Аймақтар • 14 Қазан, 2020

Гүлшара Әбдіқалықова жаңа жұмыс орындарын ашуды тапсырды

317 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қармақшы ауданына сапарлап, бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысын көрді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Гүлшара Әбдіқалықова жаңа жұмыс орындарын ашуды тапсырды

. Алдымен аймақ басшысы Тұрмағамбет ауылдық округіндегі «Тұрмағамбет» ЖШС-нің қырманындағы күзгі егін жинау барысын көріп, жаңадан іске қосылған макарон цехының жұмысымен танысты. Шаруашылық биыл 2375 гектар жерге күріш, 385 гектар жаңа жоңышқа, 896 гектер ескі жоңышқа еккен. Шаруалар күріштің әр гектарынан орташа 60 центнерден өнім алып отыр.

Биыл шаруашылық жанынан макаронның 5 түрін өндіретін жаңа цех іске қосылды. Цехта бір ауысымда 700 келі өнім шығарады. Өндірісте 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен бірге қыркүйек айында сым тор шығаратын тағы бір цех жұмысын бастады.

Облыс әкімі Дауылкөл ауылдық округіндегі «Сәлима ана» балабақшасының жұмысымен де танысты. 2019 жылы салынған балабақшада 29 бала тәрбиеленуде. Бүгінде 88 орындық балабақшада 13 маман қызмет етеді.

Өңір басшысы мұнан кейін Ақжар ауылдық округіне ат басын бұрып, ауылдық клуб үйіндегі ауыл өнімдерінің көрмесін көріп, тұрғындармен пікірлесіп, елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін саралады. Бүгінде Ақжар ауылында «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» аясында көшелер жөнделіп, жарық шамдар орнатылған. Ауылда шағын және орта бизнесті дамытуға ниетті азаматтар қатары артқан. Биыл 5 азамат мемлекеттік бағдарламалар арқылы грант алса, 10 тұрғын «Бастау» бизнес орталығы арқылы білімін жетілдіріпті. Ауыл халқы қолөнер бұйымдарын өндіріп, шағын бизнес саласын дамытуға үлес қосып отыр. Облыс әкімі ауыл халқының қысқа дайындық барысын сұрап, отын қорымен қамту мәселесін реттеуді тапсырды.

Мұнан кейін өңір басшысы «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» аясында №6 «Айсұлу» балабақшасының ғимаратына жүргізілген жөндеу жұмыстарын бақылады. 1975 жылы салынған 50 орындық балабақшада 50 бала тәлім алуда.

Сонымен бірге облыс әкімі аудандағы 1200 орындық №250 мектеп-лицейіне барды.  

Жұмыс сапары соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аудан әкімі Мұса Қалдарбековке шағын және орта бизнесті әлі де дамытып, жергілікті азаматтардың кәсіп ашуына қолдау білдіруді жүктеді. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға бағытталған әлеуметтік даму картасы аясында жұмыс жүргізіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды тапсырды. Сонымен бірге  короновирус пандемиясы кезінде сақтық шараларын қатаң сақтау қажеттігін қаперге салды.