Ресей Федерациясы Кострома қаласындағы радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскери академиясының түлегі бүгінге дейін Ақмола, Алматы, Қарағанды, Атырау облыстарындағы гарнизонда жұмыс істеген.
Былтыр Ақтөбеге ауысып келген Ахмет Момынов Қорғаныс министрлігі тарапынан барлық жағдайдың жасалғанын, тек қызметін ойдағыдай атқару басты міндеті екені жөнінде әңгіме тиегін ағытты.
– Нағашы атам мен ағам – әскери адамдар. Екеуі де Алматыдағы әскери академияны тәмамдаған. Кішкентайымнан солардың жолын қууды мақсат тұттым. Бірақ көршілес елде білім алғанды тәуір көрдім. Көпшілігі неліктен дәл осы мамандықты таңдағанымды сұрап жатады. Инженер-экологке көптеген мекемеде жұмыс табылады, бұның сыры осында жатса керек.
Осындағы әскери институтта әріптесім бар, екеуміз сирек кездесетін мамандықтың иесіміз. Мен Ақтөбедегі кадрлық жағдай бойынша айтып отырмын. Өз басым жалақыны есептемегенде, пәтерақымен де қамтыламын. Одан артық не керек? Қызметіме көңілім толады, – дейді Ақтөбе гарнизонының радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау қызметінің бастығы А.Момынов.
Оның күнделікті қызметтік міндетіне әскерилерді һәм олар орналасқан аумақты түрлі зиянды заттардан қорғап, тазалық жұмыстарының талапқа сай жүргізілуін қадағалау кіреді. Апта сайын жеке құрамдармен түрлі техниканың жай-күйін тексеру, оқу-жаттығу жұмыстарын өткізу де кәсіби дағдыларының бірі. Арасында жоспардан тыс шаруалар да болып жатады. Айталық, наурыз айының ортасында елімізді коронавирус инфекциясы жайлағанда, әңгімелесушіміздің әскерилерді дезинфекция жұмыстарына жұмылдыруына тура келген.
– Мамандығыма сәйкес дезинфектор да бола аламын. Вирусқа байланысты қалада зарарсыздандыру жұмыстарын жасауға бұйрық алдық. Күніне 24 әскери қызметкер мен курсанттар – барлығы жүзден астам адам ұзындығы 3 шақырым жолға арнайы сұйықтық шаштық. Оларға жетекшілік еттім. Аталған жұмыс 25 наурыздан 10 сәуірге дейін созылды. Кейін бұл әскери жиындарға шақырылғандарға жүктелді.
Дезинфекция жасау анау айтқандай ауыр болды деп айта алмаймын. Тек басында күн суықта ұзақ уақыт далада жүру қиынға соқты. Қасымдағы жігіттер бар, олардың денсаулығына алаңдайсың. Дегенмен, бұйрықтың аты – бұйрық, орындауға міндеттіміз. Оны ойдағыдай атқарып шықтық деп ойлаймын, вирустың таралмауына аз да болса үлесімізді қостық. Кейіннен блок-бекеттерде де осындай жұмыстар жалғасын тапты. Осы орайда еңбегіміз ескеріліп, басшылық тарапынан сыйақы алғанымызды айта кеткім келеді, – деп ағынан жарылады Ахмет.
Жұмысын міндетті түрде қорғаныс киімімен, өзге де қажетті жабдықтардың көмегімен атқаратын инженер-эколог қауіпсіздік ережелерін сақтауға баса мән берілу керектігіне ерекше тоқталды. Және мұндай шаралар ол үшін таңсық емес. А.Момынов – Ресейде ұйымдастырылған оқу-жаттығу жұмыстарына тартылған қазақстандық әскери мамандардың бірі. Яғни оның Ақтөбедегі осынау жұмыстарға таңдалып алынуы кездейсоқтық емес.
Ахметтің ойынша мамандығын жан-тәнімен сүйген адам кез келген қиындықты еңсере алады. Ол көзі ашық адамдар әскерилердің қызметінің қиын екенін бұрыннан-ақ білетінін қосты.
– Әскери қызметкерлер – бұйрықты орындаушылар ғана, яғни полицейлердегі сияқты оларда белгілі бір құзырет жоқ. Бұны қарапайым халық та біледі. Мысалы, төтенше жағдай кезінде бізге зарарсыздандыру жұмыстарына қатысыңдар деді, біз соны атқардық. Әсіресе, үлкендер жағы бұны жақсы түсініп, көрген сайын жылы сөзін аямайды. Еңбегімізді бағалайды. Көшедегі тәртіпті де қадағалайтын біздің жігіттер – әскери бөлімдегі сарбаздар. Оларда ешқандай қару жоқ, бұзақылықты байқаса, алдымен сақшыларды шақырады. Мақтағаным емес, шынымен солай. Осы тұрғыдан келгенде, дәл осы салада еңбек еткеніме ешқашан өкінгенім жоқ. Бұқара мен билік те бізді қадірлейді, – дейді.
Майор, әрине, барлық қызметтестері сынды генерал болуды армандайды. Оған дейін әскери білімін жетілдіру – алға қойған мақсаты. Ол үшін арнайы іріктеуден өтіп, бірнеше талапты жоғары деңгейде орындау қажет. «Академияда тағы екі жыл оқысам, әскери шенім өседі. Лауазымым да соған сай өзгереді. Сондықтан биыл жаз айларында бағым мен бабымды сынап көрмекпін. Біздің жұмысымыз онсыз да әрдайым даярлықты, кез келген істі тосырқамай орындауды талап етеді ғой. Күн сайын өзіндік емтихан тапсырғандай боламыз. Алдағы сын қиын бола қоймас», деп сыр бөліседі 35 жастағы Қарулы Күштер саласының өкілі.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ,
журналист
Ақтөбе