Руханият • 16 Қазан, 2020

Қайта оралған сирек құс

713 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Алтайда көп жылдан бері ұшыраспай кеткен екі құс қайта пайда болыпты. Құстарды Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің ғылым, экологиялық мониторинг және ақпарат бөлімінің қызметкері Владимир Воробьев фотоға түсіріп те алған екен.

Қайта оралған сирек құс

Суретті түсірген Владимир Воробьев

Парк қызметкері Владимир Воробьев Алтайдың аң-құстарын суретке түсірумен, зерттеумен бұрыннан айналысып келеді. Оның жеке фотоархивінде ұлттық парк аумағында кездесетін аю, қас­қыр, құну, түлкі, қоян, елік сынды жануарлардың бар­лы­ғы дерлік сақталған. Көпте­ген суреті танымдық фотоаль­бомдарға да енген.

В.Воробьевтің объективіне ілінген биылғы үлкен олжасы – Арша ементұмсығы мен Алакөз сүңгуір құстары еді. Ол Арша ементұмсығын фотосуретке Таутекелі өзенінің аң­ғарында түсірген. Табиғатта сирек кездесетін ерекше құсты ең соңғы рет орнитолог С.Стариков Бұқтырманың бойынан 2006 жылы көріпті.

Арша ементұмсығының сал­мағы – 45-70 грамм ғана. Дене тұрқы шағын болғанымен тұм­сық­тары мықты. Сүйекті жеміс­терді оп-оңай шағып жей береді. Ба­лапандарын алғашқыда ұсақ жәндіктермен, кейін дәнмен қоректендіреді екен. Қоразының басы қоңыр, мойны қызғылт, бауыры сұр болады. Мекиенінің түсі солғындау.

Ал Алакөз сүңгуір құсты В.Воробьев биыл Бұқтырма жа­ға­лауында таспаға тартыпты. Үй­­рекке ұқсас бұл құс негізінен Сырдария, Шу, Іле өзендерінің төменгі сағасын және Алакөл, Зайсан көлдерін мекендейді екен. Орнитологтардың айтуын­ша, 1980 жылдары Алакөз сүңгуір күрт азайып кеткендіктен Қазақ­станның «Қызыл кітабына» ен­гізі­ліпті.

Катонқарағай ұлттық паркі­нің аумағы ерекше қорғалатын­дықтан, сиреп кеткен жануар­лардың өсімі байқалады. Ендеше, Алтайға оралған екі құстың да саны артары анық.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы