14 Сәуір, 2010

ҚАЙЛАМЕН ҚАЙРАТ ҚАЙРАҒАНДАР

799 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Әнебір жылдары Қараған­ды­ның көрнекті бір тұсына соғыс жылдарында шахта­ларға түсіп, ауыр еңбекке жұмылған әйелдер мен қарттарға арналып ескерткіш орнату жөнінде мәселе көтеріл­гені есіміз­де. Тіпті бұл ұйғарым орын­далатындай болып, орын да таңдалып, уақытша тас белгі қойылған еді. Майдан шебіне бар­маса да қаһарлы ызғарын тылда сезініп, бастан кешір­ген ескі көз жұрт мұны жылы қабылдап, ұрпақ ұлағат­тарлық ескерткіш болуын күткен-ді. Алайда тұрғы­зылуы созыла берді. Ақы­рында мүлдем ұмытылып кетті. Қазір оған айналып соғып жатқан ешкім жоқ. Несін айтарсыз, жап-жақсы ниет болатын. Елдікті, ерлікті паш ете беру, қастер­леу көптік етпесе керек. Алыс­тағы айқасқа аттанған бауырлары, балалары үшін шахталарға қайта оралған қарттар мен әкелерінің, аға­лары­ның, інілерінің, күйеу­лері­нің орнын жоқтатпай бес жыл бойында екінің бірі төзгісіз жұмыстың мехнатын мойымай көтерген қыз-келіншектер берік қайраты қайран қалдыра, сүйсінте түсерлік құбы­лыс. Бұлар кімдер? Бүгінгі қараған­ды­лық­тар оларды біле ме екен! Ерлер орнын әйелдер басып... Біздің қолымыздағы дерек бойынша ел басына күн туған шақта шахталарда еңбек етуге 12 мың әйел тілек білдіріпті. Ал осылардың ішінде 1050 нәзік жан жұмыстың сол кездегі негізгі құралы қайламен көмір қабатын шабушылар болған.Ол уақытта кеншілер арасында қайлашы үлкен атақ саналғаны белгілі. Көбіне қара күшке мығым жігіттер іріктеліп алынған. Ауасы тар, айнала қалың тозаң, жарық көмескі бірнеше жүз метр тереңдіктегі тар қапаста он-онекі сағат жантая жатып, құлаштай қайла сілтеуге алғаш бел буушылардың бірі Жәкен Мұқанова болды. Өзі ғана қайла ұстап қоймай, соғыс басталған күннің ертеңінде үй шаруасындағы құрбы-замандастарын соған шақырды. “Бүгіннен бастап ер азаматтарымыз майданға аттанып жатыр. Біразы шахтерлер. Олардың орнын басып, көмір өндіруді тоқтатпауымыз керек. Бұл ауыр салмақ бізге түскелі тұр. Соны мойынға жүктелік. Жауға жауабымыз осы болсын” деп 1941 жылдың 23 маусымында қалалық жиынға қатысқан әйелдер қауымына тастаған үндеуін Күләй Құлжанова, Мәния Жұмаділова, Галина Ананьева, Мәрия Кәрімова, Пияз Мәненова, Паша Ворониналар қызу қолдаған сәтіне куәгер Социалистік Еңбек Ері, марқұм кенші Жәкен Рүстемов жанарына жас елжірей еске алып отыратын. №3 шахтаға көмір қазушы болып қабыл­данған кезінде ол жасы қырыққа таяп қалған, бала-шағалы әйел болатын. Жолдасының жасақтала бастаған жауынгерлер алғашқы сапында майданға аттанарын естіген бетте орнын басуды шешеді. Күндік тапсырманы екі есеге дейін асыра орындап, тағдырлас әріп­тестеріне ерен еңбектің үлгісін көрсетумен танылған жан екенін облыстық тарихи-өлке­тану мұражайындағы дәйектер айғақтайды. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталуы соның жарқын дәлелі. Толарсақтан саз кешкен жанқиярлық жұмыс қанша айтқанмен әйел адамға оңайға соққан ба, жеңістен кейінгі жылда қырықтың ортасында дүниеден өтеді. Қиын-қыстау кезеңде өз еркімен еншілеген міндетті Жәкен Мұқановадай абыроймен атқар­ған Күләй Құлжанова есімі де соғыс жыл­дарын­дағы қарағандылық әйелдер қаһарманды­ғын ерекше естіртеді. Екеуінің ерен еңбектерін 1941 жылы 1 желтоқсанда Совин­фор­мның хабар­лауы әлбетте, жайдан-жай еместігі талассыз. Күләй әже еңбек жолының бір елеулісі, көмір өндірісімен тығыз байланысты. Ашар­шы­лық нәубетінде Семей жақтан Сібірге жан сауғаланып, қосағымен бірге Кузбасс шахта­лары бірінде жұмыс істейді. Соғыс өрті бұрқ етер алдында шахтерлер отбасы Қараған­дыға қоныс аударады. Бойжеткен кезінен кеншілік­тің қыр-сырына қанығып өскен, сол сын шақта 30-ға да толмаған жас келіншек Жәкен апасындай иығына қайла арқалап, ұзақ күнге көмір қабатын шабуға қосылады. Бас­қын­шы­лардан босатылған Донбасс шахтасы­на барып, онда да қайла жарқылдатады. Жергілікті шах­тер­лердің қазақ әйелінің қайраты мен қайсар­лығына қайран қалып, сүйсініс білдірген лебіз­дері қарағандылықтарды мақтанышқа бөлейді. 