Пікір • 16 Қазан, 2020

Ұлт даналығына адалдық

325 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зидеті – Елбасының «Абай аманаты» атты еңбегін қатты қызығып оқы­­­дым. Ол ұлы ақын тұсындағы қазақ­­­тың рухани жаңаруының баға­лы ойларын қамтыған, ой-пікірі, жаңа­шылдығы мол, үлкен маңыз­ды туын­ды екен. Тарихи паралел­ль де көп. Ағар­ту­шылық немесе ояну дәуі­рінің бел­гілері кейінгі оқыған­дар­мен сабақ­та­сып, асылды тану жолын ашуға ұла­сып, болашақ Елбасы жүріп өткен ал­ғаш болат қорытушының жолы, қазақтың жаңа мемлекетінің құрылуы, «Мәң­гілік ел» болудағы батыл ізденістер өзара байланыса әдемі ашылыпты.

Ұлт даналығына адалдық

Қазақтың Тұңғыш Президентінің Абай аманаты мен өсиеті туралы ой-пікірі арғы тарих пен жаңа тарихтың арасын табиғи жалғап, бүгінгі буынға айрықша ой салады. Осыларды көпті көрген кәрі әдебиетші, зерттеуші ретінде жоғары бағалаймын.

Мен – Елбасыммен талай мәрте жолыққан, сұхбаттасқан ғалыммын. Сол кездесулердің бәрі де есімде. Нұрсұлтан Әбішұлы – ұлт тарихын, тұлғалар тағдырын, мәдени мұра­ны халықтың, ұлттың мүддесімен орайлас­тыра түсінетін қайраткер. Осы елдік түсінікті қайраткерлік ұланғайыр ісінде пайдалана алатын саясаткер. Бұған өскен ортасы мен алған тәлім-тәрбиесі, билік сатыларындағы бай тәжірибесі ықпал еткені сөзсіз.

Дана Абай – Нұрсұлтан Әбішұлы­ның әрдайым оқитын, жиі дәйек алатын тұлғасы. Менің есіме де ұлы ақын­ның ЮНЕСКО шеңберінде өткен 150 жыл­дық мерейтойы түседі. Расында, Нұрсұлтан Әбішұлы болмаса, ол кісінің халықарылық беделі болмаса, мерейтой биік деңгейде өтпес еді. Ол кезде мен ақын­ның академиялық екі томдығын әзір­леген М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының дирек­торы едім. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген, Елбасы­ның ар­қасында үкіметтік дең­гей­де атқа­рылған жұмыстар қан­шама оң нәтиже берді. Ескерткіш­тер де тұрғызылды, ғимараттар да салынды, кітаптар да шығарылды, түрлі жанрда фильмдер де түсірілді. Бұлар – абайтанудың зор биігі болып қалды.

Көпті көрген, дана да дара қайрат­кер деңгейіне еңбегімен көтерілген Нұрсұлтан Әбішұлы осы мақаласын: «Абайдың сөзі мен ойы біздің күнбе-күнгі тірлігімізге, өркенді өмірімізге кірпіш болып қаланып, бүгінгі өрке­ниет пен алдағы болашақ талабына лайық ұмтылыстарымыздан және игі істерімізден нақты көрініс табатынына кәміл сенемін» деп түйіндепті. Елбасы тұжырымын тұтас ұлттың талабына берілген бата, ақ ниет деп қабылдасақ та болады. Бұл – ұлт даналығына адалдық.

Абай аманаты жаңарған, жаң­ғырған Қазақстанды шыңдап, жаңа биіктерге бастай бергей.

 

Серік ҚИРАБАЕВ,

академик