Парламент • 16 Қазан, 2020

Сенаторлар халықтың тұрмысына алаңдаулы

238 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Отырыс барысында депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу, сондай-ақ жекелеген халықаралық шарттардың қолданысын өзгерту және тоқтату туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң қабылдады.

Сенаторлар халықтың тұрмысына алаңдаулы

 

ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізілді

Заң жобасы бұған дейін Мә­жі­лісте мақұлданған. Сенаторларға Хаттаманы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов таныс­тырды. Оның айтуынша, құжат ЕАЭО елдері үшін кедендік әкелу баждарының көлемін анықтауға мүмкіндік береді.

«Хаттама 2019 жылғы 1 қа­зан­да Ереванда жасалды. Хаттамада кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлудің жаңа нормативтерін бекіту көзделеді. Нормативтердің мөлшері мүше бес мемлекет үшін айқындалған. Бұл ретте Қазақстан үшін норматив 6,955 пайызды құрайды. Аталған нормативтер Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында кедендік әкелу баждарын бөлуге мөлшерлес тәсілді қамтамасыз етуге арналған», деді Р.Дәленов.

Сондай-ақ құжатта мүше мемлекеттердің жоғары мем­ле­кеттік қаржылық бақылау ор­ган­дары бірлескен бақылау іс-шара­лары шеңберінде мүше мем­ле­кеттердің уәкілетті органдарының осы Хаттаманың ережелерін сақтауын жыл сайын тексеретіні айқындалған.

«Халықаралық шарттар ту­ралы» заңға сәйкес осы Хат­та­ма ратификациялауға жатады. Заң жобасын қабылдау әлеу­мет­тік-экономикалық және құқық­тық теріс салдарға әкеліп соқтыр­майды», деді ведомство басшысы.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшім­баев аталған құжатқа қатысты пікі­рі­мен бөлісті. Спикердің сөзі­не сүйенсек, заң жобасы Еура­зия­лық экономикалық одақтағы экономикалық ықпалдастықты арттыруға жағдай жасамақ.

«Еуразиялық экономикалық одақ Елбасымыздың бастамасымен құрылды. Оның жұмысын өркендетуге Мемлекет басшы­сы да баса мән беріп отыр. Еура­зиялық экономикалық одақ, ең алдымен, экономикалық дамуды, тауар айналымын арттыруды және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты күшейтуді көздейді. Бүгін қабылданып отырған заң жаңа кедендік баждарды белгілеу арқылы жоғарыда аталған мақсаттарды іске асыруға үлесін қосады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан кейін сөз алған депутат Сергей Карплюк ЕАЭО елдері арасындағы кедендік әкелу баждарын бөлудің жаңа нормативтері туралы түсіндірді. Хаттама бо­йынша Беларусь Республикасы үшін кедендік әкелу баждарын бөлу нормативі көбейтілген. Себебі Беларусь елінде кедендік баждарды жинау коэффициенті бөлу нормативінен көп. Ал Қазақ­стан импорттың қазіргі көлемін сақтаған жағдайда сальдо бойынша оң көрсеткішке қол жеткізеді.

«Хаттама арқылы құзыретті ор­гандардың кедендік әкелу баж сомаларын түсіруді және бөлуді дұрыс орындауын, олардың Еу­разиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бюджет кірісіне аударуын бақылау тәртібі туралы ереже және ақпарат алмасу мәселелері анықталады», деді С.Карплюк.

 

Тұрғын үй бағдарламаларының кемшілігі көп

Сонымен қатар отырыста сенаторлар бірқатар депутаттық сауал жолдады. Сенат вице-спи­кері Асқар Шәкіров пен депутат Ләззат Сүлеймен тұрғын үй саясатын іске асырудағы проблемаларды көтерді.

Сенат депутаттары азамат­тар­­дың осал санаттары үшін жеңіл­­дікті ипотекалық бағдарла­малар­дың қолжетімсіздігіне, сондай-ақ балама нұсқалар ұсын­бай тұрып азаматтарды жалғыз тұрғын үйінен мәжбүрлеп шығаруға жол бер­меу­ге Үкіметтің назарын аударды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жол­дауында «Азаматтардың әлеу­меттік әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты» деп атап көрсетті.

