Спорт • 15 Қазан, 2020

Сан қырлы Садықов

1557 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

2003 жылдың қазан айының бел ортасы. Тәжікстанның бас шаһары –Душанбеде Орталық Азия ойындары дүркіреп өтіп жатты. Жарыс қожайындарынан бөлек, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанның спортшылары сайысқа түсіп, түрлі-түсті медальдерді сарапқа салды. Өзге елдің өкілдері қанша тырысқандарымен, жүлделердің денін қазақтың қырандары мен өзбектің өрендері иеленді.

Сан қырлы Садықов

 

Жарыстың нағыз қызған шағында тәжіктердің бір дөкейі дзюдошылардың өнерін тамашалау үшін спорт кешеніне атбасын бұрды. Қасында бір топ оққағары бар. Өзінің түрі де сұсты екен. Бір мезетте жергілікті бір балуанның жеңілгеніне күйінген ол жанжал шығарды. Төрешілерді балағаттап, айт­паған сөзі жоқ. Оның каһарынан қай­мыққан қазылар қаз-қатар тұрған үстелдердің астына тығылуға шақ қал­ды. Ұйымдастырушылар мен тәртіп сақ­шы­лары да ашуға булыққан басшыны тоқтатуға жүрексінді. Көптеген адамның арасынан тек шымкенттік бапкер Түсіпхан Сайхановтың ғана текетіреске баруға дәті шыдады. Бұрын-соңды ешкім бетінен қағып көрмеген болса керек, әлгі дөкей одан әрі өршелене түсті. Қасындағы оққағарлары да «арс-арс» етеді. Барлығы жабылып, Түсіпханды түтіп жейтін түрі бар. Десек те, қаймығып тұр­ған Түкең жоқ, ол да қасқайып қарсы­ласуда. Сол мезетте оққағарлардың ара­­­сын бұзып-жарып, танымал балуан Сағ­дат Садықов келіп жетті.

«Аға, саспаңыз, артыңызда қара­ғай­дай-қарағайдай інілеріңіз тұр. Шатақ шықса, еш тартынбаймыз! Қажет болса, жолыңызда өлеміз!» деп тіл қат­ты. Әлгілерге ақыл кірді ме, әлде қазақ­тардың қаһарынан ықты ма, ол жағы белгісіз, әйтеуір сәлден кейін сабаларына түсті. Кешірім сұрап, өздерінен ағаттық кеткендерін мойындады. Ақырында қос тарап ортақ мәмілеге келіп, бір-бірімен қол алысып қоштасты. Осылайша барлық мәселе шешілді. Сол оқиғаның куәсі болған зал толы көрермен қос қазақ­тың қайсарлығына дән риза. Әдетте жарыстың қызығы мен шыжығын талқыға салатын жанкүйерлердің әңгі­месі сол кезде Түсіпхан мен Сағдат жайында болды.

Түсіпхан Сайхановтың есімі жан­күйер­лерге жақсы таныс. Кезінде ол ер­кін күрестен ел чемпионы атанып, Бү­кілодақтық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілді. Боз кілемдегі елеулі табыстарының арқасында КСРО спорт шеберінің күміс белгісін кеудесіне тақты. Кейіннен бапкерліктің қамытын киді. 2003 жылы Нью-Йоркте өткен әлем чемпионаты және 2004 жылы Афинада алауы тұтанған Олимпия ойындарында қола жүлдегер атанған Геннадий Лалиевті жаттықтырды. Сонымен қатар республикалық Күрес федерациясының төрешілер алқасын басқарды. Ал сол жат елде Түсіпхандай ағасын жауға бермей, «жолыңызда өлеміз» деп арыстандай ақырған Сағдат балуан жайында біз не білеміз?

Сағдат Садықов 1973 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Үржар ауданы­ның Жарбұлақ ауылында дүниеге келді. Бала кезінен дзюдо күресін серік етіп, түрлі жарыстарда жүлде алды. Әуелі аудан мен облыста озса, уақыт оза рес­пуб­ликалық додаларда даралана бастады. Оның қарсыластарының барлығы да ірі қалалардағы мамандандырылған арнайы спорт мектептерінде шеберліктерін шыңдаса, Сағдат ауылда жаттығып-ақ елеулі табыстарға қол жеткізді.

Орта мектептен кейін Садықов Қазақ­тың спорт және туризм академиясына оқуға түсті. Алматыда ол жас маман Садық Мұстафаевтың қол астында жат­тықты. Сол кезден оның спорттық карьерасында өрлеу кезеңі басталды. Дзюдоның басы-қасында жүрген майталман мамандардың назарына Сағдат алғаш рет 1995 жылы ілікті. Сол жылы Алатау баурайында белгілі қоғам қайраткері Санжар Жандосовты еске түсіруге арналған халықаралық турнир өтті. Кіл мықтылар жиналған жарыста айтулы спортшы өзін жақсы қырынан көрсетіп, қола медальді мойнына ілді. Шешуші бәсекеде 22 жастағы балуан кезінде студенттер арасындағы әлем біріншілігі және КСРО чемпио­наты мен кубогы, КСРО халықтары спартакиадасының жүлдегері атанған 30 жастағы Сергей Әшіровті алып ұрды. Сол тұста «Достық» спорт кешеніне жиналған көрермен жас жігітке таңдана әрі тамсана қараған еді.

