Депутаттар парламенттік тыңдау қарсаңында Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерімен кездесіп, биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 4,9 %-ға артып, 2,4 трлн теңгені құрағанынан хабардар болды
Бүгінде елімізде азық-түлік өндірісінің көлемі 12%-ға артып, 1 629 млрд теңгені құрап отыр. Сонымен қатар отандық өндірістің ішкі тұтынудағы үлесі 80%-дан асты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша 2016-2019 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы өнімдері мен оның қайта өңделген өнімдерінің экспорты бір жарым есе ұлғайды.
Парламент депутаттары кездесуде субсидиялау бағдарламасын дамыту, ауыл кәсіпкерлері үшін салықтық жеңілдіктер бойынша мүмкіндіктерді кеңейту қажеттігін атап өтті. «ҚазАгро» холдингінің ақпараты бойынша, биылғы жылдың 9 айында несиелендіру мен лизингті қоса алғанда, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру көлемі 325,1 млрд теңгеге жетті.
Кездесу қорытындысы бойынша проблемаларды шешу және агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі ұсыныстар әзірленеді және 2020 жылғы 23 қазанда парламенттік тыңдауда айтылатын болды.