«Бұған дейін 3 баласы бар 23 жастағы Еркінай Есенбаева дүниеге үшем әкеліп, көпбалалы аналардың қатарына қосылғаны туралы ақпаратты баспасөз құралдарынан білдік. Сондай-ақ бала тууға байланысты мемлекеттік қызметтерді рәсімдеуге үшемнің ата-анасының уақыты болмай жүргендігін естісімен, бірден хабарласып, өз көмегімізді ұсындық. Арнайы шалғай өңірлерге қызмет көрсетуге арналған мобильді ХҚО-ның қызметкерлерін жіберіп, қажетті құжаттар мен өтінішін қабылдадық», дейді филиал директоры Ержан Жеңісбеков.
Мамандар Еркінайға туу туралы куәлігін табыстап, балалардың тууына байланысты және бір жасқа дейінгі жәрдемақы тағайындау қызметтері бойынша құжаттарды қабылдап, өтінішті уәкілетті органдарға жіберді. Енді қараша айының басында жас ата-ана өздеріне және балаларына тиесілі мемлекеттік төлемдерге ие болады.
«Балаларымның жәрдемақыларын алу үшін құжат тапсыруға баруға мүмкіндігім болмай жүрген еді. ХҚО-ның қызметкерлері құжаттарымды үйде отырып өткізуге көмектесті. Қатты қуанып қалдым. Мамандар маған гүл сыйлап, құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді. Менің қиналып отырғанымды естіп, жедел әрекет жасаған ХҚО-ның мамандарына алғыс білдіремін», дейді жас ана.
Түркістан облысы