1996 жылы Сағдат студенттер арасындағы әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанып, өзінің мықтылығын тағы да мойындатты. Десек те, ұлттық құрама бапкерлерінің өз есептері болды. Олар Сағдат Садықовты респуб­ли­камыздың бас командасына алуға асықпады. Үнемі шеттетіп келді. Жеке жаттықтырушысы Садық Мұстафаев әділдік іздеп, қанша шырылдаса да, жас маманның уәжіне құлақ асқан ешкім болмады. Төрт-бес жылдай тасада жүрген қайсар жігіт ақырында тосын шешім қабылдап, Қырғызстанның намысын қорғауға бел буды.

1999 жылы Бішкекте өткен Орталық Азия ойындарында ол Қырғызстанның атынан сынға түсіп, ақтық сынға дейін алқынбай жетті. 73 кило салмақта күрес­кен Садықов финалда қазақстандық Денис Коробковты қос жауырынымен жерге қадады. Осы жеңістен кейін «Мұның не, Сәке? Өз елің тұрғанда, өзгенің намысын жыртқаның қалай?» деп сұрақты төтесінен қойдым. Сағдат: «Елде еңбегім бағаланбады. Ұлттық құрама сапына енсем де, түрлі желеуді алға тартқан бапкерлер халықаралық жарыстардан үнемі шеттете берді. Осының бәріне шыдап келдім. Ең ақыры, Орталық Азия ойындарына апармайтынына анық көз жеткізгеннен кейін қолымды бір сілтедім де, Қырғызстанға кеттім. Сіздер мені дұрыс түсініңіздер, спорттық ғұмыр тым қысқа. Сол уақытты ұтымды пайдалану қажет. Егер мен шетелге шығып, халықаралық додаларда күреспейтін болсам, онда балуандығымның құны көк тиын», деп өкпе-назын айтқан еді.

Ғасырлар тоғысында өткен Сидней Олимпиадасында Қырғызстанның туы астында өнер көрсеткен Садықовтың жолы болмады. Ол бастапқы бәсе­ке­лердің бірінде ұтылып, жарыс жолынан шығып қалды. Есесіне айтулы додада «айыр қалпақты» ағайындарға Айдын Смағұлов жүлде сыйлады. 60 кило салмақта белдес­кен қандасымыз қола медальді иеленді. Осылайша қырғыз елінің намысын жыртқан қазақтың қос балуанының бірі олжаға кенелді. Жасыл құрлықтан оралған бетте Айдынның: «Бұл Сағдат екеуміздің ортақ жүлдеміз», деп ағынан жарылғаны да есімізде.

Сиднейдегі сайыс аяқталғаннан кейін Садықов елге оралды. Елішілік жарыс­тарда өзінің мықтылығын мойындатуға барынша күш салды. Нәтижесі жаман болған жоқ. Ел чемпионы атанды, түрлі халықаралық турнирлерде жүлде алды. Осы табыстары арқылы қайта ұлттық команда сапына қабылданып, шетелге шыға бастады. Бейжіңдегі Дүниежүзілік универсиадада бесінші орынға табан тіреді. Осакадағы Шығыс Азия және Душанбедегі Орталық Азия ойындарын қола медальмен қоры­тын­дылады. 2003 жылы Алматыда өткен Азия чемпионатында өзін жақсы қырынан көрсетті. Бастапқы бәсекелердің барлығында қарсыластарын айқын ұтқан қандасымыз жартылай финалда өзбекстандық Эгамназар Ақбаровтан айласын асырды. Алайда ақтық айқаста Ким Джэ Хунге жол беріп, күміс медальді қанағат тұтты.

2004 жылы Сағдат Афина Олимпиа­дасында өнер көрсетті. Ежелгі Эллада елінде қандасымызға жеребе жолдас болмады. Ол бірден аса мықты қарсыласқа тап болды. Тұсаукесер кездесуінде Сады­қов Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы, әлем чем­пионатының екі дүркін қола жүлдегері, Панамерика ойындарының екі дүркін жеңімпазы, өз құрлығының төрт дүркін чемпионы, америкалық Джеймс Педроға есе жіберді. АҚШ дзюдошысы бұл жа­рыс­та да үшінші сатыға табан тіреді.

Екі бірдей Олимпиадаға қатысып, көптеген халықаралық додада жүлде алған Сағдат Садықовтың күресу мәнері де өзгеше еді. Ол әдемі әрі әсерлі күресті. Жеңіліп жатса да, жігері жасымай, соңғы секундтарға дейін арпалысатын. Қазақтың ұлы татамиге «біреудің аяғының астында илектенгенше, тік тұрып айқасқаным жөн» деген қағиданы ұстанып шығатын. Әр жекпе-жекте жанкештілік пен намысқойлық, жеңіске деген құштарлық секілді қасиеттер балуанның бойынан анық байқалатын. Міне, сол сақа спортшы Афина Олимпиадасынан кейін 31 жасында боз кілеммен қош айтысты. Десек те, ол спорт саласынан алыстап кеткен жоқ. Бұл күндері Сағдат Қабірұлы Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы директорының орынбасары қызметін атқарып жүр.