Экономика • 14 Қазан, 2020

Жүк көліктеріне де өтемақы беріледі

702 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл 12 қазаннан бастап ӨКМ Операторы Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінің келісімімен ескі көліктерді қайта өңдеуге қабылдау бағдарламасына өзгеріс енгізді. Бұдан былай тозығы жеткен жүк және жолаушылар көлігін тапсыратындарға да ақшалай өтемақы беріледі.

Жүк көліктеріне де өтемақы беріледі

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Берілетін ақша тапсырылатын көліктер­дің санатына байланысты айлық есептік көрсеткіш (АЕК) бойынша бағаланады. Айталық, М2, N1 (салмағы 1,3 тоннадан кем көлік құралын қоспағанда) және N2 санатындағы кө­лік құралдарына 144 АЕК (400 032 теңге) беріледі. Осы санаттағы толық емес жиынтықтағы көліктерге 126 АЕК (350 028 теңге) төленеді. Ауыр салмақтағы жүк көліктері (М3, N3 санаты) 600 мың теңгеден (216 АЕК) 550 мың теңгеге (198 АЕК) дейін бағаланады.

Көлік тапсырғандарға 2 күн ішінде банктағы шотына ақша аударылады. Айта кету керек, көлікті жеңілдік сертификатына алмастыру бағдарламасы уақытша тоқтатылады.

Еске сала кетелік, істен шыққан көлік құралдарын қайта өңдеуге қабылдау бағ­дар­ламасы іске қосылған­нан бері Қазақстан бойынша 150 мыңға жуық көлік жоюға тапсырылды. Оның ішінде 2 596 дана орташа тонналық техника, 600-ге жуық ауыр салмақтағы көлік құралы бар. Қабылданған барлық машина Қарағандыдағы ескі көліктерді қайта өңдейтін зауытқа жіберіледі.