Аймақтар • 15 Қазан, 2020

Қырағы күзетте – замануи техниканы меңгерген жауынгерлер

367 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Радиотехника мамандығы бойынша офицер-инженерлерді дайындайтын Орталық Азия аумағындағы тұңғыш әрі бірден-бір білім ордасы  Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының тарихы – Қазақстан әскерінің, отандық білім-ғылым жүйесінің дамуымен тығыз байланысты, деп хабарлайды Egemen.kz

Қырағы күзетте – замануи техниканы меңгерген жауынгерлер

Құрылғанына жиырма жылға жуық мерзімде Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты еліміздің Қарулы Күштері мен басқа да әскери құрылымдарына офицер кадрларды бес мамандық бойынша дайындап келеді. Бүгінде болашақ әскерилер зенитті зымыранды, радиотехникалық, авиацияны радиотехникамен қамтамасыз ету, байланыс, қару-жарақты басқарудың автоматтандырылған жүйелерінің инженерлері, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қорғау саласы бойынша білім алып келеді.

Заманауи офицерлерге қару-жарақтың көптеген түрлері мен радиоэлектрониканы жетік білу жауапкершілігі жүктелген. Халықаралық стандарттарға сай жарақталған институтта жоғары дәрежелі мамандар дәріс береді. Бүгінде 18 маманның ғылыми дәрежесі бар. Оның 4-уі ғылым докторы, 11-і ғылым кандидаты,  3 оқытушы PhD докторы болып табылады. Ал 141 адам магистр дәрежесіне ие. Сондай-ақ, 25 әскери қызметші еліміздегі жоғары оқу орындарының магистратурасы мен ТМД елдерінің адъюнктурасында білім алуда. Әскери институттың бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков атап өткеніндей, оқу орнының жетістігі әрбір әскери қызметшінің, азаматтық персоналдың қажырлы еңбегінің жемісі. Олар әскери білім беруді дамытуға, жоғарғы оқу орнының қалыптасуына, болашақ офицерлерді дайындауға лайықты үлес қосып келеді. Соның арқасында институт еліміздің әскери жоғарғы оқу орындары арасында жетекші ұжымдардың бірі болып саналады. Еліміздің Қарулы Күштері мен басқа да әскери құралымдары үшін офицер кадрларын даярлауда үздік тәжірибесімен ерекшеленуде.  

Институт қабырғасында күнделікті беріліп жатқан теориялық білім нәтижелі болуы үшін практикалық сабақтар қоса ұйымдастырылады. Оқу аудиториялары мен зертханалары түрлі радиотехникалық стендттермен, компьтерлік және лингофонды техникалармен, симуляторлармен, сондай-ақ жаттығу кешендерімен жабдықталған. Курсанттар теориялық білімдерін институттың оқу орталығында жетілдіре түседі. Болашақ офицерлер шынайы жауынгерлік техникаларда тәжірибеден өтіп, радиолокациялық бекеттер мен байланыс әскери техникаларында қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, курсанттар мен офицерлер түрлі ғылыми жобаларды зерттеу қолға алған. Яғни, ғылыми зерттеулер жүргізіп, әскери және қару-жарақ техникасын жетілдіруге атсалысуда. Білікті педагогтардың жетекшілігімен курсанттар ғылыми жобаларын зерттеуге ұсынып, баяндамаларымен республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми конференцияларға қатысып келеді. Ғылыми еңбектер институт қабырғасында шығатын ғылыми-техникалық журналында жарияланады. Сондай-ақ, аталған ғылыми баспа беттерінде алыс және жақын шетелдік ғалымдар да өз ғылыми еңбектерімен бөлісіп келеді.

Бүгінде екі мыңнан астам лейтенантты қанаттандырған институтта 340 түлек оқу озаты атанса, 30 курсант "Оқу үздігі" төсбелгісімен марапатталған. Институт мақтан ететін мамандар еліміздің Қарулы Күштерінің қырағы күзетінде.