Сұхбат • 16 Қазан, 2020

Жұмабай Шаштайұлы: ...Абайға ғана жарасады

816 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Әдебиетте өзін «үлкен адамға» баламайтын, мақтау-мадақ, жағымпаздық сынды «шығармашылық» ғадеттерден ада жазушыларды кездестіру өте қиын. Қазақ прозасына «Аспанқора», «Шал мен жылқы», «Құралайдың салқыны» сынды классикалық шығармаларды сыйлаған жазушы Жұмабай Шаштайұлы – сол саптағы аздаған қаламгердің бірі. Өмірде де, жазуда да тым шынайы қаламгермен жаттанды сұрақтарымызды жиып, әдеби өмірдің соқпағы мен сүрлеуі һәм азын-аулақ бақыты жөнінде шын сөйлесуге ниеттендік.

Жұмабай Шаштайұлы: ...Абайға ғана жарасады

– Әдебиетке келу жолын өлеңмен бас­таған көрінесіз. Өлең өлкесінен қара­сөз­ге ауысуыңыздың себебі не деп ойлайсыз?

– Өлеңнің жүректегі бір-екі ауыз қоры таусылғанша желігінің басылуы қиын екен. Аудандық газетке басыла бастағанда не әкем, не шешем «мына жазған өлең жазып, елдің назарына түсіп жүр-ау» деп зер салып қараған емес. Қағазға өне бойы шұқшиып отыратынымды жақтырмаған шешем бірде: «Әлін білмеген әлек» деп қойып қалғанда жүрекке салмақ түсіретін ауыр сөз екенін түсіндім, «арбаға таңылып сабалса да, арсалаңдап арсыздыққа бас­қаннан» сау емес шығармын, сірәда. Үз­діксіз жолдаған жазған-сызғаныңның аудан­дық газеттен басқа еш жерге жарамаса да, соның өзі адамға әжептәуір дем беретінін жете ойлаған жоқ шығармын. «Ле­ниншіл жаста» жұмыс істеп жүрген Жұмекен Нәжімеденовтің тілдей бір жо­лақ қағазға жазған жауап хатында: «сізде қабілет бар, бірақ әлі көп іздене түсу керек» деген сөзі қолтығымнан дем бүркіп, біраз уақыт желпінткенге жарап еді.

Жайлаудан қыстауға қарай қой айдап бара жатып жол-жөнекей кезіккен үйге әкем екеуміз шай ішу үшін бұрылғанбыз. Шаңырақ иесі әкемді тани ма, емен-жар­қын амандасқан соң маған ұзақтау үңіліп барып: «Сен өлең жазатын бала емессің бе?» деді. «Иә», деп жауап қатқа­ныма: «Соң­ғы кезде көрінбей бара жатсың ба, қалай өзі?» дегеніне: «Көрінбейсің газет пен жур­налдардан» бетер әсерленгенім сонша, толқынысымды баса алмай дағда­рып қалдым. Сонда «Мұның әлі кел­мей қалған сыңайлы ғой», деді әкем күт­пеген жерден. Осы сөз ойыма түссе бітті әке балаға сыншы дегеннің расты­ғынан бұрын рухани нәзіктікпен төре­лік жасағанына әлі күнге дейін таңмын. Шы­нында да ішкі жан дүниенің құлшыныс екпінінің құйылысы азайып, солғын тартып бара жатқанын өзім де сезетінмін.

Өлеңді тастап, прозаға ауысудың жан­та­ласында өзімшіл кембағалдау сезім қа­баттасты. «Өлеңді тастаған адамның прозада несі бар екен деп күлетін болды-ау» деп қуыстанудың өзі балаңдық шығар. Сөйтсе де сенің өлеңіңнің құны аспандап, жырсүйер қауымның жүрегін тербеп тұрмаған соң намыстанудың өзі жосықсыз екен ғой.

