Қоғам • 15 Қазан, 2020

Тәртіпке бағынбау – індетке жол ашу

172 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысында соңғы күндері аты да, әлегі де жаман індетпен ауырғандар кездесуде. Бұл өңірде карантин шараларын енгізуге мүжбүр етті. Маңғыстау облыстық тауарлар мен көрсетілетін қыз­меттердің сапасы мен қауіпсіздігін бақы­лау департаментінің басшысы Ғазиз Надуевтің айтуынша, індет індеген жағдайда карантин талаптары күшейтілмек.

Тәртіпке бағынбау – індетке жол ашу

Өңірде наурыз айында басталып, жаз бастала бере шарықтап ала жөнелген COVID-19 вирусын жұқтырушылардың биыл 27 наурыз бен 12 қазан аралығында шағыммен, шағымсызы аралас 3 362 жағдайы тіркелген болатын. 72 науқас коронавирус инфекциясынан қайтыс болса, 3267 адам емделіп шықты.

– Коронавирус инфекциясымен ауырған­дардың ішінен сырттан әкелгендер – 6 жағ­дай, жергілікті 870 жағдай тіркелді. 647 адам өздері қаралса, 223 науқас скрининг арқылы анық­талды, ал жұқтырғандармен қарым-қаты­наста болғандар – 271 жағдай. Инфекция жұқ­тырғандарды қызметіне, жасына қарай саралайтын болсақ, олардың ішінде медицина қызметкерлері – 74, мүгедектер – 9, жұмыс­сыздар – 285, оқушылар – 43, зейнеткерлер – 261, әскери бөлімдерден – 18, кен орнын­дағы «Каспиан Фуд» тамақтандыру мекемесінен – 9, әскерге шақырылғандардан – 4, «Теңізшевройл» қызметкерлері – 35, өндірістік мекемеде – 130, мемлекеттік қызметкерлер – 24, студенттер – 21, тағы басқалар – 167, балабақша қызметкерлері мен мұғалімдер – 23, ішкі істер қызметкерлері – 10, – деді Ғ.Надуев.

Маңғыстау облысында 2020 жылдың 13 қаза­нына дейін ПТР тәсілімен мемлекеттік және жеке меншік зертханаларда барлығы 120 756 адам тексеріліп, оның ішінде 3 362 пациент оң нәти­же берді. Ұлттық сараптама орталығында бү­гінгі таңда 15 мыңнан астам тест сынамасы бар.

Індеттің өткір жұқпалылығы мен таралу жылдамдығы себепті тұрғындарға жиын-тойды азайту, сақтану шараларын ұстану туралы ескер­тілгенімен, бұл тек Маңғыстау емес, барша қазақ­стандықтар үшін орындалуы қиын жағдай бо­лып отыр. Саналы түрде сақтау-сақтану шаралары мен тәртіп-талабы орындалмағандықтан, тәр­тіп­ті қадағалаудың өзі үлкен күшті талап етуде.

Осы орайда өңірде тамыз айынан бастап 24 мониторинг тобы құрылып, бүгінгі таңда бұл топ 560 рейдтік жұмыс жүр­гізген. Рейд барысында 110 кәсіпкерлік нысанында бұзушылықтар анықталып, оның 110-ына түсінік жұмыстары жүргізіліп, 8 жеке кәсіпкер мен 33 жеке тұлғаға әкімшілік хаттамалар толтырылған.

«Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Бауыр­жан Момышұлы айтқандай, әлі де індет­тен сақтану шараларын әркім өзінен, отбасынан бастап қолға алса, ауыртпалықтан жеңіл шығуымызға сеп болар еді.

 

Маңғыстау облысы