Саясат • 15 Қазан, 2020

Орталық Азия мен Ресейдің көпжоспарлы өзара іс-қимылы талқыланды

166 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "Орталық Азия + Ресей" форматындағы сыртқы саяси ведомстволар басшыларының үшінші отырысына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz

Орталық Азия мен Ресейдің көпжоспарлы өзара іс-қимылы талқыланды

Алаң COVID-19 пандемиясының теріс салдарын еңсерудегі тараптардың күш-жігерін шоғырландыру үшін, сондай-ақ әлемде саяси, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық проблемаларды өзектендіру тұрғысынан ерекше маңызға иеленуде.

Онлайн-кездесудің қатысушылары Орталық Азия мемлекеттері мен Ресей арасындағы ынтымақтастық ғасырлар бойғы достық, өзара құрмет пен сенім дәстүрлеріне сәйкес, сондай-ақ Еуразия өңіріндегі жасампаз процестерді ескере отырып дамып келе жатқанын атап өтті. Диалог ортақ мүдделерге жауап береді және өңірдегі экономикалық өсу мен қауіпсіздіктің маңызды факторы болып табылады.

Орталық Азиядағы қауіпсіздікті нығайту және орнықты өсуді қамтамасыз ету мақсатында ұзақ мерзімді көпжоспарлы өзара іс-қимылды кеңейту, мемлекетаралық байланыстарды тереңдету мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасылды. Сауда-экономикалық және энергетикалық өзара іс-қимылдың, көлік-транзит саласындағы "Орталық Азия + Ресей" форматындағы елдердің маңызды бастамаларын іске асырудың перспективалары, сондай-ақ азаматтардың ұтқырлығы мәселелері және Еуразия өңіріндегі эпидемиологиялық ахуал қаралды.

Орталық Азия елдеріндегі Денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау жүйелерінің алдында тұрған қазіргі заманғы сын-қатерлер де талқыланды. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.

Министрлер сыртқы саяси ведомстволардың күш-жігерін өзара іс-қимылдың стратегиялық маңызды бағыттарына шоғырландыруға, экономикалық және өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша Орталық Азия мен Ресей мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлерінің Бірлескен мәлімдемесі қабылданды.