Карантиндік шараларды сақ­тап, коронавирус пандемиясы өршіген кезеңде бұл мәселенің өзектілігі артты. Мәжбүрлі оқ­шау­лау режімінде лайықты тұрғын үй жағдайы, тұрғын үй алуға қол жеткізу, мәжбүрлеп шығарудан құқықтық қорғау және тағы басқа проблемалар Үкіметтің ерекше назарын талап етеді.

Мемлекет өзінің конвен­ция­лық міндеттемелері, атап айт­қанда, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакті шеңберінде қазақстандықтардың жеткілікті тұрғын үйге құқығын қамтамасыз ету бойынша айтарлықтай жұ­мыстар жүргізіп келеді. Сонымен бірге бұл процестің мониторингі жан-жақты қарастыруды талап ететін жүйелік сипаттағы мәсе­лелердің бар екендігін айғақ­тайды», деді депутаттық сауалды оқыған Л.Сүлеймен.

Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров пен депутат Ләззат Сүлеймен Премьер-Министрге жолдаған депутаттық сауалында қазіргі уақытта тұрғын үй алу кезегінде шамамен 530 мыңға жуық адам тұрғанын және жыл сайын олардың саны тағы 50 мың адамға көбейіп келе жатқанын атап өтті. «Нұрлы жер» бағдарламасына кіретін «Шаңы­рақ» (5-10-20) қанатқақты жобасы әкімдіктерде тұрғын үй алуға кезекте тұрғандарға ипотекалық несие беруді көздейді. Отбасы кірісін растау үшін зейнетақы қорынан берілетін соңғы алты айдың үзінді көшірмесі қажет.

«Осы жобаны іске асыру тәжірибесі көрсеткендей, осал санаттағы, оның ішінде мүм­кіндіктері шектеулі азаматтар үшін бұл қолжетімсіз болып отыр. Алайда қазір 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар еңбек табысын құжаттық тұрғыда растай алмағандықтан, жеңілдетілген ипотекалық кредитке қол жеткізе алмай отыр», деді Ләззат Сүлеймен.

Депутат сондай-ақ «7-20-25» бағдарламасы көптеген қазақ­стан­дыққа қолайсыз екенін, бастапқы тұрғын үй нарығында ғана жұмыс істейтінін атап өтті.

«Тұрғын үй салынып, пайда­ла­нуға берілген кезде одан пәтер табу қиын, себебі бастапқы тұр­ғын үй нарығы алыпсатарлар қызметінің объектісіне айналған. Олар бір уақытта бірнеше пәтер сатып алатыны белгілі. Осыған байланысты азаматтар алдын ала брондау шартымен тұрғын үй сатып алуға мәжбүр, бұл азаматтарды қосымша шығындарға әкеледі», деді Сенат депутаты.

Осыған байланысты сенаторлар «7-20-25» бағдарламасы бо­йынша тұрғын үйді екінші на­рық­тан алуға рұқсат етудің тиімді әрі арзан екенін ұсынып отыр.

Сенаторлар «Баспана хит» бағдарламасы қайталама тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік бере­тінін, алайда бұл бағдарлама кре­дит бойынша пайыздық мөлшер­леменің (10,75 %) жоғары және қарыз беру мерзімінің (15 жыл) аз болуына байланысты ай сайынғы кірісі 170-180 мың теңгеден төмен азаматтардың басым көпшілігіне қолжетімсіз екенін де айтты.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда риэлторлардың қызметі тиісті заң­намалық тұрғыдан реттелмеген. Тұр­­ғын үй нарығында бірыңғай тәртіп, стандарттар мен қағи­дал­­ардың болмауы клиенттер­дің сенімсіздігін туғызуда. Қалып­тас­қан жағдай адал жұмыс істейтін риэлторлық компаниялар үшін де, осы қызметті тұтынушылар үшін де айтарлықтай қиындық келтіруде», деді Л.Сүлеймен.

Депутаттардың айтуынша, қо­­ғамдағы әлеуметтік-эконо­ми­­­­калық жағдайға азаматтарды жал­­­ғыз тұрғын үйінен мәжбүрлеп кө­ші­­ру жайттары да теріс әсер етеді.

