Парламент • 16 Қазан, 2020

Қытайлық әріптесімен онлайн кездесті

121 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Ван Чэнмен онлайн кездесу өткізді, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Қытайлық әріптесімен онлайн кездесті

Тараптар әңгімелесу бары­сында екіжақты ынтымақ­тас­тықтың, халықаралық ұйым­дар­дағы өзара іс-қимылдың және өңірдегі қазіргі ахуалдың кең ауқымды мәселелері бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ 2022 жылы 30 жылдығы атап өтілетін екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды және үдемелі дамуы туралы айтты.

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Нұр-Сұлтан мен Бейжің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 28 жыл ішінде қарқынды саяси диалог пен терең экономикалық байланыстар орнап, жан-жақты өзара іс-қимыл серпінді дамып келе жатқанына тоқталды.

Гүлмира Исимбаева әңгіме­лесу барысында бұл екі елдің көш­басшыларының еңбегі екенін, Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының қалыптасуы мен нығаюында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерек­ше рөлін атап өтті. Ал Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары және сол ресми сапар барысында бір­лескен мәлімдемеге қол қойы­луы Қазақстан-Қытай қатынас­та­рының жаңа дәуірінің басталуы екеніне назар аударды.

Өз кезегінде Қытай Пар­ла­ментінің өкілі Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үлкен қызы­ғушылық танытып, оларды қазіргі заманғы халықаралық қатынастардағы достық пен тату көршіліктің эталоны деп атады.

Экономикалық өзара іс-қимыл туралы әңгіме барысында тараптар ҚХР-дың «Бір белдеу – бір жол» бастамасына және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасына үлкен көңіл бөлінетінін мәлімдеді.

Бұдан басқа отырыста коро­на­вирус инфекциясы панде­мия­сының теріс салдарын азайту бойынша тәжірибе алмасу үшін екі елдің күш-жігерін үйлес­ті­рудің маңыздылығы атап өтілді.

Осыған байланысты Қытай вице-спикері Қазақстанның елдегі эпидемиялық жағдайдың шиеленісуі кезеңінде көрсеткен көмегі үшін алғыс айтып,  COVID-19 індетіне қарсы жаңа екпе әзірлеп, оны сынамадан өткіз­гені туралы хабарлады. 

Өз кезегінде Гүлмира Исим­баева Қытай дәрігерлеріне кон­сультативтік және тәжірибелік көмек көрсеткені үшін риза­шы­лығын білдірді. Сонымен қатар тараптар эко­номиканы цифр­ландыру, жа­санды интеллект, ауыл шаруа­шылығы, денсаулық сақтау, көлік және басқа да сала­лардағы ынтымақтастықты одан әрі ке­ңейту қажеттігін атап өтті.

Әңгімелесу барысында екі елдің заң шығарушы орган­да­рының сындарлы және серпінді диалог ісіндегі маңызды рөлі атап өтілді.

Кездесуге Мәжіліс депутат­тары Мұхтар Ерман мен Қуаныш Сұлтанов қатысты.