдында сынама жұмыстары жүргізілгенін айта кету ләзім. Кәдеге аспай жатқан «сақалды» құрылыс енді 474 шаршы метрді құрайтын 8 пә­тер­ге айналып, медицина сала­сы­ның қызметкерлеріне беріл­мек.

Мұндай жақсы мысал аз емес. Мәселен, орталықтандырылған кітапхана биыл жақсарып қалды. Жөндеу жұмыстарына 4 млн теңге қаражат бөлініп, едені алмастырылды. Қабырғалары да сыланып, сырланып көз­тар­тарлық болып тұр. Жаңа жиһазбен де қамтамасыз етілді. Енді халыққа мінсіз қызмет көр­­с­етуге барлық жағдай бар. Ор­та­лық­тандырылған кітап­ха­­наның директоры Гүлмира Ра­йым­бекованың айтуына қа­ра­ған­да, қазіргі күні сани­тар­лық талапты сақтай отырып, мазмұнды ша­ра­ларды өткізу мұ­қият қолға алынған.

Көз ұшына ілінер қара кезіге бермейтін жалпақ далада орналасқан Жақсы өңірінде ауыз су тапшылығы да сезілетін. Чапай ауылындағы су бөгетін жаң­ғырту арқылы көптен қорда­ла­нып қалған бұл мәселе оңынан ше­шілді. Бұл жұмысқа облыстық бюд­жеттен 148 млн теңге қаражат бөлініп, толық игерілді. Жүзеге асқан жұмыс барысында елді мекендегі таза ауыз су мәселесі біржола шешіліп отыр. Көктемгі су тасқыны кезінде қау­сап тұрған бөгетті қызыл су жылда шайып кететін. Әр жыл сайын бөгет топырағын нығыздап, жөндеу жұмыстары жүргізілетін. Бірақ оның өзі де тасқын суға тосқауыл бола алмайтын. Жырылған жерден бар су ағып кеткен соң жаз айларында судың жоқтығы үлкен мәселе болып келген. Енді міне, кей тұсындағы биіктігі 14 метрге дейін жететін бөгет тұрғызылды. Жұмысқа 18 техника мен 24 жұмысшы жұмылдырылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде негізінен ауыл тұрғындары тартылды. Қазір соңғы жұ­мыс­та­ры атқарылып жатыр.

1

Мемлекеттік бағ­дар­ла­ма­лар­­дың нәтижесінде Жақ­сының жал­пақ даласы кем-кетігін жөн­деп, біршама жақ­са­рып қалды. Халқы да берекеге бағыт алған іс мәнін түйсініп, тас-түйін біріге түсуде.

 1

Ақмола облысы,

Жақсы ауданы