Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров пен облыстық Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Жанат Сүлейменов аталған жобаның іске асырылу барысымен танысты. Бұл жоба ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап енгізілген болатын.
Қанатқақты жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған тапсырмалармен бірге "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуда. Сонымен қатар, жоба процеске қатысушылардың конституциялық құқықтарын қорғауға, қылмыстың жай-күйі туралы деректердің анықтығын қамтамасыз етуге, манипуляциялар мен бұрмалаушылықтарды қысқартуға, тергеп-тексеру процесін оңтайландыруға, процеске қатысушылардың байланыстарын барынша азайтуға бағытталған. Жамбыл облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, бұл жобаның ерекшелігі – прокурорлар бұрын тергеу органы дербес қабылдаған негізгі процедуралық шешімдерді электронды форматта алдын-ала келіседі және азаматтарды қылмыстық қудалау шеңберіне заңсыз тартуды болдырмауға көмектеседі. Жаңа жобаны тиімді енгізу мақсатында облыс әкімдігінің қолдауымен 250 жұмыс орнын жабдықтау үшін 160 миллион теңгеге компьютерлік техника сатып алынған.
Жұмыспен танысу барысында өңір прокуроры мен облыстың бас полицейі нақты уақыт режимінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі базасында электрондық жекелеген процестік шешімдерді дайындау процесін көрді. Содан кейін олар прокурорға келісу үшін жіберілді. Сондай-ақ, олар қалалық полиция бөлімі мен прокуратураның өзара іс-қимыл процесімен танысты. Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров жобаны апта сайын қорытындылауды, жұмыстағы кемшіліктерді азайтуды және электрондық жүйені жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды. Ал, облыстық Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов анықтаушылар мен тергеушілерді үнемі оқыту және біліктілігін арттыру қажеттігі туралы айтты.
Кездесу соңында "Тараз – қауіпсіз қала" тұжырымдамасы аясында облыс орталығындағы қылмыстық ахуалға байланысты арнайы кеңес өтті.