Өңірде наурыз айында басталып, жаз бастала бере шарықтап ала жөнелген COVID-19 вирусын жұқтырушылардың биыл 27 наурыз бен 12 қазан аралығында шағыммен, шағымсызы аралас 3 362 жағдайы тіркелген болатын. 72 науқас коронавирус инфекциясынан қайтыс болса, 3267 адам емделіп шықты.
– Коронавирус инфекциясымен ауырғандардың ішінен сырттан әкелгендер – 6 жағдай, жергілікті 870 жағдай тіркелді. 647 адам өздері қаралса, 223 науқас скрининг арқылы анықталды, ал жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандар – 271 жағдай. Инфекция жұқтырғандарды қызметіне, жасына қарай саралайтын болсақ, олардың ішінде медицина қызметкерлері – 74, мүгедектер – 9, жұмыссыздар – 285, оқушылар – 43, зейнеткерлер – 261, әскери бөлімдерден – 18, кен орнындағы «Каспиан Фуд» тамақтандыру мекемесінен – 9, әскерге шақырылғандардан – 4, «Теңізшевройл» қызметкерлері – 35, өндірістік мекемеде – 130, мемлекеттік қызметкерлер – 24, студенттер – 21, тағы басқалар – 167, балабақша қызметкерлері мен мұғалімдер – 23, ішкі істер қызметкерлері – 10, – деді Ғ.Надуев.
Маңғыстау облысында 2020 жылдың 13 қазанына дейін ПТР тәсілімен мемлекеттік және жеке меншік зертханаларда барлығы 120 756 адам тексеріліп, оның ішінде 3 362 пациент оң нәтиже берді. Ұлттық сараптама орталығында бүгінгі таңда 15 мыңнан астам тест сынамасы бар.
Індеттің өткір жұқпалылығы мен таралу жылдамдығы себепті тұрғындарға жиын-тойды азайту, сақтану шараларын ұстану туралы ескертілгенімен, бұл тек Маңғыстау емес, барша қазақстандықтар үшін орындалуы қиын жағдай болып отыр. Саналы түрде сақтау-сақтану шаралары мен тәртіп-талабы орындалмағандықтан, тәртіпті қадағалаудың өзі үлкен күшті талап етуде.
Осы орайда өңірде тамыз айынан бастап 24 мониторинг тобы құрылып, бүгінгі таңда бұл топ 560 рейдтік жұмыс жүргізген. Рейд барысында 110 кәсіпкерлік нысанында бұзушылықтар анықталып, оның 110-ына түсінік жұмыстары жүргізіліп, 8 жеке кәсіпкер мен 33 жеке тұлғаға әкімшілік хаттамалар толтырылған.
«Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, әлі де індеттен сақтану шараларын әркім өзінен, отбасынан бастап қолға алса, ауыртпалықтан жеңіл шығуымызға сеп болар еді.
Маңғыстау облысы