Қазіргі таңда барлық қажетті нормативтік-құқықтық акті тиісті мемлекеттік органдармен келісіліп, қызметтер egov.kz порталында тестілеуден өтіп жатыр. Нормативті актілер күшіне енгеннен кейін кез келген азамат бұл қызметтерді онлайн түрде сұрата алады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқарма төрайымының орынбасары Мәди Садановтың айтуынша, жер қатынастарына байланысты қызметтерді алу қашанда қиындықтарымен ерекшеленіп келген.
«Жер бойынша көрсетілетін қызметтердің көп бөлігі тек қағаз түрінде және қызмет алушының мемлекеттік корпорацияның фронт-офисіне тікелей баруымен ғана ұсынылды. Цифрлық технологиялар дәуірінде тұрғылықты жерге байланып, қызметтің нәтижесін бірнеше күн, тіпті бірнеше апта күту, әрине, орынсыз. Сондықтан біз жер қатынастары саласында ең көп сұранысқа ие қызметтердің көрсетілу мерзімін қайта қарастырып, барынша азайттық. Сонымен қатар egov.kz порталы арқылы алу мүмкіндігі тұрғылықты жеріне қарамастан әлемнің кез келген жерінде отырып алуға жол ашады. Басты талап – электронды цифрлық қолтаңбаның болуы», деді М.Саданов.
Мәселен, егер бұрын МЖК ААЖ графикалық мәліметтерімен жобаланатын жер учаскесін келісу мерзімі 15 күнтізбелік күн болса, қазір ол 7 жұмыс күніне дейін, ал жеке сәйкестендіру құжатын дайындау уақыты 6 жұмыс күнінен 4 күнге дейін қысқарды. Мемлекеттік жер кадастрынан ақпарат беру мерзімі 3 жұмыс күнінен 15 минутқа дейін қысқарды. Барлық бес қызмет бойынша да солай.
Айта кетейік, жаңа қызметтер egov.kz порталының «Жылжымайтын мүлік» бөліміндегі «Жер қатынастары» тармағында қолжетімді болады. Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бизнес-процестерді мүмкіндігінше цифрландыруды тапсырған болатын.
Қоғаммен байланыс департаментінің бас маманы Жазира Оқубаеваның айтуынша, биыл 9 айда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офистері арқылы жер учаскесіне 205 мыңнан астам акт, жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау бойынша 17 мың қызмет, мемлекеттік жер кадастрынан 4 мыңға жуық ақпарат, жердің сапасы туралы жарты мыңға жуық ақпарат берілді. Сондай-ақ шамамен 52 мың жер учаскесі келісілді.