Кәсіпқой бокс • 16 Қазан, 2020

Мажарстанның мақтанышы

1293 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жұмыр жердегі үш қана боксшыға үш дүркін Олимпиада чемпионы атану бақыты бұйырған екен. Алғаш рет аса мәртебелі атаққа венгриялық Ласло Папп қол жеткізсе, одан кейін Кубаның қос қабыланы – Теофило Стивенсон мен Феликс Савон сол белесті бағындырды. Бүгінгі әңгімеміз ұлылар көшін бастап тұрған Мажарстанның марқасқасы жайында.

Мажарстанның мақтанышы

Өткен ғасырдың қырқыншы және елуінші жылдары теңдессіз өнерімен төрткүл дүниені тамсандырып, талайларға таңдай қақтырған айтулы былғары қолғап шебері жайында біз бекер әңгімелеп отырған жоқпыз. Әлемдік бокс тарихында өшпес із қалдырған даңқты Ласло Папп осыдан дәл 17 жыл бұрын, дәл осы күні, яғни 2003 жылдың 16 қазанында 78 жасқа қараған шағында бақилық болған еді.

Миллиондаған адамның өмірін жалмаған ІІ Дүниежүзілік соғыс енді ғана аяқталып, күллі әлем жұртшылығы әлі де еңсесін көтеріп, есін жия алмай жатқан тұста Ласло Папптың есімі шартарапқа тарады. 1948 жылы Лондон Олим­пиа­дасында 72,6 кило салмақ дәрежесінде бақ сынаған 22 жастағы Будапешттің тумасы алғаш рет алтын медальді иеленді. Тұманды Альбион елінде бес кездесу өткізген ол соның үшеуінде қарсыластарын нокаутқа жіберді. 

1952 жылы Хельсинкиде 71 кило салмақта жұдырықтасқан Папп бес бәсекенің екеуін ай­қын басымдықпен аяқ­тады. Өзінің үшінші Олимпиа­дасына ол 1956 жылы аттан­ды. Мельбурнде алауы тұ­танған ғаламдық додада да Ма­жарстанның марқасқасына тең келер ешкім табылмады. Жар­тылай финалда Еуропа чемпионы, польшалық Збигнев Петшиковскийдің сілікпесін шығарған Ласло ақтық айқаста уақыт оза кәсіпқой бокстың жар­қын жұлдызына ай­налған Пуэрто-Ри­коның өкілі Хосе Торресті үшін­ші раунд­та ұрып жық­ты.

Осылай­ша, Ла­с­­­ло Папп­тың есі­мі үш дүр­кін Олим­­пиада чемпионы атан­­ған тұң­ғыш бокс­шы ре­тінде та­рих­та қалды. Бір ғажабы, аталған жарыс барысында 13 рет жекпе-жекке шыққан кейіп­­­­керіміз соның тең жартысына жу­ығын нокаутпен аяқтаған екен. Ол аз десеңіз, тағы мы­­надай қызықты деректі алға тар­тайық: Олимпия ой­ын­­дары ке­зінде Ма­жарстанның өкілі тек бір раундта ғана есе жіберген екен. Мель­бурндегі финалдық дода­ның бастапқы раундында Папп Торреске ұпай санымен ұтылды. Десек те одан кейін қа­һарына мінген ол Пэрто-Рико өкілін есінен тандырғанын біз жоғарыда айттық.

Ласлоның одан бөлек екі дүркін Еуропа чемпионы деген атағы бар. 1949 жылы Ослода және 1951 жылы Миланда ол қарсылас шақ келтірмей, қарт құр­лықтың екі бірдей бас жүл­десін қанғыжасына байлады. Әуесқой рингте барлығы 319 жекпе-жек өткізген Папп 301 рет жеңіске жетіп, 55 қарсыласын сұлатып салды. 12 мәрте ұтылып, 6 рет тең түсті.

Мельбурн Олимпиадасында топ жарғаннан кейін 30 жастағы Ласло Папп кәсіпқой рингте күш сынасуды құп көрді. Сөйтіп, оның есімі социалистік бағыттағы мемлекеттер арасында осындай батыл қадамға барған тұңғыш боксшы ретінде де тарихта қалды. Бұл ретте де мажарстандық спортшының қол жеткізген табысы қомақты. 1962 жылдың 16 мамырында даниялық Крис Кристенсенді ұрып жығып, Еуропа чемпионы атанды. Өзінің сол алтын белбеуін ол қатарынан алты рет сәтті қорғады. Барлығы 29 рет рингке көтерілген Ласло 27 мәрте жеңіс тойын тойлады. 15 қарсыласын нокаутқа жіберді. Тағы екі кездесуде тең есеп тір­келді. Яғни ол өзінің карьерасында бірде-бір рет жеңілген жоқ. Бірақ әлем чемпионы атану бақыты оған бұйырмады. Өйткені, 1965 жылы Мажарстан билігі Паппқа кәсіпқой бокспен одан әрі айналысуға қатаң тыйым салды. 39 жасында кейіпкеріміз былғары қолғабын шегеге ілді.

Спорттық карьерасы аяқтал­ғаннан кейін Ласло бұл саладан алыстаған жоқ. 1971-1992 жылдар аралығында аталған мемлекеттің ұлттық құрама командасының бас бапкері болды. Дәл сол кез­дері Мажарстан боксы өр­леу кезеңін басынан кешірді. Шағын ғана елден Олимпия ойындарының жеңімпаздары, әлем және құр­лық чемпиондары көптеп шықты. Сол аралықта ол «Ауыр қолғаптар» мен «Арыстан секіру­ге дайын» деп аталатын екі бір­дей көркем фильмге түсіп, өзін тағы бір қы­рынан танытты. Ал 2001 жылы Папптың есімі Халықаралық бокс даңқы залына енді.