– Көп жылдарды араға салып барып «Қызыл қарды» қайта жазған екенсіз, естуімізше. Динамикасы жақсы, бірақ ә дегеннен «жолы болмаған» бұл шы­ғармаға оралудың қажеті бар ма еді?

– Дос әрі бауыр Рафат деген әдебиет­шінің Мақсұт деген бірге оқыған жігіті күндердің бір күні хабарласып: «Жұмеке, «Қызыл қарды» неге ұлғайтпайсыз? Рафат толық көріну керек қой деп ойлаймын», деп базынаға ұқсас ұсынысын айтып қалды. Отыз жасынан машина мінген Рафат өмірге икемді көрінетін. Алдымызға мыңғыртып мал айдасақ та, бізде көлік деген атымен болған жоқ. Ес­кілікті салт бойынша өмір сүрген әкем бәрімізді ашса алақанында, жұмса жұ­мырығында ұстайтын. Қыстау мен жайлаудағы малының жұмысына Рафат апаратын, арақашықтығы екі жүз, үш жүз шақырымнан кем емес. Жазуыма да шарапаты көп тиіп, кемшіліктерді көзімді бақырайтып қойып бүкпесіз айтып салатын. Бірақ «Қызыл қарда» өзінің прототип екенін білсе де, ол турасында бірауыз тіс жарып, тіл қатқан емес.

Оның өмірдегі орны аса қымбат кө­рінді ме, курстас досының қолқасы себепкер болды ма, әйтеуір қолыма қалам алғызған еді. Оны ешкімге айтпай-ақ қояйын, өмір барысы көрсетер деп іштей ұйғарым жасағанмын. Бірде Нұр-Сұлтан қаласында Дархан Қыдырәліге жолығып, айналысып жүрген шаруамды айттым да, соның жарық көруіне реті келсе, баспа басшыларымен сөйлесіп беруін өтіндім. «70 жасқа толуыңыздың құрметіне мен шығарып берейін», деген еді сол кезде. Қазір басылып баспадан шығып жатқан көрінеді. Енді 16 қазан күні Алматы қаласында «Қызыл қардың» кішігірім тұсаукесерін өткізбекші. Бастысы, ең алғашқы қолтаңбам «Қызыл қар» біраз жапа шегіп барып енді жетпіске келгенде романға айналып, кітап болып басылып жатқанының өзім айтып жеткізе алмайтын өмірлік мәні бардай көрінеді.

– Сіздің дәуірдің белгілі бір деңгейде әділдігі болған да сияқты. Қазір бас­падан неше түрлі кітап шығып жатса да бәрібір. Көркемдіктен мүлде ада шы­ғармаларды өткізбей, дүбәра дүниелерге тосқауыл қоятын тағы еш­кім жоқ. Ал сіздің уақытта әр көркем шығарма екшеліп, сараланатын.

– Өз басым қазылық ету деген нәрсе­ден қатты қорқамын. Қазылық жасау мен үкім шығару дегеннің қауіпті екенін кештеу түсінгеніме өкінетін уақыттарым бар. Өйткені өте сауатты, көп оқитын адамдардың өзі кейде осы үкім шығаруда қателесетінін байқадым. Адамды алалау деген жаман нәрсе, әйтсе де әдебиет­ке кім көрінген келіп әлденені тындыр­ғандай өзін шалқақ ұстаса, Ғафу Қайыр­бековше айтқанда: «Кісінің келеді екен жыла­ғысы». 

– Сіз жасаған әке образдарында ортақ бір мінез бар: бәрі де еңбексүйгіш, ұс­тамды, «балам» деп еміренбейтін сал­қын адамдар. (Әсіресе «Қызыл қар», «Шал мен жылқыда»). Әрине бұл жерден бұрынғы қазақ әкелерінің міне­зін көреміз. Алайда осы әке мен бала­ның ағынан жарылып сөйлесе алмауы, екеу­ара жақындықты тек үнсіз ұғысуы немесе баланың әке алдында ақтарыла ал­мауы­ның (мәселен, Райыстың хикаясы) салдары үлкен бір трагедияға ұлас­паса да, белгілі бір деңгейде мінез кембағалдығына әкелуі мүмкін бе?

