Аймақтар • 15 Қазан, 2020

Жаңаөзен мәдениетінде жаңалық мол

662 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңаөзен, ондағы мұнай компа­ния­сының өндірістік қарқыны мен қала­ның әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы аз айтылып жүрген жоқ. Апат­ты тұрғын үйлер мен одан шыға­рыл­­ғандардың жанайқайы да талай қалам­ның ұшына, талай желінің нысанасына ілікті. Мұнайлы қала туралы түрлі тақы­рыпта айтылғанмен көбіне тасада қалып, бірақ өзіндік жұмысын ырғақты қалпынан жаңылдырмай жүргізіп келе жатқан сала – қаланың мәдениет саласы.

Жаңаөзен мәдениетінде жаңалық мол

– Жаңаөзен қаласында мәдениет пен өнердің өрге басуы, мәдениет туындыларына қолжетімділікті қамтамасыз ету, жастардың шығармашылық қабілетін арттырып, өнерге баулу, өнердің озық үлгілерін насихаттау бағытындағы мә­дени ұйымдардың саны 10 бірлікті құ­рай­ды. 2020 жылы қала және іргелес елді мекендер тұрғындары үшін дәс­түр­лі және атаулы мерекелерге арналған 366 мәдени-көпшілік шара жоспарланып, 278-і жоспарлы түрде өтті, оның ішінде 211 іс-шара онлайн түрінде ұйым­дастырылды.

2019 жылы 5 үйірме қосылып, оның 4-і тегін үйірме ретінде ашылды. «Ұзақ­бай жырау Қазжанұлы» мәдениет үйінде қолөнер, тігін, көркем сөз және жыр – терме үйірмелері, «Атамұра» мәдениет үйінде би үйірмесі іске қосылды, – дейді Жаңа­өзен қалалық мәдениет және тіл­­дерді дамыту бөлімінің басшысы Ұл­ба­зар Орынбаева.

 Жаңаөзендік өнерпаздар өз бақта­рын айтулы додаларда сынаудан сескенбей­ді. Бұған дейін талай дүбірлі додаларда жүлде салған өнерпаздар төтенше жағдайға қарамастан бұл жетістіктерін жалғастырып келеді.

– Біз жас өрендерге жағдай жасап, қа­білетін ұштап, талантын баптауға тұ­рақты назар аударып келеміз. Жаңа­өзендік өнерпаз өрендердің ірі бай­қауларда топ жарып, жүлдегер болуы – жасалған қолдау-қамқорлықтың нәтижесі. Мысалы тамыз айында «Алаш өнер орталығы» бастамасымен ұйым­дастырылған халықаралық «ALASH STAR» байқауында, «Summer Music and Dance Fest» халықаралық байқауында, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Talantty jastar» халықаралық өнер және білім байқа­уында, республикалық «Дара бала» жур­налының ұйымдастыруымен «Тілдер күніне» орай өткізілген байқауда, өзге де ірі сайыстарда Жаңаөзен өрендері жер­лестерін де, ұстаздарын да жерге қа­ратқан жоқ. Бұл жақсы дәстүр жалғасын табарына сенімдіміз, – дейді бөлім басшысы.

Мұнайлы қаладағы орталық кітапха­на – кітапқұмарлардың сүйікті орны. «РАБИС» республикалық автомат­тан­ды­рылған кітапханалық ақпараттық жүйе бағдарламасына енгізілген кітапха­нада қазақша кітаптар қоры мол.

Жаңаөзен қаласындағы бірегей мәде­ни және рухани ошақ – «Мұнайшы» мәдениет үйі 1980 жылы қолданысқа берілген болатын. 2001-2002 жылғы реконструкциядан өткен мәдениет үйіне қазіргі кезде «ӨзенМұнайГаз» АҚ де­меу­­шілігімен «Kaz­PetroCon» ЖШС жөн­­деу жұмыс­тарын жасауда. Жоспар бо­йынша жөндеу жұмыстары биыл күзде аяқталып, бар­лық құрал-жаб­дықтарымен тапсырылады деп күтілуде.

Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту қажеттілігіне байланысты Елбасы Н.Назарбаев «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Осы жоба аясында Жаңаөзен қаласындағы Рахат ауылында 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды. Қазіргі таңда бірінші қабаты тұрғызылып, қабатаралық жабынды­сы салынып, екінші қабаттың тас қа­лау жұмыстары басталды. Жалпы кө­лемі 3 473 шаршы метрді құрайтын бұл мә­дениет үйін­де кітапхана мен 40 адамға арнал­ған оқырман залы болады. Келесі жы­лы көктемде пайдалануға беру жос­пар­ланған 300 орындық мәдениет үйі 43 мыңнан аса тұрғыны бар елді мекендегі алғашқы мәдени көпшілік нысан болмақ.

Сондай-ақ Маңғыстау облысы Жаңа­өзен қаласының әлеуметтiк-эконо­мика­лық дамуының 2019-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары негізінде Жаңаөзен қаласында 40 мың дана құ­жат сақтауға арналған «Мемлекеттік ар­хив­тің үлгі ғимаратын салу» құрылысы жал­ғасуда. Қазіргі таңда ғимараттың жылу үнемдеу қазандықтары орнатылып, төбесіне бетон жабындысы төселді. Сонымен қатар канализациялық су құбыр­лары мен нысанның ішкі бөлігіне тоқ жүргізілуде. Орындаушы мердігер «Оңдасын Строй» ЖШС биыл қазан айының соңына дейін құрылысты аяқ­тап, тұрғындар игілігіне беруді жоспарлап отыр.

Бөлім басшысының айтуынша, Жаңа­өзен мәдениетіндегі жаңалықтар аз емес екен. Алдағы жылдарға арналған жобалар ішінде бірқатар мәдени ғимарат­тар салу жоспарлануда. 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында жаңа «Оқушылар шығармашылық үйі», 200 кітап қоры сақталатын кітапхана құры­лысын салу үшін ауданы 0,2 га жер учаскесі бөлініп, жалпы сметалық құны жасақталған. Сондай-ақ облыстық музей филиалы құрылысын салу үшін ауданы 0,39 га жер учаскесі бөлініп, жалпы сметалық құны жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Ғимараттардың құры­лыстарын 2021 жылы бастау жос­пар­лануда.

Жаңаөзендегі мәдениет саласының жұмысында жаңару бары байқалды. Ал сала басшылығы мұны мәдениет бөлімі тарапынан жасалып жатқан жұмыстар легі қазіргі ахуалдың қиындығына қара­мастан тоқтамайтындығымен, өйт­кені халықтың рухани дамуының өркен­деуіне ешнәрсе кедергі болмауы қажет­тігімен түсіндірді.

 

Маңғыстау облысы