Пікір • 15 Қазан, 2020

Әділетті мемлекет құруға әркім қатыса алады

339 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биылғы жаһанды жайлаған пандемия күллі әлем қоғамдастығын, соның ішінде Қазақстанды да бұрын кездеспеген жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет қалдырды. Коронавирус инфекциясы белең алған бұл кезеңде ең бастысы, сергек әрі ілкімді іс-қимыл таныту барлық күрделі мәселенің шешімі болатынын байқатты. Осы орайда елімізде қалыптасқан күрделі ахуалға байланысты мемлекет тарапынан халық мүддесін ескере отырып, дер кезінде көптеген әлеуметтік-экономикалық іс-шаралар қабылданғаны мәлім. Яғни Қазақстан өзінің әлеуметтік мемлекет құру жолындағы ұзақмерзімді стратегиялық бағыт-бағдарын нықтай түсті.

Әділетті мемлекет құруға әркім қатыса алады

Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірлесе білген ел бәрін жеңетіні жөнінде халыққа үндеу жолдап, қатерлі дертпен күрестің алғашқы сын сәттерінде-ақ қалың бұқараға дем берді, барша кәсіпкерлік қауымдастық өкілдерін Nur Otan партиясының аясында топтасып, жұртқа жұмыла көмек көр­сетуге шақырды. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар шара­лар қабылдап, Төтенше жағ­дай мен карантин кезінде табысынан айырылған әртүрлі әлеуметтік топтарға бағытталған жәрдемақыларға бюджеттен қомақты қаржы бөліп, нақты қолдау тетіктерін белгіледі. Бұл өңірдегі және әлемдегі қазіргі ахуалмен салыстырғанда оңтайлы нәтижесін берді.

Иә, жаһандық сынақ мемлекет­терді шыңдап келеді. «Әлем бұрын­ғыдай болмайды» деген тұжырым­мен барлық елдер етек-жеңін жинап, жинақылана түсті. Ел Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл­ғы халыққа арнаған «Жаңа жағ­дайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында күрделі кезең­нің қиындықтарын еңсере отырып, алдағы бағыт-бағдарларды анықтап, нақты міндеттер жүктеп отыр. Со­ның ішінде Жолдаудың жаңа іс-қимыл жоспарының мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісінен басталуы Президент айтқандай, ең әуелі мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оны орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден бастау алмақ. Бұл ретте жаңа мемлекеттік құрылымдардың құрылуы жоспарлау жүйесін негіздеуден туған қадам деуге болады. Яғни бұрынғыдай барлық міндетті тек мемлекеттік аппарат қана атқармай, оған азаматтық қоғам да қатысатын болды. Бұл ретте «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылдау жүктеліп отыр.

Мемлекет басшысының көрсеткіш­терге емес, нәтижеге жұмыс істеу туралы талабы өте орынды. Бұл осыған дейінгі тәжірибе көрсеткендей, билік институттарының есептік кезеңде жалаң цифрларды тізбектеп, қалған уақытта жеке, оқшау қалуын емес, керісінше халықпен бірге қоян-қолтық араласа жүріп, бұқара мен қоғамның мәселесін, мұң-мұқтажын өз ортасынан, яки ішінен білуіне жол ашады. «Халық айтса қалт айтпайды» деген тәмсіл бар. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрудың алғашқы қадамы да осы – халықтың талап-тілегіне құлақ түру.

Мәселен, Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс, Сот-сараптама қыз­меті, Стандарттау, Арнайы эко­но­микалық және индустриялық аймақтар, Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңдар секілді жаңа қабылданған іргелі заң жоба­лары­мен бірге әкімшілік құқықбұзу­шы­лықтар туралы, қылмыстық, қыл­мыстық іс жүргізу және азаматтық іс жүргізу кодекстеріне, бизнес ортаны жақ­сарту, мемлекеттің функция­ларын бәсекелестік ортаға беру туралы, тағы да жүздеген заңнамаға тиіс­ті өзгертулер мен толықтырулар енгі­зуге тікелей атсалысу барысын­да мәслихат депутаттарымен, Қоғамдық кеңестер мүшелерімен, кәсіби заңгерлермен, прокуратура, сот және құқық қорғау органдары қыз­­мет­керлерімен жүйелі түрде кез­десу­лер өткізіп, аумақтардың нақты про­блемалары мен оны заңнама тұрғы­сы­нан қалай шешуге болатынын талқыладық.

