Қоғам • 15 Қазан, 2020

Алпыс миллиондық меже алыс па?

167 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ елі тарихында ілкімді ілгерілеу де, сонымен бірге іркіліс пен шегіністер де болды. Осы ілгерілеу мен іркілістердің бірі демографиялық салаға қатысты.

Алпыс миллиондық меже алыс па?

Біз кезінде өсімтал ел болған едік. 1911 жылғы санақ бо­йынша қазақтың саны 8,5 млн бо­лыпты. Оның алдында ұлт көсемдерінің бірі Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) «Әлхамдулилла, алты миллион қазақпыз» деген екен. Сол сан күрт төмендеп, 1939 жылғы санақ бойынша 2,4 миллионға құлдырапты. Бұл қазақ халқына ашықтан ашық жасалған қастандықтың салдары еді.

Жалпы қазақ ХХ ғасырда жеті зұлмат пен зобалаңды бастан кешірді. Алдымен қазақ 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен және 1918-19 жылғы азамат соғысындағы ақ пен қызыл жасақтарының сойқандарынан, сол тұстағы ашаршылықтан қырылды. Оған 1921-22 жылғы ашаршылықты қосыңыз. Осы кезеңде 1,5 миллион қазақ шейіт болған. Бұл кезде Тұрар Рысқұлов пен Мұхтар Әуезов шырылдап жүріп, жер-жерге барып, біраз қазақты аштықтан алып қалған. Содан кейінгі 1932-33 жылғы алапат ашаршылық. Мұның кесірінен 2,5 мил­­­­лион қандасымыз опат болды, 130 рудың шежіресі құрдымға кетті. Сөйтіп үш ашаршылықтан хал­қы­мыз 70 пайызынан айырылды. Енді 1937-38 жылғы қудалау, нақақтан «халық жауы» деп соттаудан ұлттың 25 мың бетке ұстар қаймағы атылып, 110 мыңы босып кетті. Одан кейін 1941-45 жылдар қанқұйлы соғыста қазақ тағы да қырылды. Осы соғыстан кейін тың және тыңайған жерлерді игереміз деген желеумен солтүстіктен нешеме басқа ұлт өкілдерін төгіп, жергілікті халық өз жерінде азшылыққа тап болды. Соңғы зұлмат – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Мұнда да халқымыздың біразы тентіреп, қатты күйзеліске ұшы­рады. Сөйтіп 1959 жылғы санақта қазақ жұрты 29 пайыз болса, 1989 жылы 39 пайызға әупірімдеп жетті. Сонда, 1911 жылғы 8,5 миллион халық өсу­дің орнына 80 жылдан соң сол көлемде қалған!

1991 жылы тәуелсіздік алдық. Содан бергі 2009 жылғы санақ көрсеткендей, 20 жыл ішінде қазақ 63 пайызға жетті. Енді қараңыз. Қазір шын мәнінде қазақ 75 пайызға жетті деген деректер айтылып жүр. Нұр-Сұлтан қаласының өзінде 79 пайыз болыппыз, әлхамдуллиллә! Бұл деген сөз, біз толық мәнде басым халықпыз. Егерде, сол зұлматтар болмағанда зерттеушілердің па­йымдауынша, біз қазір 60-70 мил­лион болар ма едік. Айбынды, қазір әлемдік держава дәрежесіне жеткен бауыр­ласТүркия халқы­ның саны 80 миллионнан асады.

Алла қуат беріп, мына пандемиядан тезірек арылып, экономикамыз алға басса, еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, 2060 жылы 60 миллиондық межеге жетуіміз әбден мүмкін. Алла тағала соған жеткізсін. Халқымыз ауру-сырқаудан аман болып, жеткіншектеріміз сапалы білім алса екен деп тілейміз. Елімізге Алла жар болсын!

 

Бақытжан ТОБАЯҚОВ,

Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі,

Ә.Бөкейхан атындағы сыйлықтың лауреаты