Қоғам • 15 Қазан, 2020

Түменбасының генералдан несі кем?

1087 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Егемен елдің қорғаны оның айбынды жауынгерлері мен қуатты да қабілетті армияға байланысты. Қазіргі таңда Қарулы Күштеріміз Қазақстанның берік қалқаны ретінде қалыптасып, жауынгерлік шебер­лік пен асқақ рухтың озық үлгісін көрсетіп келеді. Әйтсе де, күштік құрылымдардағы кей атаулар әлі күнге дейін Кеңес өкіметінің сарқыншағынан арыла алмай жүр.

Түменбасының генералдан несі кем?

Бүгін сөз еткелі отырған мәселеміз әс­кери шенге қатысты. Бүгінде Қарулы Күш­терімізде КСРО кезінен қалыптасқан атақтар қолданылады. Мәселен, сержанттық құрамға берілетін «старшина» патшалық Ресей кезінде беріле бастағанына қарамастан, Кеңес өкіметі тұсында жаңаша сипат иеленді. Полковник шені негізінен славян тілдес мемлекеттерге ғана тән лауазым. Әйпесе, шартараптың түкпір-түкпірінде бұл атақты түрліше атайды. Мәселен, ағылшын һәм испан тілдері ықпал еткен елдерде оны colonel/coronel деп атаса, неміс тілінде сөйлейтіндер oberst дейді. Қысқасы, әр ел тілдік икеміне қарай бейімдеген.

Айтпақшы, Венгрия қарулы күштерінде бұл лауазымның баламасы – ezredes. Тікелей аударғанда «мыңның басшысы» дегенді білдіреді. Түркияда осы деңгейдегі albay шені бар. Бұл сөздің шығу төркіні түріктің alay (топ) сөзімен тікелей байланысты. Осман империясы кезінде бұл лауазымды kaymakam немесе kol ağa атқарды. Алғашқысы – араб тілінен енген екі сөздің қосындысы, кейінгісі – таза түркілік атау. Тікелей аударсақ, «қол ағасы» немесе мағынасы – қол бастаушы.

Күллі Мысырды аузына қаратқан Бейбарыс сұлтанды бүгінде бүкіл әлем таниды. Дешті Қыпшақ даласынан шыққан мәмлүктердің Египетте өз династиясын орнатқаны мәлім. Соғыс өнерінің жаңа түрін мәмлүктерден жетік меңгерген Мысыр армиясы бертінге дейін түркілік әскери атақтарды қолданды.

Мәселен, Мысырда генерал-майор шені 1958 жылға дейін «әміралай» деп бекітілді. Подполковник дәрежесінің баламасы «бимбашы», капитан – «йузбашы», ефрейтор – «омбашы», қатардағы жауынгер «әскери» деп белгіленді. Генерал-полковнигіңіз сол кезде «сардар» деген шен иеленді. Яғни бертінге дейін түркілер қолданған офицерлік лауазымдар трендте болды.

Жоғарыда айтылған мыңбасы, жүзбасы және онбасы деген жауынгерлік атақтар әлі күнге дейін Түркия қарулы күштерінде қолданыста бар. Анадолыдағы ағайын қатардағы жауынгерді «ер» деп атайды. Қарт Каспийдің арғы бетіндегі тағы бір түркітілдес мемлекет Әзербайжан армиясында әsgər, теңізде dənizçi борышын өтеп жүр.

Осыдан-ақ Қазақстан Қарулы Күштерінде қолданылып жүрген әскери шендердің Кеңес өкіметі кезінде қалыптасқан атаудан аңғару қиын емес. Әйтпесе, Әзербайжан да кезінде бізбен бірге КСРО құрамына енді. Соған қарамастан, тәуелсіздік алған тұста  шендерді ана тіліне бейімдеді.

Осы орайда, Қазақ хандығы кезінде де қол бастаған батырларға атақ бергені тарихтан белгілі. Мәселен, жасауылдар қолбасшының бұйрығын орындайтын шабарман ретінде қызмет етіп, жауынгерлерге азық-түлік, қару-жарақ тасып, бекіністерді күзететін. Яғни қазіргі тілмен айтсақ, старшина мен прапорщиктер атқаратын жұмыс. Онбасы аты айтып тұрғандай, он адамнан тұратын топты басқарған.

Жүз сарбазды бастаған жүзбасының лауазымы қазіргі капитандардың құзыретімен бірдей. Жоғарыда айтып өткен бауырлас Түркияда капитандарды «Yüzbaşı» дей­ді. Ал мыңбасының майордан қай жері кем? Майорды халықаралық термин деп қал­дырғанның өзінде ауыстыруды қажет ететін офицерлік атақ бар. Ол – подполковник. Пол­ковниктен бір саты төмен тұратын шен. Ендеше, славян тілінен еншілеп алған бұл сөзді қазақы орамға салып жіберіп, мыңбасы деп атасақ, подполковниктердің мұрты қи­саймайды.

Түменбасы бір түмен әскерді, яғни он мың сарбазды артына ерткен. Заманауи әскери терминше айтсақ, корпустың немесе дивизияның командирі. Оларды басқаруға генерал шені бар офицерлер ғана құқылы. Ендеше, түменбасы Қазақ хандығының генералдары болғаны анық. Бұдан бөлек, қолбасшы, бас қолбасшы, сардар деген лауазымдарды ескерсек, қазіргі әскери атақтарды қайта қарастыруға материал да, мүмкіндік те жетеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр құқық қорғау жүйесіне реформа жасалатынын мәлімдеген-ді. Ендеше, осы реформаның аясында жауынгерлік тарихымызды түгендеп, қазіргі қарулы күштердегі шендерді қайта қарастырып, тарихи атауларды жандандырсақ, айбынды армиямыз түрленіп шығатыны анық.