– Бек, мүмкін. 1968-1969 жылғы көрген қысты өмірде менен басқа ешкім көрмеген жұт сияқты қабылдадым. Ал әкем өте қиын қыс екенін білсе де, «көрмегеніміз жоқ қой» деп жан баласына мұңын шақпайтын. Бұл – қазақы мінездің соншалықты айта қаларлықтай ірілігі емес, сан ғасырдан бері қалыптасқан өмір салтынан ажырай алмайтын ұстаным. Мұны тап сол кезде жете түсіне қойған жоқ едім. Әке мен шеше арасындағы қарым-қатынастарға құрылған «Шал мен жылқыдағы» жағдай басқашалау. Балаларының алдында шеше өзінің дербестік қасиетін, беделін сақта­ғысы келеді. Бірақ негізгі кілт әкеде жатыр. Жалпы, қазақ әйелдері балаларына ақжарқын, шешіліп сөйлей алатын қауым болса, әкелер сол жарылмаған күйі жұмбақ болып қалды. Осы нәрсені бер­гім келді.

Хемингуэйдің «Шал мен теңізіндегі» кеңіс­тік – су, теңіз. Ондағы шал да өлім қаупінің алдында тұр. Ал «Шал мен жылқы­дағы» шал даланың теңізінде кетіп барады. Осы бір ұқсастықты Рафат (Әб­діғұлов) алпыс жылдығымда айтып еді. Былай қарасаң, қыстың қақаған суығында 75-78-дегі қария жүз шақырым жер жүреді. Ондай қашықтықты аттың үстінде өткеру – қияметтің қияметі және бұл бір ерлік емес, тұрмыс салтының ерекшелігі екен. Мәселен, көшпелі халық өкілдерінің бәрі бірдей дәл осындай қадамға бара алмайды. Көне дәуірдегі атқа мінгендердің өзі бұл қашықтықты ала алмауы мүмкін. Әуезовтің «Абай жолындағы» жұт – қат­ты қыста жылқылардың босуы сияқты көрініс. Тек Әуезов басқаша суреттеді, ал мұнда басқа сюжет бар.

Райысқа келсек, бұл да бір өзінше трагедия. Әкесінен соғыста опасыздық жасаған-жасамағанын сұрау, шынында өте қиын ғой. Масқараның таңбасын әке тұрмақ баланың өзі қабылдағысы келмейді. Бұл – үлкен қорқыныш.

– Біз сіздің әкейді шығармадағы Жай­лаудың әкесі деп таныдық. Өмірдің әр кезеңінде адам әртүрлі ойлайды ғой. Әке­ңіздің жасына келіп отырған осы уақытта творчествоңызға өзек болған сол аяулы жанды қалай еске аласыз? Жалпы, әке болмысын шығармаға енгізуде едәуір жетістікке жеттіңіз ғой.