Сенат Төрағасының орынба­сары Асқар Шәкіров пен депутат Ләззат Сүлеймен сауалда мәж­бүр­леп шығаруға тыйым салу негіз­дерінің тізімі сапалы түрде жан-жақты қайта қаралу керек екенін, сондай-ақ алдын алу шараларын қабылдау, атап айтқанда азаматтардың ипотекалық қа­рыз­ды төлеу жөніндегі тәуе­кел­дері мен мүмкіндіктеріне мұқият талдау жүргізе отырып, аза­маттарға ипотекалық қарыздар беру кезінде екінші деңгейдегі банктердің ба­қылауын күшейту қажеттігін атап көрсетті.

Бұдан бөлек, депутаттар тұрғын үй нарығында риэлторлық ұйымдардың қызметімен бай­ла­нысты мәселе туындап отыр­ғанына тоқталды. Сенаторлардың келтірген деректеріне сүйенсек, алаяқтық жағдайлар жиі кездеседі. Бұған халықтың құқықтық сауаты төмен болуы әсер етіп отыр.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда риэлторлардың қызметі тиісті заңнамалық реттелмеген. Тұрғын үй сату нарығында бірыңғай тәртіп қағидаларының болмауы, клиенттердің оларға деген сенім­сіздігін туғыза отырып, адал жұ­мыс істейтін риэлторлық компа­ниялар үшін де, осы қызмет­ті тұтынушылар үшін де айтар­лық­тай қиындық келтіреді. Бұл мә­селе сапалы талдауды және тал­қылауды талап етеді, риэлторлық қызмет заңнамалық тұрғыда тиісті бақылауға алынуға тиіс», деді Л.Сүлеймен.

 

Өнеркәсіптік саясат әзірлеу керек

Сенатор Еділ Мамытбековтің сауалында өнеркәсіп саясатына, оның ішінде «Өнеркәсіп сая­­саты туралы» заң жобасын әзір­­леуге қатысты мәселе қозғалды. Премьер-Министрге сауал жол­­даған депутат Мемлекет басшысы­ның өнеркәсіптік саясатты дамы­тудың жаңа тәсілін әзірлеу жө­нін­дегі тапсырмасын еске салды.

Е.Мамытбековтің пікірінше, Қазақстанда саясатты әзірлеу орталығы – Үкімет, әкімдіктер мен кәсіпорындар бар, бірақ елде ішкі нарық пен жұмыс орын­дарын қолдауға арналған мемле­кеттік қаржы мен ресурстарды пайдаланудың тұтас жүйесі болмай отыр.

Сенатор Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министр­лігіне қазан айының соңына де­йін «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң тұжырымдамасының жоба­сын әзірлеу тапсырылғаны және сол арқылы батыл іс-қимыл­­ға карт-бланш алғанына екпін берді. Депутаттың сөзіне сүйен­сек, мемлекеттік мекемелер арасында бәсекелестік болға­ны­мен, олардың арасында тиісті үй­лес­тірудің жоқтығы мен өнер­кәсіптік саясаттың тиімді­лігінің жеткі­лік­сіздігін атап өтті. Мұ­ның бәрі жаһан­дану­дың сыртқы факторлары әсері­нің қатаюы мен әлемдегі шаруа­шылық бай­ланыстарының субай­мақтануы жағдайында біздегі өнер­кәсіп өндірісінің бәсекеге қабі­леттілігі деңгейіне әсер етіп отыр.

«Қалыптасқан өндірістік қатынастарға байланысты өндіріс пен ғылым арасындағы алшақтық біздің кез келген өнеркәсіптік жобамызды іске асырудың тиімділігі төмен әрі құны жоғары болуына себеп болып отыр. Отандық бизнес, әсіресе шетелдік бизнес, өздерінің кәсіби мүмкіндіктерін шетелдік жеткізушілерден технологиялық шешімдер мен өнімдерді сатып алумен ғана шектей отырып, елдің ғылыми-техникалық дамуы үшін ешқандай жауапкершілік көтергісі келмейді. Оның үстіне, жер қойнауын пайдаланушы бизнесмендер еліміздің жер қойнауын пайдаланғаны үшін ғылыми әлеуетті дамыту жөніндегі өз міндеттемелерін орындауды да қаламайды», деді Е.Мамытбеков.

Депутаттың пайымдауынша, ғылымды экономика мен өндірісті ин­дустриялық-инновациялық да­мыту міндеттерін шешуге толық­қанды тартудың көп жылғы ше­шілмеген проблемасы айқын кө­рініп отыр.

