Пікір • 16 Қазан, 2020

Жаңа жағдайдағы жаңғыру

553 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында 11 бағыт бойынша болашақта атқарылар жұмыстарға тоқталды. Мемлекет басшысы экономика халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы керек екенін атап өтті. Сонымен бірге Жолдауда еліміздің жаңа экономикалық бағдары басты жеті қағидатқа негізделуі керек екені және Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану тура­лы сөз қозғалды.

Жаңа жағдайдағы жаңғыру

Елімізде өнеркәсіптік әлеуеті­мізді толық пайдалануға мүмкіндік бар. Қазақстан өзінің жер қойнауы­ның байлығымен әйгілі. Жолдауда ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қай­та өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет екені, қара және түс­ті металлур­гия, мұ­най химиясы, көлік құрас­тыру және ма­ши­на жасау, құрылыс материалы мен азық-түлік өндіру және бас­қа да са­ла­­ларды қамту керектігі ай­тыл­ды. Мемлекет басшысы мұнай дәуі­рі аяқ­та­лат­ын­дығын, ауыл шаруа­шы­лығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емесін де атап өтті.

Бәсекеге қабілеттілік – ұлттық бағ­дарламаларда берілген түсінік­темеде ақпараттық фактордың оң нә­ти­жесіне баса назар аударады және шаруа­шылық жүйесінің жұ­мы­сы­ның әлемдік стандарттарға сәйкес болуын көздейді. Қазіргі эконо­мика­лық дағдарыс бұл тиім­ділік норматив­терінің тиімсіздігін көр­сетті, яғни мемлекеттік бағдарла­малардың мақсатын анықтауда ба­ғытты өзгерту қажеттігін көр­се­теді. Ақпараттық фактордың теріс әсе­рін барынша азайтатын және елдің ішкі әлеуетіне әсер ете­тін қазақ­стан­дық экономиканың қоз­ға­лы­сының жаңа траекториясын анықтау қажеттілігі туындап отырғаны рас. Бұл міндет бүгінде маңызды және Қазақстанның ары қарай даму модусы мен анықтаушы векторы саналады.

Осыған орай, «тұрақты даму» – «sustainable development» біздің ойы­мызша, еліміздің дамуына қажетті негізгісі болып табылады. Тұрақты дамудың негізгі қағидалары: адамды ең басты құндылық ретінде және оның табиғатпен үйлесе оты­рып саламатты өмір сүру құқы­ғын тану; өткен және өскелең ұрпақ­тың экологиялық, әлеуметтік-эконо­микалық қажеттіліктерін қанағат­тандыра отырып даму, яғни өскелең ұрпақ үшін қалпына келтірілмейтін шектеулі ресурстарды сақтай отырып, халықты қажетті игіліктермен қалыпты қамтамасыз етуге жеткілікті деңгейде даму. Бұл тәсілдің, әсіресе орасан мол ресурстары бар және оны экспорттық әлеует ретінде шығаруға мәжбүр Қазақстан үшін маңызы зор.

Қазіргі күні Қазақстанның ауыл шаруашылығында шағын және орта бизнесті дамыту аса өзек­ті мәсе­ле­лердің бірі болып отыр. Ауыл ша­руа­шылығы сала­сын­дағы кәсіпкер­лікті тиімді дамыту, нарықтық меха­низм­ді игеру, нарықтағы баға, сұраныс пен ұсы­ныс, бәсеке, мемле­кеттік реттеу заң­дылықтарын меңгеруге байланыс­ты бизнес нысандары нарықтың та­лап­тары мен оның механизмін иге­ру­ге икемділігі жоғары болып есеп­­­теледі. Сол себептен де қазір­гі жа­ғ­­дайда аграрлық саладағы кәсіп­кер­лік­ті дамытудың әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық тиімділігі нарық механизмін толық­қанды игеруге мүмкіндік жасайды.

Жолдауда аграрлық секторға инвестиция тарту, кәсіби мамандардың тап­шылығы, сондай-ақ аграрлық ғы­лым­ның ойдағыдай дамымауы сияқ­ты саладағы қордаланған мәселе­лер­дің шешімін табу керек­тігін және осы бағытта атқарушы билік тарапы­нан нақты шаралар қабылдануы керек­тігі де ай­тылды. Бұл өз кезегінде елі­мізде аг­рар­­лық сектордың бәсекеге қабі­лет­ті­лі­гін қамтамасыз ететін негізгі мәселелер.

Аймақтың бәсекеге қабілеттілігі ұлттық экономиканың бәсекеге қабі­леттілік құрылымындағы ма­ңыз­ды элемент және аумақтың өнім өндіре алу мен ішкі және шетел­дік нарықтың талаптарына сай қызмет­тер көрсете білу қабілетін және өз хал­­қы­ның өмір сүруінің жоғары дең­­гейін сақтай білу мен тіршілік қа­уіп­сіз­дігін қамтамасыз ете алу, қо­лайл­ы жағдай жасай білу қабілетін білдіреді.

Аграрлық саланың дамуы бүкіл экономикалық әлеуеттің жай-күйін, мемлекеттің азық-түліктік қауіпсіздік деңгейі мен қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды шешуші дәрежеде анықтайды. Дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, өз кезегінде қоғам өркениетінің өсуіне әкелетін агробизнестің дамуы эко­номиканы тиімділікке бастай­ды. Кәсіпкерлік адамның қабілеттілік­терін, іскерлік бастамаларын арттыру­ға, жаңа жұмыс орындарын құруға, азаматтар табысының тұрақты көзін қамтамасыз етуге ықпалын тигізеді. Осылайша ел тұрғын­дарының әлеуетін жақсарту мәселелерін шешеді.

 

Айман РАЙЫМБЕКОВА,

экономика ғылымдарының кандидаты

 

ҚЫЗЫЛОРДА