– Жазушылыққа бірге ұмтылған тұр­ғыластың бірі: «Не сен менің әкемді қолыңмен жаратып алып па едің» деп дүрсе қойғаны бар. Ол Шаштайды бұрын­дары құдды құрдасындай баттитып тұрып атайтын. Біраз жылдарды өткеріп барып соның есесін өзімше қайтарғаныма шала бүлініп ашуланғанына таңғалумен қатар, өткен-кеткен қылықтарын ұмыта қалатын жадының қысқалығына көз жеткізген едім. Әкесіне көшеге дейін тіпті, атын алып берді. Әйтсе де оның әкесі мен менің әкемнің айырмашылығы өте көп еді, бүкіл ғұмырын ат үстінде өткізген әкем саламатты өмір салтын ұстанды. Табиғатқа тағы етене жаратылысы өсімдік дүниесі мен жан-жануарларды бөліп-жармай тұтас күйінде қабылдайтын, бірінсіз бірінің сәні жоқтығын өмірлік тәжірибесі арқылы ортаға жайып салатын. Қалың шиді көрсе, сиырдың жері екен дейтін. Тұтасқан ебелек тұсынан өтіп бара жатып біраз күн жылқының жайлайтын орны екен деп қимай-қимай бұрылып қарай беретін. Сосын өзінің жасын бұлдап, тетку дегенді атымен білмейтін. Ана жылдары әкем жүрген далаға барудың сәті түскен еді. Сөйтсем ол жерде әкем туралы ел арасына жайылған аңыздарды өз құлағыммен естідім. Менің әкем машинамен қатарласа шыққанда «мына шал титықтап жеткенше шаруамызды тындырып кете береміз ғой» дейтін көрінеді іштегілер. Бес-алты шақырым жерге екпіндетіп жетсе, төрде Шаштай ақсақал шай ішіп отыра­ды екен. Өмірінің соңына қарай «енді мен­де не қалды дейсіңге» саятын сөзге үйір­­сектей бастап еді. Шынтағының ұр­шығын Сталинград майданында жұлып әкетіп, елге жартылай мүгедек болып орал­ған оның алты бауырының біреуі ашар­­шылықта, екеуі қамауда көз жұмған. Солай бола тұра әкем бірде-бір рет «мен осын­дай кепті басымнан кешіп едім» деп жан жазғырып-жасып, жан баласына жал­бақ­тап-жалтақтамайтын, көңілі бұзылып, те­біренгенін әсте сездірмейтін сабыр иесі еді.

– «Аспанқораны» жазуға шыңы­раудан түйемен су алатын қолы шолақ кі­сінің тағдыры себеп болған екен. Осы­ны тарқатып айтайықшы.

– Бала кезімде қой бағатын үлкен ағама кө­мекке барғанмын. Соғыста бір қолынан айырылған, қабағы оңайшылықпен ашылмайтын өңі сұп-сұр кісі қоныстас. Көп жылдар бойы перзентсіз өмір кешкен отбасы інісінің қызын асырап алған соң әйелі бала көтерсе керек. Үлкен қуанышқа кенелсе де, сол қойшының сабырлы ұс­тамы адамды таңырқатпай қоймайтын. Ал әйелі өте жайдары. Қазір жігіттермен Аспанқораның маңына барсақ, «сіздің Аспанқораңыз өте биік емес қой», дейді. Негізі, Аспанқора биік. Таудың өзіне шығу өте қиын. Етегінде тұрсаң, таудың биіктігі білінбейді ғой. Атпен шықсаң, тіпті қиын. Ат болдырып қалады. Сонда шыңыраудағы бұлақтан су алып ішеміз. Аға-жеңгем жұмсаған соң әлгі қойшымен ілесіп шыңырауға суға бардым. Бір уа­қытта сіркіреп жауын жауы­п кетті. Жал­ғызаяқ жол еді. Қайтарда ана кісі өзі жал­ғыз қолымен күрекпен жолды ашып шықты. Сонда шамамен, аз дегенде бір шақырым жер. Онда баламын – менен ешқандай көмек болған жоқ. Оның жалғыз қолымен терге малшынып, қиналғанын көзім көрді. Бірақ ол шығармадағы Атан­ның жағдайына ұшыраған жоқ, әрине. Бұл көрініс көпке дейін ойымнан кетпей қойды. Жиырма бес жасымнан әрі қарай осы тақырыпты қаузай бастадым. Мұнда Рафаттың өте үлкен үлесі бар. Жазам да Ра­фатқа көрсетемін, ол: «Бұл нашар, ұят болады. Сен неге былай жазасың?» дейді. Екі-үш рет қайта жаздым. Сонда менде бір кішкене өлермендік бар ма деймін. Соңғы жазғанымды Рафатқа оқыт­қанда: «Мынауың толық шығыпты», деді. Рафаттан өткеніме қуанғанымды айтсаңшы. Соңғы курста оқып жүрген кезде осы «Аспанқораны» Рымғали ағамызға бердім. Көп уақыт оқымай жүрді. Бір күні жолыққанда: «Сен көп жазба. Тура осын­дай он шығарма жаз. Сол жетеді. «Аспанқораңды» киноға түсірсе ғой, шіркін», деді. Сосын «Атанның бірінші әйелі Ханымкүлмен қайтып кездестірсең, тіпті қатып кетеді. Бала-шағасы бар екенін көрсете алсаң, тегі керемет болар еді», деді. Кейін оны қостым да. Қазір ойлап қарасам, Рекеңнің ұсынысы өте дұрыс екен.

