Бұған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен мемлекет басшылары да алаңдап отыр. Дегенмен зерттеушілер арасында жағдайды өз еркімен жіберу керек деген де пікір кездеседі. Бірнеше күн бұрын баспасөз мәслихатында ДДҰ басшысы Тедрос Гебреисус Америка мен Еуропада індеттің қайта белең алғанын айтып, мемлекет басшыларын күресте жеңіске жеткен елдерден үлгі алуға шақырды. Індетпен күресте басты қару әзірге кешенді шаралар ғана екенін тағы да ескертті. 2020 жылы адамзаттың тіршілігін түбегейлі өзгерткен бұл жағдайдың әлі де толық зерттеліп бітпегені белгілі. ДДҰ басшысының мәлімдемесі де нақты ғылыми нәтижелер жоқ болғандықтан тәжірибе жүргізіп жапа шеккенше, тексерілген шаралармен қорғана тұруға тура келеді дегенге саяды.
Кейбір зерттеушілер жақында «ұжымдық иммунитет» тақырыбын қайта қозғай бастады. Ол бойынша оқу орындары, бизнес және өзге де өндіріс орындары толығымен ашылып, вирустың еркін жайылуына жағдай жасалады. Егде жастағы тұрғындар мен денсаулығы нашар адамдар ғана қорғалып, қалғандары індет жұқтырып, тез жазылып кетуі керек. Бұл тұжырымды қолдайтын мамандар осылайша ұжымдық иммунитет қалыптасады деген пікірде.
Алайда мамандардың көпшілігі бұл қадам одан да көп адамның вирус жұқтырып, өлім санының күрт өсуіне алып келетінін алға тартады. ДДҰ басшысы да бұл пікірге қарсы шығып, оны тіпті этикаға жатпайды деп сынады. Ұжымдық иммунитет ұғымы вакцина салынғаннан кейін пайда болатынын айтады. Мәселен, қоғамда қызылшаға қарсы иммунитет пайда болуы үшін халықтың 95 пайызы вакцина алуы керек, сонда қалған 5 пайызына індет жұқпайды. Сол себепті ұжымдық иммунитетке вирусты еркіне жіберу емес, тек вакцина салу арқылы жетуге болады.
АҚШ үкіметі осы ұжымдық иммунитет теориясын қолдап, Ақ үй вирусты бақылаусыз қалдырды деген пікір айтылуда. Елде вирус жұқтырғандар саны 8 миллионға жуықтады, ал өткен аптаның өзінде 6 мыңға жуық адам қайтыс болған. Бірнеше апта қатарынан науқастар саны үздіксіз өсіп келеді. Әрине жағдай шілде-тамыз айларындағыдай ушыға қоймағанымен, вирус жұқтырған 40 мыңнан астам адам күнделікті анықталуда. Мамандар бұл құбылыстың нақты себебін айта алмай отыр. Дегенмен Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары жүргізген зерттеу 2 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында тіркелген жағдайлар бойынша 18-22 жас аралығындағы науқастардың 55 пайызға артқанын анықтаған. Бұл індеттің таралуына оқу орындарының ашылуы себеп болуы мүмкін екенін білдірсе керек. Одан бөлек ауа райының салқындауы да әсер етуі мүмкін.
Жақында АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның жұбайының және өзге де шенеуніктердің індет жұқтырғаны белгілі. Кемінде 11 адамның вирус жұқтыруына себеп болған басқосуды ұйымдастырғаны үшін Ақ үйдің басы дауға қалған-ды. Елде атышулы жиынмен байланысты вирус жұқтырғандар саны әлі де артып келеді. Дегенмен ауруханадан шыққан Трамп сайлауалды науқанына белсене кірісіп кетті. Президенттің індеттен толық айығып-айықпағаны көпшілікті әлі де алаңдататыны сөзсіз. Вирустың қауіпсіздік шараларына құлақ аспай еркінсіп кеткен АҚШ президентіне жұққаны талайды ойландырып тастады.
АҚШ-тың солтүстіктегі көршісі Канадада індет кей өңірлерде ғана өршіп тұр. Ел үкіметі жалпыұлттық қатаң шараларды енгізбейтінін мәлімдеген. Тек вирустың ошағына айналған «қызыл аймақтағы» мекендер ғана басты назарда болады. Дегенмен ресми тұлғалар маска тағудан бас тартқан тұрғындарға қауіптің жақын екенін айтып, қауіпсіздік шараларын ұстануға шақырып келеді. Ел халқын әлеуметтік қолдау шаралары да қарқынды түрде жүзеге асып жатыр. Канадада вирус жұқтырғандар саны 189 мың адамнан асты, ал қайтыс болғандар саны 8 мыңға жуық. Қатаң шаралар тек бақылауға алынған індет ошақтарына ғана қатысты болады.
Ал Латын Америкасы індеттің құрсауында қалғаны белгілі. Құрлықтағы елдер коронавирус ең көп тараған мемлекеттердің ондығына енген. Мәселен, Бразилияның өзінде 5 млн-нан астам науқас анықталған. Аймақтағы кедейлік секілді әлеуметтік мәселелер күннен-күнге ушығып барады. Чили зерттеушілері болса ел аймақтарының бірінде вирустың мутацияланған түрі тарап жатуы мүмкін деп дабыл қағуда. Ел халқының 1 пайызы ғана өмір сүретін оңтүстік аймақта вирус жұқтырғандар саны елде тіркелген жағдайдың 20 пайызын құрап отыр. Ал Аргентинада елдегі қиын жағдайға қарамастан үкіметке қарсы шеруге мыңдаған адам шығып жатыр. Халықтың наразылығын тудырған мәселелер шаш етектен. Көпшілігі үкіметтің дағдарысты еңсеру бойынша әрекетін құптамайды. Ал елде вирус жұқтырғандар саны 1 миллионға жақындап келеді. Латын Америкасындағы жағдайды індеттен бөлек, бірқатар әлеуметтік мәселелер де қиындатып тұр.
Вакцинаға келетін болсақ, сынақтың 3-кезеңіне өткен халықаралық ірі жобалардың екеуі уақытша тәжірибені тоқтатты. Оксфорд университеті мен AstraZeneca фармацевтикалық компаниясының сынақты тоқтата тұру туралы хабарынан бір айдан кейін осы дүйсенбіде Johnson&Johnson компаниясы да вакцина сынағын уақытша тоқтату туралы шешімін жариялады. Екі жағдайда да волонтерлердің бірінде пайда болған «күтпеген белгісіз ауру» себеп болған. Зерттеушілер мән-жайды анықтап жатыр дегеннен басқа ақпарат берілмей отыр. Бұл індетті зерттеуді әрі қарай жалғастыру керек екенін және өзге вакциналардың мұқият тексерілуі керектігін көрсетіп отыр.