Қоғам • 16 Қазан, 2020

Жылжымалы ПТР-зертханалармен танысты

143 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК-ге барды. Министр КАМАЗ-ға тіркелген шассидегі төрт мобильді зертханамен танысты.

Жылжымалы ПТР-зертханалармен танысты

Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, зертханалар санитариялық-эпи­демиялық қызметті күшейту және инфекциялық ауруларға, COVID-19 індетіне жедел көңіл бөлу, індетті дер кезінде емдеу шараларына дайын­дық аясында Денсаулық сақтау министр­лігінің қаражаты есебінен сатып алынды.

ПТР зертханалар екінші дең­гейлі биологиялық қорғаныс бокс­тары­мен, автономды энергия, шығын материалдарының қажетті жиын­ты­ғымен жабдықталған. Жылжы­малы зертханалар далада аса қауіпті инфек­цияларға зертханалық зерттеулердің толық спектрін орындауға, дербес және инфекциялық ауру ошағында медициналық мекеме жанындағы іссапарға жіберілген стационарлық зертхана ретінде жұмыс істей алады.

Айта кету керек, бұл зертханалар толығымен Қазақстанда құрастырыл­ған. Шасси Көкшетау қаласындағы «Камаз-Инжиниринг» компаниясында, фургон, зертханалық және қосалқы жабдықтарды Алматы қаласындағы «Тополь» компаниясы жасаған.

Бұған дейін Ұлттық орталықтың Жамбыл, Ақтау, Атырау өңірлік филиалдарына осыған ұқсас үш зертхана жіберілген болатын. Біреуі Қазақстанның кез келген нүктесінде санитарлық-эпидемиялық сипаттағы төтенше жағдай кезінде медициналық мекемелер жылдам жауап беруі үшін резерв ретінде орналастырылған.

«Коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы тестілеу қуатын арттыруды тапсырды. Қазіргі уақытта елімізде зертханалық тесті­леудің қуаты тәулігіне 48 мың тестке дейін жеткізілді. Аймақтарға жаб­дықтар жеткізу және осындай жыл­жымалы зерт­ханалар сатып алу есебі­нен біз тесті­леу қуатын тәулігіне 63 мың зерттеуге дейін арттыра аламыз», деді Денсау­лық сақтау министрі.

Сонымен қатар А.Цой АҚИҰҒО маман­­дарымен кездесті, онда Қазақ­­стан Республикасының био­қауіп­сіздік және халықты биоқор­ғау сая­сатын дамыту мәселелері талқы­ланды. COVID-19 өршуі мүмкін де­ген ақпарат түскен күннен бастап АҚИҰҒО профи­лакти­калық және эпидемияға қарсы іс-шара әзірлеуге кірісті. 2020 жылдың ақпан айында АҚИҰҒО базасында ПТР тест-жүйесі әзірленді. Қазіргі уақытта меди­цина­лық бұйымдардың мем­лекеттік тізілі­мінде тіркелген. Орталық жылына 200 мың зерттеуге арналған тест жүйесін шығара алады.

Қазақ ұлттық аграрлық универ­ситетімен ынтымақтастықта COVID-19-ға қарсы нано-эмульсиялық адъювант негізінде нано-вакцина мен суббірлікті вакцинаны әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізілуде.

Жалпы, сапар қорытындысы бо­йынша министр иммунобиологиялық препараттардың өндірістік базасын кеңейту үшін ұсыныстар енгізуді тапсырды, сондай-ақ халықаралық тренинг орталығында аса қауіпті инфекциялар бойынша қысқа мерзімді оқыту курс­тарын ашу қажеттігін атап өтті.