14 Қараша, 2013

Немісті сендірген қазақ қызы

335 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Астана Опера» театрының әншісі Салтанат Ахметова Германиядағы ең айтулы байқаулардың бірі – «Neue Stimmen»-ге қатысып, Гютерслодағы «Классикалық күз» («Klassik Herbst in Gutersloh Forderprei») сыйлығын иеленді.

«Астана Опера» театрының әншісі Салтанат Ахметова Германиядағы ең айтулы байқаулардың бірі – «Neue Stimmen»-ге қатысып, Гютерслодағы «Классикалық күз» («Klassik Herbst in Gutersloh Forderprei») сыйлығын иеленді.

Айта кету керек, бұл байқауға әлемнің әр түкпірінен 1428 адам өтінім білдірген, ал оларды іріктей келгенде бар-жоғы 40 әнші ғана байқау талабына лайықты деп табылған. «Мыңнан – тұлпар, жүзден – жүйрік», демекші, ең соңғы турға тек 9 әнші ғана сүрінбей жетті. Шашасына шаң жұқпаған сол тоғыздықтың ішінде қазақтың Салтанат есімді ару қызы барын естіп, қуанып жатырмыз. Салтанат Ахметова іріктеу кезеңінде Г.Гендельдің «Юлий Цезарь» операсынан Клеопатраның ариясын орындап шықты. «Бұл байқауға қатысу үшін алдымен қазылар алқасы үш ай бойы іріктеу жүргізді. Бұған дүние жүзінен қаншама талантты жастар қатысты. Мен Берлиндегі іріктеуден өттім. Қазақстаннан бұл сайысқа әншілердің бірінші рет қатысуы, дейді С. Ахметова. – Қатысушыларды өте жоғары деңгейдегі пианистер сүйемелдеп отырды. Қазылар алқасының құрамында Еуропадағы, Америкадағы ірі-ірі театрлардың басшылары мен басқа да агенттіктердің директорлары болды. Мұндай байқаулардың, әсіресе, жастар үшін көмегі аса зор. Бүкіл әлемге туған еліңнің даңқын өз өнерің арқылы асырудан асқан биік шың жоқ шығар, сірә. Екінші бір жағынан алып қарағанда, ол Еуропаға бастап баратын жолдың кілті секілді. Және де мықтылармен бәсекелесе келе өзіңе сын көзбен қарауды үйренесің, әрі бұл өзгенің пайдалы, жақсы жақтарын кәдеңе жаратуыңа мүмкіндік туғызатын алаң. Өнер жолы – өмір бойы көрген-біл­­геніңді санаға тоқумен өтетін мектеп».

Әнші жартылай финалда Мо­царт­тың «Сиқырлы флейта» опера­сынан Түн патшайымы ариясын шырқаса, соңғы турда екі ария – Гаэтано Доницеттидің «Лючияди Ламмермур» операсынан Лючияның, сосын Массненің «Манон» операсынан Гавоттың арияларын сәтті орындаған.

Опера әншілері туралы сырттай түрлі қызық әңгімелерді естіп қалып жатамыз. Мысалы, біреулер дауысы ашылуы үшін жұмыртқаны шикідей жұтса, енді біреулері тыныс жолдарына арналған жаттығуды орындап барып, көп алдына шығуды жөн санайды екен. Ал дәлдікпен өмір сүріп, нақтылықты сүйетін немістерді біздің қызымыз несімен тәнті етті екен деп тұрған шығарсыз іштей.Салтанаттың айтуынша, вокалдық гигиенаны мықтап ұстанған адам еш жерде ұтылмайды, яғни, дауыс анық әрі ширақ шығу үшін басыңды ертерек жастыққа қойып, ерте тұру өте маңызды. Табысқа жетудің тағы бір құпиясын орындаудың еш қиындығы жоқ, ол өте қарапайым – тамаққа суық тигізіп алмау керек. «Сонда да болса әркімнің ешкімге көп сырын жая бермейтін бөлек құпиялары болады. Бұл қандай сыр екенін қазір де бүкпесіз айта аламын. Біреулер мейлі құптар, мейлі құптамас, кешкісін міндетті түрде атам қазақтың дәстүрі­­­­­мен ет жеймін. Осы адамға әжептәуір күш береді. Айтып қояйын, бұл ұста­зым – Қазақстанның халық әртісі Қор­лан Қалиламбекованың берген кеңесі. Бірақ әрине, әнші үшін ауто­тренингтің де маңызы өте зор болып есептеледі. Мысалы, егер іштей өзіңді шоколадтың бөлігі көмектесіп, сені бақытты етеді дегенге сене білсең, ол дәл солай болып шығуы бек мүмкін», – дейді Салтанат.

Жетіқара ҚОҢЫР.

АСТАНА.

Соңғы жаңалықтар