«Бүгінде ғылыми ұжымдар мен жекелеген ғалымдар грант­тық қаржыландыру кезегіне «то­пырласуға» мәжбүр, бұл іс жүзін­де жоғары ғылыми және ғылы­ми-техникалық сұраныстың мәсе­лелерін шеше алатын көптеген ғалым үшін қолжетімді емес», деді сенатор.

Депутат әкімдіктер мен квази­мемлекеттік сектор жүзеге асыратын сатып алуларда импортқа басымдық берілетінін атап өтті. Сенатор бұл мәселені инженерлік және өндірістік персоналдың сапасын түбегейлі жақсартпай әкімшілік әдістермен ғана шешу мүмкін емес деп санайды.

Бұған дейін Мемлекет басшысы жер қойнауын пайдаланушыларды ғылыми-зерттеу және конструкторлық-тәжірибелік жұ­-
­­мыс­тарды күрделі қаржы са­лым­да­рының 1%-ы мөлшерінде қар­­жы­ландыру жөніндегі міндет­теме­лерді қамтамасыз етуді тап­сырған болатын. Депутат осыған байланысты жер қойнауын пайда­ланушылардың кадрлар даярлау жөнінде де міндеттемелері бар екенін еске салды.

Сауалға Дәурен Әділбеков, Ерік Сұлтанов, Сүйіндік Алдашев, Бауыржан Қаниев, Әлімжан Құртаев, Сағындық Лұқпанов, Ләззат Рысбекова қол қойды.

 

Ауылдарға қамқорлық қажет

Үкімет басшысына сауал жолдаған сенатор Ольга Булав­кина шекара маңындағы ауыл­дардағы жағдайға назар аударып, олардың назардан тыс және мемлекеттің қолдауынсыз қалға­нына алаңдады.

«Халқы 200 адамға жетпейтін 1300 ауыл назардан тыс және мем­лекеттің қолдауынсыз қалады. Тек «Нұрлы жер» бағдарламасы бо­йынша соңғы үш жылда 10 мил­лион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Алайда қаражат бөлу кезінде басты назар Нұр-Сұлтан, Алматы қала­ларында, облыс және аудан орталықтарында болды», деді сенатор Ольга Булавкина.

Депутат ауылдық жерлерде тұрғын үй салынып жатқан жер учаскелерінің мәселесі де шешілмей тұрғанын айта кетті.

«Қазіргі таңда осы үйлерде тұратын азаматтар аталған жер учаскелеріне және тұрғын үйге меншік құқығына рұқсат ала алмайды. Оның негізгі себебі, жер учаскесінің тағайындау құжаттарында сәйкестіктердің болмауы», деді О.Булавкина.

Сенатор өз сауалында жеке тұрғын үй құрылысына қатысты проблемалардың әлі де бар екенін айтты. Тұрғындарының саны 5 мыңға жетпейтін елді мекендерде жер учаскелері ауыз су және электр желілерімен қамтамасыз етілуі керек. Бірақ кейбір аймақ­тарда бұған бюджеттен қара­жат қарастырылмаған. Бұл азамат­тардың жеке тұрғын үй құры­лысы үшін жер учаскесін алуда құқығының бұзылуына алып ке­леді.

Депутат шекаралас елді мекендерде тұратын 1,5 млн ауыл тұрғыны үшін ауылдың әлеуетін толықтай ашу проблемасы стратегиялық маңызға ие екеніне сенімді. Осыған байланысты О.Булавкина Премьер-Министр Асқар Маминге бірнеше сауал жолдады: «Қажетті материалдық және әлеуметтік ортаны құру, сондай-ақ инвесторлар үшін аймақтардың тартымдылығын арттыру мақсатында шекаралас облыстарды одан әрі дамыту бойынша жағдайға сараптамалық талдау жүргізілді ме? Салық салуда, грант бөлуде және шекаралас облыстарды одан әрі дамыту үшін мемлекеттік қолдаудың басқа шараларында жеңілдіктер беру мәселелері қарастырылды ма? Бұл шаралар қашан жүзеге асырылады? Осы аймақтарда жұмыспен қамту және бизнестің жол карталарының тиімсіз болуының себептері қандай? Бұл басқа қоныс аударушылар үшін шекаралас аймақтардың тартымдылығын қамтамасыз ететін басқа әлеуметтік фактор­ларға қалай әсер етеді? Ауыл тұрғындарына баспана сатып алуға немесе салудың жеңіл шарттары, қолдау көрсетудің қосымша тетіктері бар ма?» деді депутат.