– Кино түсіруді ойланған жоқсыз ба, шынында?

– Жігіттер бір режиссерге апарып көр­сеткен. Ұнатпапты. Әжептәуір режиссер болатын.

– «Жала мен нала» – дәуірлік қа­сіретті баяндаған психологиясы өте терең шығарма. Десек те повесте ашыла ал­маған сияқтысыз. Толық аяқталған шығарма деп ойлайсыз ба, өзіңіз? Ро­ман­ға татитын тақырып еді ғой, не­гізі. Әлде шығарма кейіпкерлерінің көзі тірі болған соң тартыншақтандыңыз ба?

– Осы шығарманы жазған соң прототипі (Рафат Әбдіғұлов) өзі әдебиетші бола тұра бірауыз пікірін ашып-жарып айтқан емес. Ұнатпаған шығар деп ойладым да қойдым. Көп жылдардан кейін баламыз санаттағы Арман Әлменбет «Жала мен налаға» өзгешелеу тұрғыда үңіліп жазған мақаласын газетке жариялапты. Міне, сол кезде кейіпкерім: «Мен одан да терең ғып жазамын», деді. Ойыңа келгенді ірікпей айта алмауды Абай «өнерсіздікке» балайды емес пе. «Баяғыдан бері ай қарап жүрдің бе?» дегенді тіке айта алмадым. Сосын ол ауы­рып, қайтыс боларынан екі күн бұрын «Жала мен нала» туралы жазған мақаласы «Ана тілі» газетіне басылды. Повестегі «әкесі де, баласы да сорлы» дегені көп ойға батырды. Қарамағында алты жүз жауынгері бар әкесі батальон командирі, бұл ол кезде қазақ арасынан өте сирек ұшырасатын жағдай. Баукең сияқты полк, дивизия басқарып кетер ме еді, егер өзін барлық қырынан көрсете алғанда.

– «Жала мен наладағы» «әкесі де, баласы да сорлы. Екеуі де өзін көрсете алмай қалған адамдар» екен. Ал сіз өмірде, сөз өнерінде өзіңізді толықтай көрсете алдым деп ойлайсыз ба?

– Ақыл деген нәрсенің өз басымда көп емес екеніне соңғы уақытта анық көзім жетіп жүр. Үлкен дүние жазып отырған кезде оның жауапкершілігі мен салмағын сезіне түскен сайын өзіңнен-өзің шошынасың, тіпті. Шамаң келмейтін нәрсеге ұмтылған деген өте қиын болады екен. Жалпы, үлкен шығарманың аяғына шығудың мәнақасында сабыр мен шыдам және тыңғылықты мінез, тәуекелден қорықпайтын жүректілік керек сияқты. Жауапкершілікті барынша сезінген «Жүз жылдық жалғыздықтың» авторы романын аяқтап болған кездегі қуанышын айтатын сәті көңілге түрлі ой салатын жақ­сылығы мол сезіністерді айтпаушы ма еді. Қазақта осындай жақсылықты Әуе­зов қана сезінген. Ол өзінің жасаған үлкен еңбегінің жемісін көрді. Ал бізде үлкен нәрсенің қайтымы жоқ болып бара жат­қаны алаңдатады. Қайтымы деген – оның оқылымы, елдің ілтипаты және аздаған тиын-тебені емес пе. Осы жағынан бізде қазір қамқорлықтың әділет үйлесімі жоқ.