Еліміздің Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары Google деректеріне сүйене отырып, Қазақстанда жұмыс орнына барудың 25 пайызға азайғанын есептеп шығарды. Осы дерекке ден қояр болсақ, Президенттің мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін екі жылда 25 пайызға қысқарту туралы тапсырмасы қазіргі ахуалмен де үйлесетінін аңғаруға болады. Мұның қоғамда оң әсері анық байқалмақ. Біріншіден, аталған құрылымдардың қызметі оңтайланады. Басы артық, бір-бірін қайталайтын жұмыс орны болмайды. Екіншіден, қызметкерлерді қысқарту нәтижесінде жұмыс орнын сақтап қалған тұлғалардың жалақы­сын арттыруға мүмкіндік туады. Бұл әрине, әлеуметтік жағдайды жақ­сар­туға көмектеседі. Үшіншіден, аз жалақы әрдайым жемқорлыққа жол ашаты­нын ескерсек, еліміздегі бұл ба­ғыт­тағы істің ілкімдімділікпен ілгері басуын тездетеді. Төртіншіден, бү­гінгі эпидемиялық кезеңде қашық­тан жұмыс істеу қағидаларын орнық­тырып, қауіпсіздікті сақтау және цифр­ландыру үдерісін арттыра түседі.

Президент еліміздегі жауапты хатшылар институтын жоюды да тапсырып, олардың міндеттерін ведомстволардың аппарат басшыларына жүктеген жөн екенін айтты. Бұл да жоғарыда айтқанымыздай, мемлекеттік қызметте дубльдің болмауын бекіте түсетін шешім.

Осы орайда Мемлекет басшысы­ның заң шығарушы органның қыз­метіне қатысты тапсырмалары әріптестеріміздің – Парламент депутат­тарының көңілін тап бас­қанын айтуға тиіспіз. Қасым-Жо­март Кемелұлы жоғарыда айт­қан ұсыныстарды жүзеге асыру мақ­сатында жыл соңына дейін мем­ле­кет­тік қызмет туралы заңнамаға тиіс­ті өзгертулер енгізу туралы айта келіп, норма шығару мәселесін қайта қарау­ды тапсырғаны белгілі. Яғни құқықтық жүйенің қасаңдығы карантин кезінде қолбайлау болып, жұмысты тежеді. Негізгі проблема атқарушы биліктің әр қадамының заңмен шектеліп қалуында болып отыр. Яғни ведомство басшылары мен әкімдерге қандай жоғары талап қойылса да олар оны заңдар мен қаулылардың белгілі нормаларының аясында ғана қа­растыра алады. Президент бұл жағ­д­айдың мемлекеттің ғана емес, Пар­ламенттің де жұмысын қиын­­да­татынын орынды атап өтті. Сон­дық­тан палаталардың атқарушы орган­дардың құзыретіне беруге болатын нормаларды да қарастыруына тура келеді. Президент Құқықтық регламенттеу деңгейлерінің арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуді кейінге қалдыруға болмайтынын атап айтты.

Құқықтық мемлекеттің тетігі – сауатты заң мен күшті мемлекет. Ал заңның қорғаушысы – құқық қор­ғау органдары. Қазір құқық қорғау орган­дарының басты көрсеткіші ашылған қылмыстар мен сотқа жол­данған істер санымен шектеледі. Яғни азаматтардың құқықтары мен мүд­делерін қорғаудың орнына, олар ста­тис­тикалық көрсеткіштерге жұмыс істейді. Еліміздегі құқық қор­ғау жүйесінің жұмысы нақты істері­мен емес, құрғақ сандар арқы­лы баға­лана­тыны өкінішті, әрине. «Полиция азап­тады; қорлады; қинап мойындат­ты» деген айыптар кез келген қыл­мыс­тық іс бойынша шағымдарда кез­деседі. Құқық қорғау саласындағы жемқор­лықты жою мен реформалау арқылы бұл келеңсіздіктерден арылуға болады. Бұл ретте Мемлекет басшысының «Жұртқа жақын полиция» қағидасын басшылыққа ала отырып, тиісті реформалар жүргізілетіні қуантады.

Жалпы, қылмыстық ахуал – мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласына теріс әсер етеді. Елдегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге кедергі кел­тіреді. Еліміздің халықаралық беде­ліне де нұқсанын тигізеді. Аза­мат­тардың құқық қорғау органдарына қоятын ең басты талабы – өзінің және отбасының қауіпсіздігі және жеке мүлкінің қорғалуы. Кәмелетке тол­мағандар мен әйелдердің қор­ғалуы. Сол себепті құқықтық мемлекетте халықтың құқықтық санасы мен мәдениетін қазіргі қоғам талабына сай ізгілік жолымен қалыптастыру мәселелерін қолға алу қажет. Балалар мен жастардың заңға бағынатын мінез-құлқын қалыптастыру және құқықтық сауаттылығын арттыру күн тәртібінен түспеуі тиіс. ІІМ-не қарасты оқу орындарының бағдарламаларына да тың өзгеріс қажет. Бұл оқу орындарын тәмамдаған әрбір жас келешекте еліне адал қызмет ететін «офицерге» айналуы тиіс. Міне, осы іспетті «Әді­летті мемлекет» құру жолындағы қадам­дарға құқық қорғау органдарымен бірге қоғам да жұмылдырылуы қажет.

 

Балайым КЕСЕБАЕВА,

Парламент Мәжілісінің депутаты