1945 жылдың 24 мамырына дейін қолынан болат қайласы түспеген Күләй елге майданнан аман-есен қайтқан ерлер бұрынғы істерін қайта жалғастырып әкеткен соң ғана көтеру машинисі жеңілдеу жұмысына ауысады. Тағдыр талқысымен шахтер атанған осы екі әпкесіне қарағанда едәуір жастау Бибіжамал Омарова 15-тегі көкөрім жасынан көмір өндірі­су­ге қосылып, содан 60-тан асқанша қол үзбе­ген жан. Елестетіп көріңізші, отын артылған ауыр тәшкені нәзік белі қайысып, нәзік қолы үлдіреп итеріп бара жатқан қызды. Отты жылдарда оған тиген іс осындай еді. Кейіндегі міндеті де оңай болмады. Кен қалдығын жинау­шы, моторист болды. Бибіжамал әжеміз­дің кенші қазақ әйелдері арасынан тұңғыш Соцалистік Еңбек Ері атануы төзімділік пен қайсарлыққа көрсетілген құрмет. Міне, қысылшаң шақта тылдың ең маңыз­ды буыны барша ауыртпалығын арқалаған, майдан жеңісін бейбіт еңбекпен жақындатқан қарағандылық әйелдер бір шоғыры осындай. Жетпісінде шахтаға оралған қарт Батыстан қара бұлт үйірілгенде Бекбосын Сиқымбаев ақсақалдың 71-ден асқан жасы бар-тын. Құрметті демалысқа шыққанына да біраз уақыт болған-ды. Суыт хабар құлаққа шалын­ғанда өзі еңбек еткен №31 шахтаға бір­ден жетіп келгенде үзеңгілес әріптесі Сәкен Шомановтың аузынан кезінде жазып алғаны­мыз бойынша “Мені жұмысқа қабылдаңдар” деп салған жерден айтқанда кәсіпорын басшылары әуелде аң-таң қалыпты. Қарт мұндай шақта үйде тыншып қалай отырамын, әскерге шақырылған балаларым бірі орнына шахтаға қайта түсемін деген шешімін түсіндір­генде барып құшақтарына қысқан екен. Бекбосын аталарының орталарына оралуы кеншілер көңілін өсіріп, жігерін жаниды. Егде жасына қарамастан көппен бірдей қиын еңбекке араласуы, араларында қара көрсетіп қоймай екпінді қимылға тартуы бәрін алға ұмтылысқа құлшындырады. Содан бұрынғы тіреуші ісін жалғастырып, кен қабаттарын дайындауға бас-көз болады. Лавалар мен штрек­терді темір құр­сау­лар­­мен тіреп, көмір өндіруге қолайлы жағдай жасау кәнігі проход­кашыларға мәлімдей оңай міндет емес. Әсіресе, екі кісі сиысып өте алмай­тын қуыс­тар бойымен межелі жерге дейін ауыр­лығы бат­пан­дай сом темірлерді арқалап жеткізуге әркім шы­дас бермейді. Ағылшындар басқарған шахтада 16 жасынан-ақ шанамен көмір сүйретіп жұмыс­тың ең ауырына шыңдалуы бар, майдан­дағы ке­ше­гі ізбасарларының орталарына тезірек оралуын тілеуі бар қарт екінші тыныс біткендей еңбек етеді. Қатарынан жеті жыл, яғни Жеңістің үш жылды­ғы­на шейін тіреушілерге тірек болады. Ал бұл уақыт­та ақсақал сексеннің сеңгіріне шығып қал­ған еді. Қазір айтылса сенгісіз жәйт. 80 жасын­да да шахтаның қиын әрі күрделі буыны бел ортасы­нан табылған адам әлемдік тәжір­ибеде жоқ шы­ғар, сірә. Бұл не ?! Ұлы рух күші деуімізге болар. Шындап келгенде қазақы қайсарлықтың бір елесіндей көрінеді ол. Соның ғажайып үлгісін жайып өткен бұл кісі өмірінің аяғына, біреулер сенер-сенбес 90 жасына дейін шахтадан қол үзбегенін айта кетсек, бұл да феномен құбы­лыс­тай емес пе ?! Өкінішке қарай, Қарағанды тарихында айтарлықтай ізі бар азамат есімі ұмытылуға айналып барады. Бәлки,үлкен оқиға аталар күндерде ұмытылмастай мезірет жасалар деген ойдамыз. Ағасынан қалыспай 60-тан асқан шағында да шахтадан кетпей забойшылар, көмір қазу­шылар бригадирі болып, серіктестерін ре­корд­тық көрсеткіштерге қол жеткізген Мағауия Рақышев та тыл ерлері ішінде шоқтығы биік тұлға. Ол да сүйікті ортасымен 70 жасында қимай қоштасты. 1935 жылы Бейімбет Май­лин­нің өзі “Мағауия­ның маңында” атты очерк жазып, бейнесін сомдайтын кісіңіз осы. Кеншілік өтілге байла­нысты зейнеткерлікке ертерек шығуға мүмкіндіктері бар Түсіп Күзем­баев, Сәкен Шомановтар да аға әріптес­терін­дей сындарлы сәтте жас буынға ақылшы, қам­қор­шы болған, өнеге өрнектерін өрбіткен жандар. Соғыс жылдары Қарағанды көмір бассей­нінде 34 миллион тонна отын өндірілді, бұл оған дейінгіден 3 миллион артық еді. Майданға кеткен 12 мың шахтердің орнын басқан әйел­дер, қарттар мен жасөспірімдер еңбек қызуы Қарағанды даңқын жаңғыртқан, жауынгерлер рухын биіктеткен шақ-тын ол. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.