– Өмірге бейімделу жағынан өзіңізге қандай баға бересіз?

– Басылып шыққан кітабымды қол­таңба жазып ағалар мен басшыларға ұсына алмайтын мінезім ұяңдыққа жататын шығар. «Аязби» романымды кезінде жігіттер маған айтпастан Алаш сыйлығына ұсыныпты. Біраз адамдар қарсы шығып, дауыс жетпей ала алмай қалдым. Бұл маған қатты әсер еткені сонша, күйзеліске түстім, пендешілік жаман ойларға бардым. Арада біраз жылдар өтіп бәрі ұмытылған еді. Жазушылар одағы басқармасының отырысында Алаш сыйлығын алатын мәселе қаралып, осы­дан он шақты жыл бұрын жазылған шығарманың төбесінде жерлесімнің есім-сойы баттиып тұр екен. Шығармасының деңгейін де білетінмін. Сол осындай шаруаларды ұйымдастыра алатындығының арқасында Алаш сыйлығын менен бұрын иеленбек. «Мен бір роман жазып ала алмай қалғанда мынанікі не мазақ» дедім ішімнен күйініп кетіп. Осы бір пендешілігімді жеңе алмай қызғаныштың қызыл итіне дестік бергенімді ойласам, кәдімгідей ұяламын. Сол жігітті құлат­тым сосын. Ол мені жек көргені сонша атарға оғы жоқ болған шығар. Адамды адам түсінудің қиындығында оның да оңып тұрған жері шамалы еді. Дәрежесі жоғарылардың алдында сені қолма-қол төмен санап, кісі екен демейді де, аналар кеткен бетте арада түк болмағандай жалпаңдап жетіп келетін әдеті. Қазақы ортаның бетке айту өнері жоқтығын ол сөйтіп тиімді пайдалана білді.

– Күнделікті әңгімеде қазақтың міне­зін жиі сынайсыз. Яғни, көңіліңіз тол­майды. Бірақ қазір бұрынғыдай емес, қоғам өзгерді деп ойлаймын. Бү­гінгі адам­дардан, ақын-жазушы, я оқыр­ман­нан жақсы бір өзгеріс байқала ма?

– Қазақтың мінезін оңдырмай сына­ған Абайдың сөздері әлі күнге дейін көкей­кесті. Әйтсе де Абайға ғана жарасатын жағдай жоқ емес. Абайдың бір орамына таты­майтын сөзге үйір пенделер қазақты жазғырғанда тисе терекке, тимесе бұтаққа деп аузына келгенді айтатыны бар. Осалдық біткеннің бейнесін Абайша мерген жасамаса да, өстіп жүріп халық боп кетеміз деп өзін қазақтан жоғары санайтындар жетіп-артылады. Абай сынаған сол халық болмысынан күндердің бір күнінде тұтастай айырылып қалып жүрмейміз бе деген ой жазатайым иектеген кезде ғылыми тоқтамның көріп­келдігі қалай еді дегенге еріксіз тірелесің. Біздің халық табиғатпен етене араласқандығының арқасында оның бүкіл сынын жүрексінбей көтерді. Мұхит пен теңізде тіршілік ететін халықтар өзде­рін жоғары қоятын дағды бар. Дала таби­ғатындағы құбылыстарға теңізде мекен еткендер төтеп бере ала ма, бүгінгі ұрпағына төрт түлік малының шашауын шығармай аманаттаған қазақтың да жан әлемінің нәзік пернесін табу да оңай емес-ау.

– Қасым ақынды әркім әртүрлі жақсы көреді. Ал сіз, өз тіліңізбен айт­қанда, сұмдық қатты жақсы көресіз. «Қазақ өлеңінің ғажайып құбылысына» балаған Аманжолов ақындығынан бөлек рухани байланысты сезесіз бе?

– Бала кезімде Қасымды қатты оқитын ағаларым көп еді. Маған солардан жұқты ма, Қасымды әкемнен бір кем көрмейтін сияқтымын. Серік Ақсұңқарұлының: «Қа­сым Аманжоловтың баласы емессің бе?» деп сұрайтыны бар. Қасым – портреттер жа­сау жөнінен Абай­дың тікелей ізбасары. Жараты­лысының шынайылығы қапысыз сендіреді. Партияның жабық жиналысында оқыған Қасым өлеңі, өз тілімен айтқанда, өлім мен өмірдің текетіресі, әлі күнге дейін тебірентерлік қуаты жетерлік. Қазір Парламент депутаты, бұрын минист­р лауазымын иеленген жігіт «аға» деп мені сый­лайтындай көрінетін. Қасымның тойын­да жаңағы министрім «Әй, сен» деп сөй­легеніне абдырап, абыржыдым да қал­дым. Мен сонда Қасым сыйлығын алып оты­рып, бетін қайтаруға шамам жетпеді. Бір­ауыз тіл қатпағаныма әлі күнге дейін өкі­не­мін. Міне, осы жағынан бойымда Қа­сым мінезінің жоқтығына опынатыным бар.

– Жазушыға талғам екібас­тан керек. Ішкі цензура, ішкі редактор автордың ең адал тара­зысы. Бізде өзгенің жазуына қатаң талап қоятын талғам­паздар көп. Ал өзіне келгенде тым «жомарт». Жұмабай Шаш­тай­ұлы өзіне сараң, өзгеге жомарт жандардың қатарына жата ма?

– Чеховтың ең қатал сыншысы өзі болыпты. Шығармадағы кемшілік дегенде, әсіресе айтатын ой аяғына дейін жетпей, ылғи шолақ қайырылатыны сияқты немесе тебіреністердің аздығы сезіледі. Сен оны бүкіл жан жүрегіңмен сезінгенде ғана жазылатын дүние кемшіліксіз шығуы мүмкін. Бізде алған сыйлық, атағымызды айтқан кезде салмағымыз артатындай көрі­нетін бір әдет бар. Ал сәтті шығарма арқылы танылу немесе жазуға үлкен жауапкершілікпен үңіліп, кемшіліктерін, яки жетпей жатқан тұстарын сезіну жоқ­тың қасы сияқты және бұл етек алып бара жатқан өте қауіпті құбылыс. Бұрын біздің ақсақалдарымыз бір-бірін қатты сынайтын және содан шыққан соң жайраңдасып кете беретін дейтінге кейде сеніңкіремейтін сияқтымын. Өйткені сын әділетті болса, мініміз аздау болатындай еді ғой.

– Жұмабай Шаштайұлы деген қа­ламгердің атын болымсыз ғана шы­ғар­ған алғашқы шығармаңыздың жазыл­ғанына да, міне қырық жылға тақау уақыт болыпты. Қарасақ, әде­биет­тегі жолыңыз тым жеңіл болған жоқ. Бірақ бізге беймәлім нәрсе көп қой. Қы­рық жылғы творчествода не істелмеді? Не жазылмады? Өкініш бар ма?

– Роман жазып отырғанда енді әрі қарай көркемдік талдауға көшемін деп ойлайсың. Бірақ кейде өзінен-өзі шығармаға нүкте қою керек болады. Чехов «сөзді неғұрлым көп қысқартыңыз» дейді ғой. Мәселе сөйлемді көп қысқартуда емес, ішкі шеберлікті жетіктіруде. Ал адам шеберліктің аяғына жете алмайды екен. Кейде біз ескірмеудің, көнермеудің жолын іздеудің орнына бір күндік сипатқа, бір күндік мақтауға зәруміз. Осы нәрседен арылу уақыты келген сияқты.

– Әңгімеңізге рахмет. Шы­ғар­ма­шы­лық табыс тілейміз.

 

Әңгімелескен

 Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»